Өңірімізде биыл 3 мыңға жуық тұрғын қайтыс болса, соның шамамен әрбір үшіншісі қан айналымы және тыныс алу жүйесі ауруларынан көз жұмған. Бұл – ресми статистикалық мәлімет. Мамандардың айтуынша, ауаның зиянды заттармен ластануы денсаулыққа кері әсер етіп, өкпенің қабынуы, демікпе, туберкулез, жүректің ишемиялық ауруы, қан қысымының жоғарылауы сияқты дерттерді тудырады. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің коммуналдық нысандарды бақылау және қадағалау бөлімінің жетекші маманы Айгүл Мұрталимованың айтуынша, қоршаған ортаның жағдайы барлық әсер етуші зиянды факторлар жиынтығының орта есеппен 25-30 пайызын құрайды.
“Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті облыс бойынша ұлттық сараптама орталығының филиалы тұрақты негізде облыс аудандарының және Петропавл қаласының атмосфералық ауасына мониторинг жүргізеді. Тексеріс барысында кәсіпорындар шығаратын 19 зиянды затты, оның ішінде қауіптілігі І-ІІ санатқа жататын 4 ингредиентті анықтау үшін ауа сынамалары алынады. Облыс аумағында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар жоқ, сондықтан атмосфералық ауа салыстырмалы түрде таза. Өңірде атмосфералық ауа негізінен Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығы шығарындылары және автомобиль түтіні арқылы ластануы мүмкін”, – дейді Айгүл Мұрталимова.
Биылғы жарты жыл ішінде өңірде 7,6 мың сынама алынып, зерттелді, соның жетеуі талапқа сай болмай шыққан. Қауіптілігі II-IV санатқа жататын көміртегі оксиді мен фенол қалада шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кеткен.
Атмосфералық ауаның ластануы бүгінгі күннің ең маңызды мәселелерінің бірі болып отыр. Ауаны ластайтын заттар адамның денсаулығына әртүрлі әсер ете отырып, көптеген ауруларды тудырады. Мысалы, сұйытылған газы бар ауамен қысқа уақытқа дем алу жүректің ишемиялық ауруын тудыруы мүмкін. Тыныс алу жүйесі ауруларының шамамен 20 пайызы және қан айналым жүйесі ауруларының 10 пайызы атмосфераның ластануымен тікелей байланысты. Автомобиль түтінімен, сондай-ақ көмір жағатын кәсіпорындардың шығарындыларымен ауаға ұсақ лас бөлшектер таралып, бұл адамның қан ұйығыштығын жоғарылатады және қанайналым жүйесінде тромбтардың пайда болуына әкеледі”, – дейді маман.
Оның айтуынша, қалаларда автокөліктердің артуы ластаушы заттар шығарындыларының тұрақты өсуіне әкеліп, үлкен проблемаға айналған. Экологияны қорғау жөніндегі шаралардың даму қарқыны қалаларда автокөлік пен өнеркәсіптің даму қарқынынан артта қалып отыр. Атмосфералық ауаны ластаушы заттардың арасында көміртегі тотығы немесе улы газ бірінші орында тұр, ол ауаға тарайтын зиянды заттардың жалпы көлемінің шамамен 30 пайызын алады екен.
Адам ағзасына тау жыныстарының, топырақтың шаңымен, күлдің ұсақ бөлшектерімен қаныққан ауа тікелей әсер етіп, зиян келтіреді. Жыл сайын жер атмосферасына жалпы мөлшері 2 млрд. тоннаға жуық шаң түседі, соның ішінде антропогендік аэрозольдер 10-20 пайызды ғана құрайды. Шаңды ауаны ұзақ уақыт жұтқан адамдар мен үй жануарларында шаңды пневмония деп аталатын ауру дамиды.
Жанама зиянды әсерге қалалардағы ауаның шаңдануы жатады. Салдарынан ультракүлгін сәулелердің түсуі айтарлықтай төмендейді. “Бұл қалалық жерлерде ауада ауру тудыратын бактериялардың көбеюіне әкеледі. Шаңды ауада су конденсациясы ядроларының саны күрт артады. Ірі қалаларда тұманды және бұлтты күндердің көп болу себебі – осы”, – дейді Айгүл Мұрталимова.
Көміртегі тотығының рұқсат етілген концентрациядан асуы қан тамырларының қабырғаларында липидтердің жиналуына әсер етеді, салдарынан қанның өтуін нашарлатып, адам ағзасындағы физиологиялық өзгерістерге әкеледі. Оған көміртегі тотығының гемоглобинмен оңай қосылатын қасиеті бар ерекше агрессивті газ екендігі себеп.
“Қосылыс кезінде карбоксигемоглобин түзіледі, салдарынан адамның көру өткірлігі нашарлайды, уақыт аралығының ұзақтығын бағалау қабілетінен айырылады, мидың кейбір психомоторлық функциялары бұзылып, жүрек пен өкпе қызметінің өзгеруіне, бас ауруына, ұйқышылдыққа, құрысулар мен тыныс алудың бұзылуына соқтырады. Денсаулыққа әсер ететін жағымсыз факторлардан, ластанған атмосфералық ауадан, соның ішінде автомобиль көлігінен шығатын иістен демалып, сақтану үшін табиғатта, орманда, су қоймалары жанында, таза ауада жиі серуендеу керек”, – дейді Айгүл Мұрталимова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.