«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АШЫЛМАҒАН АҚИҚАТТАР КӨП ӘЛІ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ес білгелі жүрегімді сыздатып келе жатқан сауалдың нүктесін қойғым келеді.  Сонда ғана әкеме деген құрметім еселеніп, ата-бабаларымның алдындағы міндетімді орындайтындаймын. Биыл сол тілегімді жүзеге асырудың сәті түсіп, Мәскеуден Петропавл қаласына жол тарттым. Қазақстанның солтүстігінде орналасқан қала атам мен әжемнің және әкемнің кіндік қаны тамған жер.

Арғы аталарымыз Донецк облысына қарасты Таганрог ауданының Федоровка елді мекенінде тұрған. Столыпиннің аграрлық реформасына іліккен үлкен ата-әжеміз Ева мен Людвик Нельде тоғыз баласын алып, қазақ топырағына табан тірейді. Олардың елу жастың ортасына келіп қалған шағы екен. Карл, Густав, Матильда, Мария, Фредрих, Роберт, Людвиг, Иоганн, Катерина деген балаларымен бірге мал-жан, құрал-сайман артылған Столыпиннің вагонына отырып, 1907 жылы Қазақстанға жеткен. Патша үкіметі “келімсектерді” қазақ жерінде әл-ауқаттарың артып, жақсы өмір сүресіңдер деген уәдеге сендіреді. Өкініштісі, бәрі Людвик Нельденің ойлағанындай болмайды. Балалары репрессияға ұшырап, кеңес үкіметінің озбыр саясатынан зардап шегеді.

Людвик Нельде отбасымен Қызылжар ауданындағы Новоалександровка ауылына қоныстанған. Бөренеден үй салып, жақсы өмірге ұмтылады. Неміс ұлтының еңбекқорлығы, ұқыптылығы, жинақылығы көпке белгілі ғой. Сол қасиеттер үлкен ата-әжемнің бойынан да табылады. Әкем  жергілікті халық, яғни қазақтар Нельде әулетін жылы қабылдағанын айтып отырады.  Сырттан келгендерге құнарлы жерлерін тартып алып беріп жатса да қазақтар басқаларға көмек қолын созудан тартынбаған. Әкем анасының “қазақтар болмаса, біздің аман қалуымыз екіталай еді”, – деп айтқанын жиі еске алады. 

Қызылжар өңірінде Ева мен Людвиктің балалары үйленіп, тұрмыс құрып, еңбек етіп, әулеттің өрісі кеңейе бастайды. Людвигтің өзі 1915 жылы өмірден озған, ал Ева 1930 жылы бақиға аттанды. Балаларының бірі – ұста, енді бірі – мұғалім, бірі – бухгалтер, бірі тракторист болып, нәпақаларын адал еңбектен тауып, ешкімнен кем болмай тірлік кешкен. Бір баласы Бакуде оқып, кейін Михайловка ауылындағы кеңшардың басшысы болды.  Елде ұжымдастыру басталған кезде біріншілердің қатарында бар мүлкін ортаға салып, белсенділік танытқан да осы әулет. Сол кездегі кеңшардың атауы “Колос” болыпты.

Ел басына туған қасіретті жылдар Нельде әулетін де айналып өтпеді. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында орын алған ашаршылық кезінде қыздары Катерина жұбайы екеуі қайтыс болады. Олардың жетім қалған жеті баласын аға-апалары бөліп алып, бауырларына басқан.

Ата-бабамның неміс ұлтынан екендігі тырнақ астынан кір іздеушілерге басты себеп болған. Әйтпесе қарапайым күнкөрістің қамымен ғана жүрген отбасыларға айып тағу қисынсыз еді. Үлкен атамның аты-жөнінің (Фредрих Людвигович) Федор Лукьяновичке өзгертілгені де солақай саясаттың кесірі еді. Басқа бауырлары да аты-жөндерін өзгертіпті. Бұл өзгерістер олардың өмір жолдарын білгісі келген маған қиындық тудырды. 

1936 жыл біздің әулет үшін қасіретті болған. Онсыз да ғұмырлары қиындықпен өрілген Нельде әулетінің шаңырағына бір күнде қайғы-қасірет келеді. Түннің бір уағында кіріп келген НКВД-ның “қара шекпенділері” Фредрих Людвиговичтің де тыныштығын бұзған. Сол жолы оның үш ағасы және әпкесі күйеуімен бірге тұтқынға алынады. Карлды біраз уақыт таба алмай жүрген, ал мектеп директоры қызметін атқарған Людвигті жайына қалдырған. Тұтқындалғандардың кінәсін дәлелдей алмағандықтан ба, сот процесі бір жылға созылады. Көшіп келген жылы әкелері салған ағаш үйде Нельде балаларын айыптау соты жүргізіледі.

Бауыры Марияның “Біз кеңшарды көтеру үшін аянбай еңбек еттік. Қай-қайсымыз болмасын сыйлы болдық. Бар байлықты кеңшар өкілдерімен бөлістік. Неге біз енді жаман болып отырмыз”, – деп назаланғаны әкемнің есінде қалыпты. Үлкен атама тағылған айып мынау: ол тұтқындалудан бір жыл бұрын кеңшардың бір атын өз шаруасына пайдаланып, зорықтырып өлтіріптімыс. Ауылдастары атамды қорғап, бұл айыптың жалған екенін айтады.  Бірақ НКВД-ның құрығына бір іліккен адамның одан босап шығуы екіталай еді. Ағайынды Нельделерге тағылған айыптар ұқсас, кеңеске қарсы үгіт және насихат жүргізу мен ұйымдық контрреволюциялық қызмет баптары. Он жыл хат алмасу құқықтарынан айырылып, Ресей жеріндегі түрмелерге жіберілген.

Қуғын-сүргін жылдары немістер ғана емес, көп ұлт жапа шекті. Қазақтың қаншама маңдайалды зиялылары атылды, түрмеге қамалды. Оның барлығы тарихтың ақтаңдақ беттерінде жазылған. Зұлмат заман болды ғой. Тұтқынға түскен қаншама адам әділдіктің түбіне жете алмай, жазықсыздан-жазықсыз “халық жауы” атанды. Менің ата-бабаларым ату жазасына кесілмей, барлығы он жылға еңбек лагерьлеріне жіберілген. Олардың қатарында азапты жылдарды артта қалдырып, отбасымен аман-есен қауышқандар да, лагерьде ажал құшқандар да, із-түссіз жоғалып кеткендер де бар. Аман оралғандардың бірі – үлкен атам Фредрих.

Әкем өз әжесінен естігендерін бізге айтып беретін. Жұбайының жұқа киінгенін көрген әжем ұлы Виктордың қолына малақай ұстатып, “әкеңе апарып бер”, – дейді. Әкесіне жүгіріп жеткен баланы күзетшілердің бірі мылтықпен ұрып, итеріп жібереді. Жеткіншек жерге құлап, қолы кісендеулі әкесінің артынан жылап қала берген екен.

Үлкен атам інісі Робертпен бірге Магаданға жер аударылған. Жүрек талмасы бар бауыры көп ұзамай қайтыс болады. Ал Фредрих Людвигович он жыл жазасын толықтай өтеп, соттың тағы бес жыл сол жерде жұмыс істеу талабын орындайды. Магаданның бір моншасында киімжай қызметшісі жұмысын атқарған.

Фредрих түрмеде отырған кезде отбасынан еш хабар алмайды. Түрмеден босатылған соң, өзі кеткенде Қазақстанда қалған отбасына хат жазады. Сауаты жоқ әжесіне сол хатты оқып, жауап жазған әкем болыпты. “Екі ұл Пермь өңіріндегі еңбек лагерінде. Мені де еңбек лагеріне жіберген еді, денсаулығыма байланысты босатып, Қазақстанға қайтып оралдым. Сенің амандығыңды біліп,  қатты қуанып жатырмыз. Роберт деген немерең бар”, – деген сәлемдеме жаздырады.

Фредрих Нельде қанша қиындық көрсе де мойымай,  1988 жылы тоқсан жасында өмірден озды. Ал үлкен әжеміз 68 жасында қайтты. Ольга Андреевна екі ұлының соңынан іздеп барып, олармен бірге Магадандағы жұбайын күтіп алып, 1952 жылы бәрі бірге қауышып, Уралда дәм-тұзы таусылғанша өмір сүрген.

Менің әкем – әжесінің бауырында өскен бала. Әжесімен Ресейге кеткен кезде небәрі он жаста болыпты. “Әжем екеуміздің қасымызда үнемі форма киген адамдар жүрді. Бізді сыз тартқан тас бөлмеге әкеліп отырғызып қойды. Жертөле сияқты, терезесі биік. Содан кейін олар бізді  пойызға отырғызып, онда да ұзақ жол жүрдік. Соңында әкем келіп, бізді алып кетті”, – дейді әкем Роберт.

Әжем Ольга еңбек лагерінде жүрген балаларына жеңілдік болсын деген ниетпен соңдарынан барған. Немересі Робертті де отбасы, бала-шағасы бар дегенді желеу етіп, анасынан айырып әкеткен сияқты.

Әкемнің анасы Қазақстанда қалып, екінші рет тұрмысқа шығады. Атам мен әжем сол 1942 жылдан кейін бір-бірін көрмепті. Жағдай тұрақталғаннан кейін әкем анасына жиі барып тұрған. 1972 жылы мені де өзімен ерте келіп, әжеммен таныстырды. Қазақ жерінің топырағын алғаш рет басқандағы сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Әжем кейін балаларымен бірге Германияға көшіп кетті де сол жақта 2003 жылы қайтыс болды. Атам Ресей жерінде 2001 жылы өмірден озды.

37 жылдардағы қуғын-сүргін бір әулеттің ұйыған шаңырағын тас-талқан етті. Бұл қасіретті үлкен атам Фредрих Нельдемен бірге оның баласы мен немересі де көрді. Тіпті, шөбересі мені де оның ызғары шарпып өтті.

Ғасырдың қойнауында қалған жайттарды қазбалаудың керегі бар ма дейтін шығарсыздар? Мен әлі де әділдіктің соңына жеткім келеді. Бір әулеттен жеті адам қуғынға ұшырап, олардың әйелдері мен балалары өмірдің қиындықтарын көріп, тағдыр тәлкегіне түсті. Мысалы, менің аталарымнан бөлек, Людвик Нельденің үлкен ұлының баласы Эдуард Карлович те тоталитарлық режімнің құрбаны болды. Ол Магнитогорскіге айдалған. Кеңес үкіметінің адамдары Германиядан құрал-жабдықтар әкелген неміс азаматының сөзін түсіну үшін аудармашы болуын талап етеді де, кейін оған “шетелдің тыңшысысың” деген айып тағады. Осындай негізсіз айыптаулар талайдың өміріне балта шапты-ау.

Қуғын-сүргінге ұшыраған Нельде әулетінің жеті азаматы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының үкімімен 1993 жылдың 3 желтоқсанында ақталған. Енді “халық жауының” әйелі ретінде еңбек лагерінде болған үлкен әжем ақталса деген аяулы тілегім бар.  Солтүстік Қазақстан топырағына табан тіреуімнің бір себебі де осы. Петропавл қаласындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналып қойылған  тақтада Нельде әулетінің жеті азаматының есімі жазылған, соған гүл шоғын қойдым. Олардың есімдерін оқыған кезде көзімнен ыстық жастың қалай сырғып түскенін аңғармай қалдым.

Мен ата-бабамның жүрген жолын іздеп, әділдікке қол жеткізуді бұрыннан армандаған едім. Бірақ отбасылық жайттарға байланысты мақсатыма қол жеткізе алмадым. Бүгінде балаларым өсті, үлкен азамат болды. Іздестіруді қолға алған кезде барлық ақпараттың Қазақстанмен байланысты екендігіне көз жеткіздім. Қазақстан халқы Ассамблеясына хабарласып, ондағы мамандар арқылы Болат Сағындықов басқаратын “Память” қоғамдық бірлестігінің жұмысымен таныса бастадым. Біраз жайттың басы ашылды. Бірлестіктің көмегі көп болды.  Олар қуғын-сүргінге ұшыраған 7630 адамның атын тақтаға қашап жаздыртыпты. Петропавл қаласындағы бірқатар архивтерге баруым қажет екен. Тақтада аты жазылған жетеудің екеуінің тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Кеңестік заманның кесір саясатына ұшыраса да, Людвик Нельде еккен бәйтеректің тамыры кеңге жайылып, бүгінде ұрпағы Қазақстанда, Ресейде, Еуропаның басқа елдерінде бақытты өмір сүруде.  

Жергілікті тұрғындар Петропавл қаласындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналып орнатылған мемориалдық тақтаның орнында бұрын НКВД-ның ғимараты болған деседі. Сол топыраққа қаншама адамның көз жасы мен қаны тамды десеңізші?! Ашылмаған ақиқаттар көп әлі…

Елена НЕЛЬДЕ.

СУРЕТТЕ: Е.Робертовна әкесімен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp