Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде қысқы жылыту маусымына дайындық және ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану мәселелері талқыланды.
“Севказэнерго” АҚ-ның жаңадан тағайындалған бас директоры Анатолий Казановский өз есебінде “ақ киімді, денелі, ақ сақалды кәрі құда – қыс келіп, әлек салғанда” ешқандай проблема туындамайтынын жеткізді.
“Жылыту маусымына толық дайын боламыз. Қазір көмір қорын молайтып жатырмыз. №1 мұржаға қатысты кемшіліктер тексеріс кезінде анықталып, түзету жұмыстары жүргізілуде”, – деді Анатолий Антонович.
Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Вячеслав Лукиннің айтуынша, энергетикалық кешен, әлеуметтік сала, тұрғын үй қоры және кәсіпорындар мен мекемелерге қарасты 494 қазандық бар. Олардың 24-і – орталық, 351-і – автономды, 119-ы – жергілікті. Жылыту жүйелеріне 1138 әлеуметтік-мәдени нысан (416 білім беру, 319 денсаулық сақтау, 136 мәдениет ұйымдары), 1400 көпқабатты тұрғын үй қосылмақ. Көмірге деген сұраныс – 618 мың тонна. Қазандықтарды жөндеуге 763 млн. теңге бөлініп, 411 миллионы игерілген. 15 мемлекеттік қазандықтың 12-ін сенімгерлік басқаруға беруге келісімшарт жасалған. “Алтын Солтүстік” серіктестігі Мамлютка қаласындағы орталық қазандықты сенімгерлік басқаруға алғанымен, жабдықтарды тексеру кезінде резервтік қазандықтан ақау табылған. Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы нысандарды жылумен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін сорғы станцияларын сатып алып, орнату міндеті тұр. Конкурс кеш жарияланғандықтан, кестеден қалып қоюы мүмкін. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жылу трассасын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбаған. Тимирязев ауданында екінші қазандықты сатып алу жөнінде келісімшарт жасалмаған. Есіл ауданындағы Явленка кентінде орталық қазандықтың түтін сорғыштарын ауыстыруға 21 млн.теңге бөлінгенімен конкурстық рәсімдердің қорытындысы 19 тамызда ғана белгілі болмақ.
Бюджеттік мекемелерге қажетті 140 мың тонна көмірдің 73 пайызы, тұрғындар үшін 419 мың тоннаның үштен бірі ғана әкелінген. Ғабит Мүсірепов атындағы, Уәлиханов, Есіл және Айыртау аудандарында бұл көрсеткіш мүлдем төмен.
“Петропавл қаласында орталық жылу жүйесіне 106 білім беру, 33 денсаулық сақтау, 29 әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық нысанды қосу жоспарланып отыр. Бұл мекемелердің 41-і дайындық төл-құжат алмады. 5 мектеп автономды түрде жылытылады. Орталық жылыту жүйесіне қосылған 1135 көппәтерлі үйдің 57 пайызы ғана техникалық тұрғыдан әзір.
Қажетті көмірдің жартысы ғана әкелінген. Мүлік иелері басқармалары құрылмаған көпқабатты үйлерде түйткілдер жоқ емес”, – деді Владислав Лукин.
Бабаларымыз “жаз – шанаңды, қыс – арбаңды сайла” деп текке айтпаған. Сондықтан дер кезінде көмір жеткізудің, қазандықтарды ауыстырудың, күрделі жөндеулерді, сенімгерлік басқаруға беру шараларын аяқтаудың, бұл іске ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тартудың, дайындық төлқұжаттарын рәсімдеудің, тарифтерді бекітудің маңызы айрықша.
Облыс әкімі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшылығы және аудан, қала әкімдеріне 1 қыркүйекке дейін әлеуметтік нысандар мен бюджеттік ұйымдардың дайындығын аяқтауды тапсырды. 15 қыркүйекке дейін жылумен жабдықтау көздері, жылу желілері, орталық қазандықтар толық ретке келтіріліп, жаңа оқу жылына дейін әлеуметтік және бюджеттік ұйымдар көмірмен қамтамасыз етілуі қажеттігін атап көрсетті.
Аппарат кеңесінде жерді тиімді пайдалану мәселесі де қозғалды. Биыл өңірде пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 330 мың гектар алқап мемлекет меншігіне өтуге тиіс. Қазір оның үштен бір бөлігі қайтарылды.
Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бақытжан Бекіш пен ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Талғат Наурызбаевтың баяндауларына қарағанда, барлық жер қоры 9,8 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 7,3 млн. гектар. 3 мыңға жуық шаруа қожалығының иелігінде 1,6 млн. (22 %), 878 серіктестікте 5,4 млн. (74 %) гектар жер бар. “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ жергілікті филиалы берген ақпараттар бойынша 2012-2022 жылдар аралығында егістіктердегі құнарлылық бонитетінің мөлшері 11 пайызға, оның ішінде Аққайың (24,3), Ғабит Мүсірепов атындағы (22,2), Тайынша (14,6), Айыртау (13,6) аудандарында кеміп кеткен. Оның басты себебі, ауыспалы егіс жүйесінің дұрыс қолданылмауы, минералдық және органикалық тыңайтқыштардың жеткілікті мөлшерде енгізілмеуі, топырақ құрамын жақсартудың өзге де шараларының жүргізілмеуі. Уәлиханов, Тимирязев, Жамбыл, Тайынша, Ақжар аудандарының фермерлері тыңайтқышты ең аз сатып алғандардың қатарында.
Президенттің заңнама талаптарын бұза отырып, берілген және игерусіз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі тапсырмасына орай құрылған ведомствоаралық кіші топтың белсенді жұмысы атап өтуге тұрарлық. Жыл басынан бері 65,5 мың гектар алқапта 32 тексеру жүргізіліп, 37,9 мың гектарында 23 заң бұзушылық тіркелген. Орын алған олқылықтарды жою туралы 23 шешім қабылданып, 20 еселенген салық мөлшерлемесін салу үшін мемлекеттік кірістер департаментіне жолданған. 163875 мың теңге көлемінде 20 айыппұл төленген. 7 айдың ішінде жоспарланған 110 мың гектар алқаптың 95,2 пайызы мемлекет меншігіне берілген. Маусым айынан бері 44 шаруашылықтан пайдаланылмай жатқан 244,4 мың гектар жерді мәжбүрлеп алып қою бойынша сотқа талап арыздар ұсынылған.
Өкінішке қарай, жер учаскелерін сауда-саттықсыз рәсімдеу фактілері жиі кездеседі. Ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу жөніндегі конкурстарды ұйымдастыру, өткізу талаптарының сақталмауы қатысушылардың ренішін тудырып жатады. Аудан прокурорларының шешімі негізінде былтыр 4731 гектар алқапқа қатысты 18 талап арыз беріліп, 15-і (4511 гектар) қанағаттандырылды. Жергілікті әкімдіктерге қатысты 188 тексеру жүргізіліп, 128 заң бұзушылық анықталды.
Өңір басшысы округ әкімдері мен шаруашылық жетекшілеріне халыққа көмектесу жағын ойластыруды жүктеді.
“Заң нормалары қатаң сақталса, мал бағатын жайылым да, жемшөп те жеткілікті болады. Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау үшін аудан әкімдері жер ресурстарын басқару департаментімен, өзге де мүдделі ұйымдармен бірлесіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстарын жандандыру қажет”,– деді Айдарбек Сапаров.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qaaqstan”.