«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Талпынған жетер мұратқа

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел спортының еңсесін көтеру үшін алдымен ауылдық жерлердегі жағдайды түзеу керек екенін біздің облыс басшылығы ісімен дәлелдеп келеді. Айталық, өңіріміздің орталығынан шалғай жатқан Ақжар ауданында ауыл спортына айрықша көңіл бөлініп отыр. Су жаңа спорт ғимараттары салынып, аймақтың намысын республикалық және халықаралық деңгейде қорғайтын спортшыларға жағдай жасалуда.

Талшық ауылындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі сонау Кеңес одағы тұсында, яғни 1974 жылы ашылған болатын. Сол уақыттан бері талай қиыншы­лықтарды бастан кешті. Тоқырау жылдары қарамағымызда еңбек ет­кен қаншама бапкер қалаға кетті. Бірі Петропавл жаққа ойысса, екіншілері іргеде тұрған Көкшетауға көшіп жат­ты. Десе де туған жерінің тағдырын ойлаған азаматтар елді мекенде қа­лып, ауыл спортын көтеруге ат са­лыс­ты. Өңір экономикасы төмен құл­дилаған тұста да есігіміз жабылма­ды, заман ағымына ілесіп, чемпион­дарды өсіру үшін тапжылмай еңбек еттік. Соның арқасында жеткен же­тістіктерімізбен мақтана аламыз.

“Талапты бала – талпынған құс­тай, құмары қанбас, аспанға ұшпай”, – демекші дарынды жеткіншекте­ріміз биік белестерді бағындырды. Мектебіміз бір орында тұрып қал­май, ілгері қарай қадам басты. Мұны ұжымның арқасы деп білемін. Бүгін­нің өзінде 10 спорт түрінен үйірмелер жұмыс істеп тұр. Бокс, грек-рим, ер­кін және қазақ күресі, волейбол, фут­бол, жеңіл және ауыр атлетика, шаң­ғы спорты, шайбалы хоккейді ерек­ше айтуға болады. Қуантарлық жайт, соңғы жылдары салауатты өмір салтын ұстанушы жандар қатары артты. Мектебімізде ұзын саны 646 бала жаттығады. Тәрбиеленушіле­рі­міз облыс намысын дүбірлі додалар­да абыроймен қорғап жүр.

Өткен мен бүгінгіні салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей. Кезінде пеш­ті өзіміз жағуға мәжбүр болдық, бүкіл ұжымның ынта-жігері мен адалды­ғының арқасында біз тәрбиелену­шілер айналысатын бөлмелерде қа­лыпты температураны ұстап тұра ал­дық. Еңбегіміз зая кетпеді деп есептеймін. Кейін ел экономикасы түзе­ліп, әлеуметтік салаға қаржы бөлін­ген шақта спорт та алға қа­дам басты. Бұдан бөлек, спортшы­ларымыздың ірі жарыстарға қаты­суы үшін демеушілік жасап жүрген түрлі қалталы азаматтардың еңбегін атап өткен жөн.

Ақжар ауданындағы спорт мектебінде қызмет етіп келе жатқа­ныма 40 жылдан асты. Осы уақыт аралығында талай мықты спортшы­ларды даярлап шығардық. Білікті бап­керлердің арқасында олар түрлі жарыстарда топ жарды. Материал­дық-техникалық базамыз нығайған соң, шәкірттеріміз халықаралық дода­лаларда жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастады.

Өз басым еңбек жолымды жат­тықтырушы-оқытушы болып бастап, спорт мекемесінде әлі күнге дейін қыз­мет етудемін. Өткен жылдарға қарасам, еш өкінбеймін. Ізімді басып келе жатқан жас бапкерлер де же­терлік. Қазіргі уақытта 22 жат­тық­ты­ру­шы жұмыс істейді. Басым бөлігі – жоғары санаттағы мамандар. Тәлімгер ретіндегі өмірлік ұстаны­мым “күрес еріксізден – жігерлі, қор­қақтан – батыл, әлсізден – күштіні жа­сай алады” деген ұранға сай келеді.

Мектебіміздің атақ-даңқын бар­ша әлемге танытқандардың қата­рын­да күрестен халықаралық дәре­жедегі спорт шебері Ақан Баймаған­бетов, КСРО спорт шебері Төлеген Қожылдақов, Қазақстанның спорт ше­берлері Дайыр Сербайұлы, Бөле­ген Бейбітхан, ауыр атлетикадан екінші жасөспірімдер Олимпиада­сының қола жүлдегері Жаслан Қа­лиев, биатлоннан әлем чемпиона­тының күміс жүлдегері Ілияс Жұма­новтарды айтуға болады. Жалпы алғанда, Ақжар ауданының балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің жаттықтырушылары 20-дан астам Қазақстан Республика­сының спорт шеберін, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен спорт шеберлігіне үміткер 50 спорт­шыны баптап шығарды. Осыншама шәкіртті тәрбиелеу оңай жұмыс емес екені белгілі.

Соңғы жылдары қысқы спорт түрлерінен жерлестеріміздің асығы алшысынан түсіп жүр. Ақжарлық Александр Герлиц параспортшылар арасында мықтылығын әлемдік аре­на­да дәлелдеді. Ол да – біздің мек­тептің түлегі. Әлі күнге дейін Тал­шықта жаттығады. Биік белестерді бағындыруына біздің мектебіміздің көмегі тигеніне қуаныштымын. Ауданымыздың, облысымыздың мақта­нышына айналған атлеттің алда та­лай жетістіктерге қол жеткізетініне се­німдімін.

Спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Ауылды түрлендірудің, дамытудың бірден-бір жолы да – спорт саласын жаңа биіктерге шығару деп білемін. Мұның жарқын мысалы, біздің ауыл­да үлкен дене шынықтыру және спорт кешенінің ашылуы дер едім. Бұл көп адамды бұқа­ралық спортқа тартуға мүмкіндік бе­реді. Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені жаңа чемпион­дарды тәрбиелеуге септігін тигізеті­ні­не сенімдімін.

Мұхамед ШАПЕНОВ,

Ақжар аудандық балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp