«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕН АСҚАН АБЫРОЙ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде қоғаммен санасатын және оның барлық талап-тілектеріне жауап беретін озық мемлекет құру міндетін қойды. Өз сөзінде: “Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады. Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз”, – деп атап көрсетті.

2022 жылы сәуірде Президент “Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы” Жарлыққа қол қойып, басқарушылық жауапкершілікті айқындап берді. Жарлықта қарастырылған жүйелі және қолданбалы шаралар кешенінің жүзеге асырылуы мемлекеттік аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдатары, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқартары, дербес жеке жауапкершілікті арттырары сөзсіз. Президент халыққа арнаған “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс беру қажеттігін айтты. Еліміздегі мемлекеттік қызмет қоғамдық процестерді реттеуге, мемлекеттің тұтастығын және азаматтардың мүдделерін іске асыруды қамтамасыз етуге арналған. Бұл орайда мемлекеттік қызмет үшін имидж маңызды функционалдық және мәртебелік мәнге ие. Мұны халықтың оған деген сенім деңгейінің көрсеткіші және басқарушылық қызметтің тиімділігі, мемлекет жүргізетін өзгерістерді қоғамның бағалау өлшемі десек те болады. Мемлекеттік органдар нақты әлеуметтік топтар және жалпы қоғам көңіл күйі мен әлеуметтік ахуалдың барометрі іспеттес. Олар мемлекеттік билік органдарына қатысты мінез-құлық қарым-қатынасын, реформалық бағдарламалар мен жаңашыл бастамаларды, қоғамдық қолдау дәрежесін айқындайды. Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшілердің оң имиджі осындай іс-әрекеттер барысында қалыптасып, әлеуметтік институттардың тиімді жұмыс істеуінің алғышартына айналады.

Мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру – күрделі де ұзақ процесс және де атқарушы биліктің имидждік саясатымен тығыз байланысты. Оған қойылатын негізгі талаптар Әдеп кодексінде нақты белгіленген. Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатындықтан, адамгершілік, моральдық-әдептілік бейнесіне айрықша талаптар қойылады. Мұндай құрметке жоғары моральдық жауапкершілігі, белсенді өмірлік ұстанымы бар, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана білетін, шынайы, адал, патриоттық сезімі қалыптасқан мемлекеттік қызметшінің ие болары анық. Біздің міндетіміз көпжылдық, адал, шынайы еңбегімен және беделімен басқаларға, әсіресе жас буынға үлгі көрсетіп жүрген мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу және ынталандыру болып табылады. Олардың қатарында есімдері мақтанышпен аталатын жерлестеріміз аз емес.

Гүлнәр Мырзақанованың жоғары техникалық білімі бар. Еңбек жолын 1985 жылы Смирнов элеваторында қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженерліктен бастап, еңбек инспекциясы басқармасында еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің бас маманы қызметін атқарған. Қазір оған мемлекеттік еңбек инспекторы ретінде мемлекеттік бақылауды, еңбек қатынастары саласындағы саясатты іске асыру, қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ету құзыреті жүктелген.

Юлия Мигачева – білікті заңгер. Облыс әкімінің аппаратында хатшы-машинист, жалпы бөлімнің нұсқаушысы, ақпараттық технологиялар және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бөлімінде бас маман болған. 2021 жылдан бері цифрлық технологиялар басқармасы ақпараттандыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мониторингі бөлімінің жетекшісі. Ол жаңа ақпараттық технологияларды, деректер базасын енгізу, облыс әкімдігінің ақпараттық инфрақұрылымын дамыту және оның жұмыс істеуін бақылауды жүзеге асырады. “Цифрландыру, ғылым, инновациялар және технологиялық серпіліс” ұлттық жобасы аясында толық цифрландыруға көшу үшін реинжиниринг және артық бизнес-процестерді, ақпараттық жүйелерді біліктілікпен қолдана отырып, мемлекеттік қызмет көрсету саласында және жергілікті атқарушы органдарда электрондық құжат айналымының қолжетімділігін, электрондық форматқа көшіру бойынша іс-шараларды ұйымдастырады.

Ләззат Жүкенова біраз жыл Жамбыл ауданының Сәбит Мұқанов кеңшарында экономист болып еңбек еткен. Сосын мемлекеттік қызметке ауысқан. 2012 жылдан бері облыс әкімінің аппаратында қызмет етеді. Қазір персоналды басқару қызметінің бас инспекторы. Оның функционалдық міндеттеріне өңірдегі кадр саясатын іске асыру, персоналды басқару стратегиясын әзірлеу, еңбек заңнамасы мен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі шектеулерді сақтау, барлық деңгейдегі басшыларға қолдау көрсету, облыстық және аумақтық атқарушы органдармен, аудан және қала әкімдерінің аппараттарымен, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен және оның аумақтық бөлімшесімен өзара іс-қимылды үйлестіру жатады. Өңірдегі кадр жұмысының жай-күйін зерделеу және талдау, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің таза ауысымдылығына мониторинг жүргізу, анықталған проблемаларды шешу бойынша талдамалық материалдар мен ұсыныстар дайындау, оларды аппарат басшылығына ұсыну, “Е-қызмет” интеграцияланған ақпараттық жүйесінде облыс әкімі аппаратының және басқармалардың қызметкерлері бойынша кадрлық іс жүргізуді уақытылы және толық жүргізуді қамтамасыз ету міндеттері де Ләззат Жүкеноваға жүктелген.

Тұтастай алғанда, жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерінің басым көпшілігі өздеріне жүктелген тапсырмалар мен міндеттерді адал орындап, өңір ғана емес, жалпы елдің дамуына өз үлестерін қосып келеді.  Оларға адалдық пен тәртіптілік, талдау және дұрыс шешім қабылдау қасиеттері тән.

Сейілхан СЕРІКБАЕВ,

 облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp