Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ”Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы” АҚ-ның жаңғырту және қайта құру нысандарына баспасөз турын өткізді. Шара ”Тарифті инвестицияға айырбастау” тарифтік саясатын іске асыру шеңберінде табиғи монополия субъектілерінің тарифтерді көтеруден түскен қаражатты мақсатты пайдалануы, сондай-ақ инвестициялық бағдарламаларды іске асыру мен активтерін жаңғырту барысын ақпараттандыру үшін ұйымдастырылды.
Компания қызмет көрсететін аумақ – 44,741 мың шаршы километр, оған 384 елді мекен кіреді. Кәсіпорын Петропавл қаласы мен Аққайың, Есіл, Мамлют, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Қызылжар, Тимирязев және Шал ақын аудандарының тұтынушыларын электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Шара барысында департамент басшысы Дамир Тоқтамысов қатысушыларға компанияның “Тарифті инвестицияға айырбастау“ тарифтік саясаты бойынша мүмкіндіктері мен міндеттерін атап көрсетті. Компанияның 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы қосымша құн салығынсыз 2438,2 млн. теңгеге ұлғайтылып, биыл 10 667,97 млн.теңгені құрап отыр. Жаңғыру жұмыстарынан бөлек, кәсіпорынның өндіріс жөніндегі мамандарының еңбекақысы 181 968 теңгеге дейін.
Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап электр энергиясын тасымалдау тарифі 10,2 пайызға (0,52 теңге/кВт/сағ) өсті. Қазіргі тариф – 5,60 теңге/кВт/сағ.
Компанияның биылғы инвестициялық міндеттемелері Петропавл қаласындағы кабельдік және әуе желілерін қайта жаңартуға бағытталып отыр. Петропавл қаласы бойынша екі трансформаторлық қосалқы стансаның ғимараты қайта жөнделуде және алты стансаның шатыры жаңартылуда.
Журналистер ат басын тіреген нысандардың бірі – облыстық балалар ауруханасы. Емдеу мекемесі аумағында “СтройЭлектроKZ“ серіктестігі елу жыл жаңартылмаған электр желісін ауыстыруда. Желілердің әбден тозығы жеткен. Бұл кабельден өтетін қуатты ауруханамен қатар 29 жеке және 9 заңды тұлға тұтынады. Жаңартудан кейін тоқты өткізу көрсеткіші әлдеқайда ұлғаятыны сөзсіз. Жоспарлы жұмыс осы айдың соңына дейін толығымен бітуге тиіс.
Жалпы қаладағы желілерді жөндеу жұмысына биыл 1,7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондай-ақ өткен жылғы ауыспалы жобалардан қалған жарты миллиард теңгеге жуық қаражат бар. Бірақ бұл қаражат желілерді жөндеуге жеткіліксіз. Қазіргі таңда қаладағы кабельдердің 90 пайызының тозығы жеткен. Облыс бойынша жағдайды жақсарту үшін 11-17 млрд. теңге қаржы керек.
– 1,7 млрд. теңге болатын инвестициялық жобаларға бүгінде қосымша 150 млн. теңге бөлінді. Уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар бірлесе отырып жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқандығын бағамдайды. Тарифтік смета да назарда. Инвестициялық жобалар толық жүзеге асырылмаса немесе қаржы мақсатсыз пайдаланылса, серіктестік заң жүзінде жауапқа тартылады. Ірі компанияларға 5 млн. теңгеге дейін айыппұл салынады, – дейді департамент басшысы Дамир Тоқтамысов.
Журналистер барған екінші нысан – “Береке“ шағынауданында орналасқан. Қ. Байболов көшесіндегі электр сымдары жаңасына ауыстырылыпты. Бұл учаскеге жақын жердегі жұмыстар әлі де жалғасуда. Ұзындығы 4 шақырым болатын ескірген желі мен 24 баған ауыстырылады. Бір бағанды ауыстыру үшін жарты күн керек. Бұл желіге 1885 жеке және 45 заңды тұлға қосылған.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan“.