Есіл аудандық ардагерлер кеңесі “Шын жүректен” қанатқақты жобасы аясында үш буын өкілдеріне құрмет көрсетті. Заградовтықтар мәртебелі қонақтарды Мәдениет үйінде жылы шыраймен қарсы алып, облыстық ардагерлер кеңесінің ұрпақтар арасындағы сабақтастықты өзара ұштастыру, тағылымды өнегелерді жас буынға үлгі ету бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдады.
Мерекелік іс-шара басталар алдында Заградовка елді мекенінің күнделікті тіршілігі жайлы бейне-баян көрсетілді. Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Мұқашев форумға қатысушыларды құттықтап, зор денсаулық тіледі.
Бүгінде Заградовка ауылы адам танымастай өзгерген, қазіргі заманғы агроқалашық іспеттес.
“Заградовское” және “Прометей-Агро” серіктестіктерінің жетекшілері Иван Фисенко мен Юрий Шоль өндірісті жаңғыртумен қатар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта қол жеткен жақсы нәтижелер аз емес.
“Мен ауыл шаруашылығы саласында 43 жыл бойы жұмыс істеймін, оның ширек ғасырға жуығын басшылық қызметке арнадым. Әркез сіздердің тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңізге сүйенемін. Оптимистік көңіл-күйлеріңіз ұдайы жігерлендіреді. Жергілікті ардагерлер ұйымы – басты сүйенішіміз”, – деді өз сөзінде Иван Феофанович.
Сахна төріне түрлі салаларда ұзақ уақыт еңбек еткен, бірнеше марапаттардың иегерлері Бердібек Тоқпанов, Нина Тимкина, Владимир Галузин, Иван Никитчик, Екатерина Риттер, Юлия Войцеховская, тағы басқалары шақырылды .
Бердібек Саттарұлы еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, комсомол комитетінің хатшысы, мектеп директоры, ауыл әкімі қызметтерін атқарған. Зейнетке шықса да, қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Ауыл мен мектеп тарихы жайлы танымдық жинақ құрастырып шығарған. Нина Павловнаның өмірі де жастарға үлгі боларлықтай. Бес бала тәрбиелеген ана. Петровка ауылдық округінде құрылған “Петровчанка” вокалды тобының белді мүшесі. Владимир Ильич – Корнеевка ардагерлер кеңесінің төрағасы. Бес кітаптың авторы. Иван Яковлевич Украинада туғанмен, саналы ғұмыры Қазақстанмен тығыз байланысты. Қазақ КСР-дің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері Юлия Ивановнаның атағы бір басына жетерлік, машинамен сүт сауу шебері, коммунистік еңбектің екпіндісі, социалистік жарыстың жеңімпазы. Өндірістегі зор табыстары үшін есімі “Алтын кітапқа” енгізілген. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарын иеленген. Отағасы екеуі гүл өсірумен де айналысады.
Басқосуға Петровка, Корнеевка, Заградовка ауылдық округтерінің әкімдері Оралбек Қоңқабаев, Григорий Зимарев, Берік Төлегенов қатысып, жүрекжарды лебіздерін жолдады. Еңбек ардагерлері Зинаида Кудрявцева мен Владимир Галузин жыр жолдарын арнаса, Тамара Иговцова әуелете ән шырқады.
Татьяна ОКУНЕВА.
Есіл ауданы.