«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауаның ластануы – сан ауруға себеп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде биыл 3 мыңға жуық тұрғын қайтыс болса, соның шама­мен әрбір үшіншісі қан айналымы және тыныс алу жүйесі ауруларынан көз жұмған. Бұл – ресми статистикалық мәлімет. Мамандардың айтуынша, ауаның зиянды заттармен ласта­нуы денсаулыққа кері әсер етіп, өк­пенің қабынуы, демікпе, туберку­лез, жүректің ишемиялық ауруы, қан қысымының жоғарылауы сияқ­ты дерттерді тудырады. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық ба­қылау департаментінің коммунал­дық нысандарды бақылау және қа­дағалау бөлімінің жетекші маманы Айгүл Мұрталимованың айтуынша, қоршаған ортаның жағдайы барлық әсер етуші зиянды факторлар жиын­тығының орта есеппен 25-30 пайызын құрайды.

“Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті облыс бойын­ша ұлттық сараптама орталығының филиалы тұрақты негізде облыс аудандарының және Петропавл қаласының атмосфералық ауасына монито­ринг жүргізеді. Тексеріс барысында кәсіпорындар шығаратын 19 зиян­ды затты, оның ішінде қауіптілігі І-ІІ санатқа жататын 4 ингредиентті анықтау үшін ауа сынамалары алы­нады. Облыс аумағында ірі өнер­кәсіптік кәсіпорындар жоқ, сондық­тан атмосфералық ауа салыстыр­малы түрде таза. Өңірде атмосфе­ралық ауа негізінен Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығы шыға­рындылары және автомобиль түтіні арқылы ластануы мүмкін”, – дейді Айгүл Мұрталимова.

Биылғы жарты жыл ішінде өңір­де 7,6 мың сынама алынып, зерт­телді, соның жетеуі талапқа сай бол­май шыққан. Қауіптілігі II-IV санатқа жататын көміртегі оксиді мен фенол қалада шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кеткен.

Атмосфералық ауаның ласта­нуы бүгінгі күннің ең маңызды мәсе­лелерінің бірі болып отыр. Ауаны ластайтын заттар адамның денсау­лығына әртүрлі әсер ете отырып, көптеген ауруларды тудырады. Мы­салы, сұйы­тылған газы бар ауамен қысқа уақытқа дем алу жүректің ишемия­лық ауруын тудыруы мүмкін. Тыныс алу жүйесі ауруларының шамамен 20 пайызы және қан айналым жүйе­сі ауруларының 10 пайызы атмо­сфераның ластануымен тікелей байланысты. Автомобиль түтіні­мен, сондай-ақ көмір жағатын кәсіп­орындардың шығарындыларымен ауаға ұсақ лас бөлшектер таралып, бұл адамның қан ұйығыштығын жоғарылатады және қанайналым жүйе­сінде тромбтардың пайда бо­луына әкеледі”, – дейді маман.

Оның айтуынша, қалаларда авто­көліктердің артуы ластаушы заттар шығарындыларының тұрақ­ты өсуіне әкеліп, үлкен проблемаға айналған. Экологияны қорғау жө­ніндегі шаралардың даму қарқыны қалаларда автокөлік пен өнеркә­сіп­тің даму қарқынынан артта қалып отыр. Атмосфералық ауаны ластау­шы заттардың арасында көміртегі тотығы немесе улы газ бірінші орын­да тұр, ол ауаға тарайтын зиянды заттардың жалпы көлемінің шамамен 30 пайызын алады екен.

Адам ағзасына тау жыныстары­ның, топырақтың шаңымен, күлдің ұсақ бөлшектерімен қаныққан ауа тікелей әсер етіп, зиян келтіреді. Жыл сайын жер атмосферасына жал­пы мөлшері 2 млрд. тоннаға жуық шаң түседі, соның ішінде ан­тропогендік аэрозольдер 10-20 па­йызды ғана құрайды. Шаңды ауаны ұзақ уақыт жұтқан адамдар мен үй жануарларында шаңды пневмония деп аталатын ауру дамиды.

Жанама зиянды әсерге қалалардағы ауаның шаңдануы жатады. Салдарынан ультракүлгін сәулелер­дің түсуі айтарлықтай төмен­дейді. “Бұл қалалық жерлерде ауа­да ауру тудыратын бактериялардың көбеюіне әкеледі. Шаң­ды ауада су конденсациясы ядро­ларының саны күрт артады. Ірі қала­ларда тұманды және бұлтты күн­дердің көп болу себебі – осы”, – дейді Айгүл Мұрталимова.

Көміртегі тотығының рұқсат етіл­ген концентрациядан асуы қан тамырларының қабырғаларында липидтердің жиналуына әсер етеді, салдарынан қанның өтуін нашарлатып, адам ағзасындағы физиоло­гиялық өзгерістерге әкеледі. Оған көміртегі тотығының гемоглобинмен оңай қосылатын қасиеті бар ерекше агрессивті газ екендігі себеп.

“Қосылыс кезінде карбоксиге­моглобин түзіледі, салдарынан адамның көру өткірлігі нашарлай­ды, уақыт аралығының ұзақтығын бағалау қабілетінен айырылады, мидың кейбір психомоторлық функция­лары бұзылып, жүрек пен өкпе қызметінің өзгеруіне, бас ауруына, ұйқышылдыққа, құрысулар мен тыныс алудың бұзылуына соқты­рады. Денсаулыққа әсер ететін жа­ғымсыз факторлардан, ластанған атмосфералық ауадан, соның ішін­де автомобиль көлігінен шығатын иістен демалып, сақтану үшін таби­ғатта, орманда, су қоймалары жанында, таза ауада жиі серуендеу керек”, – дейді Айгүл Мұрталимова.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp