Баланы қуанту – бір бақыт. Сәбилерімізге қалағанын әперіп, тілектерін орындап, түрлі сыйлықтар жасаймыз. Осы тұста оларды қуанту үшін алып беріп жатқан ойыншықтарымыздың сапасына мән беріп жүрміз бе?
Сұрақтың жауабын білу үшін қаламыздағы ойыншық сататын бірқатар сауда орындарын аралап шықтық. Бала тұрмақ ересектерді қызықтырып, өзіне еріксіз елітетін ойыншықтар дүкен сөрелерінде тізіліп тұр. Самсап тұрған түрлі ойыншықтардың қауіпті-қауіпсізін ажырату қиын. Кейбір дүкендерге кіре бергеннен тынысыңыз тарылып, мазасыз күй кеше бастайсыз. Сапасыз ойыншықтардың жағымсыз иісі тұла бойыңызды тітіркендіріп жібереді. Түрлі дыбыстардан бала тұрмақ ересек адамның жүйке жүйесі сыр бере бастайды. Мұндай дыбыстардың баланың есту қабілетінің төмендеуіне, тіпті құлағы естімей қалуына алып келетінін мамандар әлдеқашан ескерткен. Бірақ та мұндай “күмәнді” орындарда ойыншықтар 2-3 есе арзан, бағасы қолжетімді. Сондықтан кезекте тұрған ата-аналар да, саудасы қызып тұрған саудагерлер де мәз.
“Қызым қуыршақтарды жақсы көреді. Қайда жүрсе де қолынан тастамайды, тіпті бірге ұйықтайды. Ойыншықтың қандай екенін, қай жерде сатылып жатқанына мән бермеймін. Балама ұнаса және бағасы қолжетімді болса болғаны, сапасы, одан шығатын иіс туралы ойланып көрмеппін”, – дейді Ақсәуле есімді жас ана.
Химиялық қоспасы көп заттардан жасалған ойыншықтан бала ағзасының уланып, түрлі дертке ұшырайтынын ойлаудың өзі қорқынышты. Былтырғы жылдың өзінде еліміз бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті балалар ойыншықтарының 1499 үлгісін зерттепті. Тексеру нәтижесінде елге сырттан әкелінетін ойыншықтардың 706 түрінің, яғни 47,1 пайызының “Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы” талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. 5 түрлі ойыншықтан – ксилол, 4 түрлі ойыншықтан – бензол, 3 түрінен – фенол, екеуінен – гептан, 3 түрлі ойыншықтан – формальдегид, 1 ойыншықтан – этилацетат спирті табылған.
Анықталған заң бұзушылықтардың барлық фактілері бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне оны жою туралы ұйғарым берілген. Барлығы 21,5 килограм ойыншық дүкен сөрелерінен алынған.
Мониторинг шеңберінде жүргізілген сараптама нәтижелері сауда орындарындағы көптеген ойыншықтар органолептикалық көрсеткіштері мен таңбалануына, сонымен қатар физикалық факторлар бойынша да талапқа сай келмейтінін анықтаған. Яғни кедір-бұдыры көп, үшкір ойыншықтар жиі кездескен. Бұл өз кезегінде баланы жарақаттануы әбден мүмкін. Ойыншықтар Кеден одағының №008/2011 “Ойыншық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы” техникалық регламенті талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана нарыққа шығалады, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай белгісімен таңбаланылуы тиіс.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, биылғы жылы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты өңірімізде 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында “Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы” техникалық регламент бойынша қадағаланатын ойыншықтардың сапасына бақылау жүргізілмепті.
Сонымен қауіпсіз ойыншықтар қандай болуы керек? “Ойыншық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы” техникалық регламенттің 4-бабында ойыншықтар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар көрсетілген. Ойыншықтарды қолдану кезіндегі тәуекел балалардың жас айырмашылықтарына байланысты болуы керек. 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға табиғи тері, шыны, фарфор, түкті резеңке қолдануға тыйым салынған. Сонымен қатар, ойыншықтарды бұрын қолданыста болған материалдарды қайта өңдей отырып жасауға, қайталама шикізатты пайдалануға жол берілмейді. Ойыншықтар дайындалатын материалдар таза, техникалық регламент талаптарында көрсетілген стандарттарға сәйкес болуы тиіс.
“Ойыншықтардың қорғаныш-сәндік жабыны ылғалды өңдеуге, тер мен сілекейге төзімді болуы керек. Олардың жиектері, ұштары, қатты бөлшектері, серіппелері, бекітуші бөлшектері, саңылаулары, бұрыштары, шығыңқы жерлері, баулары, арқандары, қозғалатын құрамдас бөліктерінің балалардың жарақат алу қатерін болдырмайтынына баса мән беру маңызды. 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтардың алынбалы-салынбалы бөлшектерінің, сондай-ақ ойыншықтарға тікелей бекітілген бөлшектерінің өлшемдері балалардың жоғарғы тыныс алу жолдарына түсуін және олардың тұншығуын болдырмайтындай етіп жасалуы қажет”, – дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Татьяна Горлова.
Ол әңгіме барысында ойыншықты сатып алған кезде қауіпсіздік сертификатын немесе басқа да ілеспе құжаттарды талап етудің маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар өнімнің сапасы мен фирмалық таңбасына зер салу да артықтық етпейді.
Психологтардың айтуынша, ойыншық баланы жан-жақты тәрбиелеу мақсатына пайдаланылады. Оның дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі, белгілі бір мақсаттағы, ойластырылған әрекетке үйретеді, қиялын жетілдіріп, еңбекке сүйіспеншілігін, техникаға қызығушылығын, білуге құмарлығын, аңғарғыштығын қалыптастырады, талғампаздыққа тәрбиелейді, өнерге ынталандырады. Ойыншықпен ойнауға белгілі жағдайда педагогикалық, эстетикалық, гигиеналық, техникалық талап қойылады, сондай-ақ ол баланың жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отыратыны жасырын емес.
Біз тілдескен психолог Жанар Құрмансейітова ойыншықпен ойнау баланың дамуына оң әсерін тигізіп қана қоймай, оның қоршаған ортамен тығыз байланыс орнатуына көмектесетінін алға тартты. “Баланың қалыпты дамуына әсер ететін ойыншықтың да түрі көп. Мысалға, дидактикалық ойыншықтар баланың ойлау қабілетін, дұрыс сөйлеу мәнерін дамытуға, оның білімін, шеберлігін және дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Ойнай жүріп бала затты танып біледі, оның түрін, түсін, көлемін ажыратады, санайды, кеңістік жайлы түсінікпен танысады. Дидактикалық ойыншықтарға бір түсті және түрлі-түсті сақиналардан жасалған конусты күмбездер, бірінің ішіне бірі салынатын әртүрлі тостағандар, бөшкелер, шарлар, матрёшкалар, әртүрлі серіппелі, бұрандалы ойыншықтар жатады”, – деген ол дүкен сөрелеріндегі ойыншықтардың денінің сапасыз екенін, сәбидің денсаулығына айтарлықтай зиян тигізетінін бүгіп қалмады.
Бұл ойды облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері де қуаттап отыр. Биыл аталмыш емдеу мекемесінде ойыншықтардан уланған, жарақат алған бірнеше бала емделіпті.
Бала – бізге берілген аманат. Олардың денсаулығы мен тәрбиесіне ата-ана жауапты. Сәбиім жыламасын деген ниетпен олардың қолына сапасыз ойыншықтың сан түрін ұстатқанымыздан пайда бар ма? Олар біз сыйға тартқан улы ойыншықтармен құмарлары қанғанша, әбден жалыққанша ойнайды. Ал, біздер, ата-аналар балаларымыздың болашағымен “ойнап” жатқанымызды білеміз бе екен?
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.