«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒЫЛЫМ НӘРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл аудандық ардагерлер кеңесі “Шын жүректен” қанатқақты жобасы аясында үш буын өкілдеріне құрмет көрсетті. Заградовтықтар мәртебелі қонақтарды Мәдениет үйінде жылы шыраймен қарсы алып, облыстық ардагерлер кеңесінің ұрпақтар арасындағы сабақтастықты өзара ұштастыру, тағылымды өнегелерді жас буынға үлгі ету бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдады.

Мерекелік іс-шара басталар ал­дында Заградовка елді мекенінің күнделікті тіршілігі жайлы бей­не-баян көрсетілді. Одан кейін ау­дан­дық ардагерлер кеңесінің төра­ғасы Төлеген Мұқашев форумға қа­тысушыларды құттықтап, зор ден­саулық тіледі.

Бүгінде Заградовка ауылы адам танымастай өзгерген, қазіргі заманғы агроқалашық іспеттес.

“Заградовское” және “Проме­тей-Агро” серіктестіктерінің жетек­шілері Иван Фисенко мен Юрий Шоль өндірісті жаңғыртумен қатар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да ерекше көңіл бөліп ке­леді. Бұл бағытта қол жеткен жақсы нәтижелер аз емес.

“Мен ауыл шаруашылығы сала­сында 43 жыл бойы жұмыс істеймін, оның ширек ғасырға жуығын бас­шылық қызметке арнадым. Әркез сіздердің тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңізге сүйенемін. Опти­мистік көңіл-күйлеріңіз ұдайы жігерлендіреді. Жергілікті ардагерлер ұйы­мы – басты сүйенішіміз”, – деді өз сөзінде Иван Феофанович.

Сахна төріне түрлі салаларда ұзақ уақыт еңбек еткен, бірнеше марапаттардың иегерлері Бердібек Тоқпанов, Нина Тимкина, Владимир Галузин, Иван Никитчик, Екатерина Риттер, Юлия Войцехов­ская, тағы басқалары шақырылды .

Бердібек Саттарұлы еңбек жо­лын мұғалімдіктен бастап, комсо­мол комитетінің хатшысы, мектеп директоры, ауыл әкімі қызметтерін атқарған. Зейнетке шықса да, қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Ауыл мен мектеп тарихы жай­лы танымдық жинақ құрастырып шығарған. Нина Павловнаның өмірі де жастарға үлгі боларлықтай. Бес бала тәрбиелеген ана. Петровка ауылдық округінде құрылған “Пет­ровчанка” вокалды тобының белді мүшесі. Владимир Ильич – Кор­неевка ардагерлер кеңесінің төра­ға­сы. Бес кітаптың авторы. Иван Яковлевич Украинада туғанмен, са­налы ғұмыры Қазақстанмен тығыз байланысты. Қазақ КСР-дің ең­бек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері Юлия Ивановнаның ата­ғы бір басына жетерлік, машинамен сүт сауу шебері, коммунистік еңбек­тің екпіндісі, социалистік жарыстың жеңімпазы. Өндірістегі зор табыс­тары үшін есімі “Алтын кітапқа” енгі­зілген. Бүкілодақтық ауыл шаруа­шы­­лығы көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарын иеленген. Ота­ғасы екеуі гүл өсірумен де айналысады.

Басқосуға Петровка, Корнеевка, Заградовка ауылдық округте­рінің әкімдері Оралбек Қоңқабаев, Григорий Зимарев, Берік Төлегенов қатысып, жүрекжарды лебіздерін жолдады. Еңбек ардагерлері Зи­наида Кудрявцева мен Владимир Галузин жыр жолдарын арнаса, Та­мара Иговцова әуелете ән шыр­қады.

Татьяна ОКУНЕВА.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp