Тайынша ауданының прокуратурасы пробация қызметі есебінде тұрғандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында оларды сот процесіне қатыстырып, тергеу изоляторына экскурсия ұйымдастырды.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, Тайынша ауданының прокуратурасы сотталғандар арасында тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Солардың бірі – пробация қызметі есебінде тұрғандарды сот процесіне қатыстыру.
Сотта пробация қызметі бөлімінің жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын қасақана бұзғаны үшін сотталғандарға қатысты бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсыныстар қаралды.
Мәселен, бірінші сотталушыда 4 ескерту болған, оның екеуі міндеттерін орындамағаны, біреуі – әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны және біреуі дәлелді себептерсіз мәжбүрлі еңбекті орындаудан жалтарғаны үшін берілген. Сонымен қатар ол екі рет мас күйде ұрлық жасаған.
Екіншісінде бостандығы шектелген жазасын өтеуші міндеттерін орындамағаны үшін 2 ескерту алған, сонымен қатар ол да мас күйде 2 рет ұрлық жасапты.
Сот істерді қарап, сот жүктеген жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзғаны үшін екі ұсынысты да қанағаттандырды. Яғни сотталғандардың екеуіне де бас бостандығын шектеу түріндегі бұрын тағайындалған жазалар нақты бас бостандығынан айыру түріндегі өтелмеген мерзімге ауыстырылды.
Прокурорлардың айтуынша, жазасын өтеушілерді мұндай процестерге қатыстырудың нәтижесі зор. Осыдан кейін есепте тұрғандар қолданыстағы заңнаманың талаптарын бұзбауға тырысады.
Тайынша ауданының прокуратурасы Петропавлдағы тергеу изоляторына қауіп-қатер тобына кіретін адамдарды экскурсияға апарды. Сотталған адамдарды жұмысқа орналастыру да маңызды, осыған орай Халықты жұмыспен қамту орталығы және ауданның пробация қызметі бөлімі бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, 5 сотталушыны жұмыспен қамтыды.
Сондай-ақ аудан прокуроры Тайынша ауданы “Amanat” партиясы филиалында есепке алынған адамдармен оңалту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі бойынша кездесу өткізді, оған ауданның мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Осы кездесуде нәтижелі диалог өтті, мемлекеттік мекемелердің өзара іс-қимылының проблемалық мәселелері талқыланды, сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу бойынша нақты шаралар әзірленді. Мәселен, жылдың басынан бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған 10 сотталушыға біржолғы ақшалай жәрдемақы төленген.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.