Президент Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркістанның төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтырудың жолын нақты айқындап берді. Солардың ішінде қоғамда жиі көтерілетін өзекті проблемалардың бірі – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор шекаралық аймақтарды дамыту жайына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы: “Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз”, – дей келіп, “бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет”, – деп атап көрсетті.
Президенттік сайлаудан кейін іле-шала ауылды дамыту мәселесіне арналған Жарлыққа қол қойылып, Үкімет алдағы 5 жылда елді мекендерді өркендетуге басымдық беріп отыр. “AMANAT” партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіруге байланысты бастама көтеріп келеді. Жалпы аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті әлеуметтік өміріне тікелей әсер ететіні анық. Сондықтан шешім қабылдар кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілуі тиіс. Өзім шекаралас қоныста туып-өскендіктен, әрі әлі күнге дейін осында тұрып жатқандықтан, аумақтың мұң-мұқтажы жақсы таныс. Маған сайлауға қатысу туралы ұсыныс түскен кезде бастапқыда қарсы болған едім. Себебі өзімнің жеке кәсібім бар, жұмыс жетерлік, жүктеме көп. Бірақ ойлана келе, депутат ретінде туған ауылыма тигізер көмегім көбірек болады-ау деген оймен облыстық мәслихатқа өз кандидатурамды ұсындым. Жолым болып, өткен жетінші және қазіргі сегізінші шақырылымда “AMANAT” партиясының атынан депутат болып сайландым. Мен алдыма ауылдарды таза ауызсумен қамту міндетін қойып отырмын. Бұл шара партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық Жол картасына да енгізілген.
Өкінішке қарай, бүгінде Ақжар ауданының алты ауылдық округінің тұрғындары құдық суын пайдаланып отыр. Ол тазартылғанымен, ащы, кермек дәмі сезіледі, техникалық суға ұқсас. Жаңа су құбырын тарту мәселесі 2013 жылы талқыланып, екі жылдан соң жобасы жасалған болатын. Бірақ республикалық “Қазсушар” мекемесінің жауапсыздығынан жүзеге аспай қалған. Соған орай бірнеше депутаттық сауал жолдауға тура келді. Солардың біріне Парламент Сенатының депутаты, жерлесіміз, партияласым Ольга Перепечина жауап беріп, мәселені өз бақылауына алды. Қазір жоба сараптамаға жіберілді. Жерлестерімнің сапалы тіршілік көзін тұтынатын, ауылдық округтерге орталықтандырылған су құбырын тартатын күн алыс емес.
Мен өзім “AMANAT” партиясы Ақжар аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясына жетекшілік етемін. Сондай-ақ Жол картасындағы аумақтық даму мәселелері үшін де жауаптымын. Бұған дейін де аудандық филиал жанындағы экономика және өңірлік даму жөніндегі кеңестің құрамында жұмыс істедім. Қазір де екі аудандағы құрылыс, жөндеу, жол құрылысы мәселелеріне жауаптымын. Партиялық бақылау комиссиясы барлық нысандардағы жұмыс барысын қадағалайтыны белгілі. Сондықтан Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстың ешқайсысы біздің назарымыздан тыс қалмайды. Бұған қоса депутат ретінде партия филиалында кесте бойынша азаматтарды қабылдаймын. Олар түрлі мәселелерді қозғайды. Мәселен, Бестерек ауылының тұрғындарын мектептің шатырын ауыстыру жайы көптен бері алаңдататын. Қыста суық болса, жауынды-шашынды күндері төбеден су ағатын. Соның салдарынан жиһаздар бүліне бастаған. Депутаттар корпусы ата-аналармен бірлесе отырып, мәселені шешу жолдарын іздестіріп, тапты. Демеушілердің қаржысы есебінен жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, төбені қаңылтырмен жабу ұсынысы қолдау тапты. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында қалпына келтіруге 94 миллион теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылына дейін толық аяқталады.
Шекара маңындағы ауылдардың әлеуметтік мәселелері жан-жақты қамқорлықты, жіті назар аударуды қажет етеді. Бұл мәселемен де жақсы таныспын. Жеке кәсіпкерлік қызметімде де қиындықтармен жиі кезіктім. Оларға “болашағы жоқ” деген желеумен қаражат “қалдық принципімен” бөлініп келгені рас. Бір қуантарлығы, көптен бері қараусыз, иесіз қалған ғимараттар тәртіпке келтіріліп, бизнеске берілді. Темір жол тұйығы жекенің қолына өтсе де, тұрғындар ол арқылы көмір тасымалдап, игілігін көріп отыр. Өз әріптестеріммен бірлесіп, әлеуеті төмен ауылдарды дамыту мәселесін ұдайы көтеріп келемін. Неге екені белгісіз, Ұлттық экономика министрлігінің Ақжар және Уәлиханов аудандарына қарасты бірнеше әлеуметтік нысандарды қаржыландырудан бас тартқаны түсініксіз. Меніңше, 48 елді мекеннің жартысына жуығының даму әлеуеті төмен екендігі бірінші кезекте ескерілуі керек. Осының салдарынан “Ауыл – ел бесігі”, “Жұмыспен қамтудың жол картасы” мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде кейбір обьектілерді жөндеу қаржыландырылмады. Олардың пайымынша, қос ауданның болашағы жоқ секілді. Мұндай ұстаныммен түбегейлі келіспеймін. Ведомствоның ауылдық округтерді бағалау жүйесінде демографиялық, жағрапиялық, климаттық ерекшеліктер есепке алынбаған. Жобалық-сметалық құжаттамалар дайын болғанымен, қаржылық қолдау жоқ. Мәселен, Қызылту мектебін күрделі жөндеуге 259 миллион теңге қажет. Мұны аудандық бюджет көтере алмайтыны анық. Сондықтан “Ауыл – ел бесігі” немесе “Жұмыспен қамтудың жол картасы” мемлекеттік бағдарламалары аясында қалпына келтірілгенін қалаймыз.
Үкіметтің қаулысымен бекітілген Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары шеңберінде ауылдарды бағалау нормативтерін, мәртебесін қайта қарап, ауылдық елді мекендерді қаржыландыруға деген көзқарасты өзгертпей болмайды. Өйткені дәл осы құжат әлеуетті инвесторлар үшін тартымдылықты арттыруға, көші-қонның теріс сальдосын төмендетуге, облыс азаматтарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндіктер тудырғанымен, жоғарыдағыдай “әттегенайлар” кездесіп қалады. Елді мекендерде ауыл шаруашылығы өндірісі, мектеп, дүкен, Мәдениет үйі жұмыс істеп тұрса, келешегіне күмәнмен қараудың өзі орынсыз. Әсіресе аудан және облыс орталықтарынан қашықта, шекаралас аймақта орналасқан ауылдардың қордаланған мәселелері шешілсе, тұрғындардың өмір сапасы жақсарып, үдере көшпес еді.
Орынбасар ЫСҚАҚОВА, облыстық мәслихаттың депутаты.
Ақжар ауданы.