17 тамыз күні сағат 21:45 шамасында “Астана – Петропавл” автожолының 431 шақырымында Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының маңында “Toyota Hiace” автомашинасы мен жартылай тіркемесі бар “MAN” жүк көлігі соқтығысып қалды. Салдарынан екі автокөлік те жанып кетті.
“Toyota Hiace” автокөлігінің 52 жастағы жүргізушісі мен оның 54 жастағы жолаушысы, екеуі де Астана қаласының тұрғындары – жол-көлік оқиғасы болған жерде көз жұмды. “MAN” жүк көлігінің 43 жастағы жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылды. Жол-көлік оқиғасы фактісі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиға орны мен көліктер мұқият тексеріліп, барлық мән-жайды зерделеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.