«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫНДАРЫН ХАН ҰЛЫНДАЙ КӨРЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айтыс – киелі өнер. Өңірімізде осынау сөз додасының өріс алуына өзіндік үлесін қосып жүргендерді көп деп айта алмаймыз. Солардың бірі жиырма жылға жуық уақыттан бері сахнада жүрген Жұмабек Рахимов. Халықаралық жыршы-термешілер мен айтыскерлер одағының мүшесі жуырда “Құлагер шабыт – сері Ақан” атты республикалық айтыста топ жарып, бас бәйгені жеңіп алған болатын. Өнерпаздың қуанышына құтты болсын айтып, әңгіме-дүкен құрдық.

– Жұмабек Қайыртайұлы, ең ал­дымен арқаны әнмен тербеген Ақан се­рінің туғанына 180 жыл толуына орай Айыртау ауданында ұйым­дастырылған “Құлагер шабыт – сері Ақан” атты республикалық айтыстың бас жүлдесін жеңіп алуыңызбен құттықтаймын! Сіз­дің сөз өнерін жаныңызға серік етіп жүргеніңізге жиырма жылдай уақыт болыпты. Осы жылдар ішін­де аймақаралық, облыстық айтыстарда оза шауып, жүлде алғаны­ңызды ел біледі. Ал республикалық айтыста алған алғашқы бас жүл­деңіз сізді одан сайын шабыттан­дырған шығар.

– Мен үшін басты жүлде – ха­лықтың ықыласы мен ақ батасы. Осы жолғы айтыста бабым мен ба­ғымның келіскенін көрерменнің шуылдап шапалақ соққанынан бай­қауға болады. Айтыс үлкен жауап­кершілік пен еңбекті талап етеді. Ел алдында айтылған әрбір сөзіңе абай болуың керек. Жиырма жылдың ішінде көп­теген жыр додасында бақ сынадым. Облыстық, аймақаралық байқауларда көрерменнің қолдауы­мен, қазылар алқасының оң ше­шімімен алдыңғы қатардан көрініп, бас жүлделерді ұтып алғанымды жер­лестерім біледі деп ойлаймын. Осы жолғы жеңісім – республикалық айтыстағы көрсеткен ең жоғарғы межем десе де болады. Сондықтан да, ел көңілінен шықтым-ау деген ерекше сезім бойымды биледі. Төккен тер, дайын­далған уақыт зая кетпеді Бас жүлде алған сәтте толқып тұрып:

Ағайын, ақтық сынға сен апардың,

Айтыстың жүлдегері мен атандым!

Ақындарды хан ұлындай көтеретін,

Ауылы аман болсын сері Ақанның! – деген едім. Ақындарын ардақтайтын Қызылжар жұрты аман болса әлі талай жүлдегер атанары­мыз хақ.

– Өткенге көз жіберсек, ал­ғаш айтысқа шыққан сәт есіңізде ме? Қолыңызға дом­быра алып, сахнаға көтерілгенде қандай күйде болдыңыз? Өңіріміз­дегі сол кездегі айтыстың ұйымдастырылу деңгейі қалай еді?

– Мен әкемнің қанымен, анам­ның ақ сүтімен бойыма дарыған қабі­летімнің арқасында айтыс өнеріне 5-сыныптан бастап қадам бастым. Олар әрдайым ақ баталарын беріп, шығарып салатын. Есіл ауданын­дағы Өрнек ауылының тумасымын. Ауыл мектебіндегі ұстаздар қауымы ерекше ықылас-ниеттерін білдіріп, же­ңіске жетсем, қуанышыма бірінші бо­лып ортақтасатын. Сахнаға домбы­ра алып шығудың өзі бір ғанибет болатын. “Ат баптаусыз болмайды, қылыш саптаусыз болмайды” дегендей, өнер жолында ақыл-кеңестерін беріп, қолдау білдірген ұстаздарым аз емес. Алғашқы ұстазым келместің кемесіне мініп кеткен Қуаныш Қыды­беков ағай еді. Ол кісіден үйренгенім көп. Сол кездері айтысты ұлттық мерекелерде өткізгені­мен, жас ақындарға айтарлықтай жағдай жасалмайтын. Айтыстың ба­бадан балаға, ама­нат етілген ұлттың сарсүйек төл өнері екендігін ол уақыттары аса бағалай бермегеніміз шындық.

Наурыз мейрамы мен Тәуел­сіздік күніне арналып жылына екі рет облыстық, қалалық деңгейде терме сайысы, айтыс өткізіліп тұратын. Біз оны тағатсыздана күтетін едік. Соң­ғы он жылдың ішінде ұлттық өнеріміз жаңғырғандай, солтүстікте сең бұзылып, билік басындағылар ерекше көңіл бөле бастады. Облыс­тық, республикалық, халықаралық ақындар айтысы тұрақты өткізілуде. Ұлттық өнердің дамуына қол ұшын созу жүрегі елім деп соққан әр адамның міндеті деп білемін. Осы ретте өңірімізде Ерік Асқаров атын­дағы ақындар мектебінің құрылған­дығы қуантады. Қазір бұл мектепке жас дарындар қабылдануда. Біздің оқушы кезімізде дәл осындай жағдай жасалса бағындырған белестеріміз де, жеткен жетістіктеріміз де әлде қайда көп болар ма еді?

– Жыр додасында “Қап, әттеген-ай” дегізген өкінішті сәттеріңіз болды ма?

– Әрине, жарыс болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кез келген қатысушы “жеңем” деген сеніммен келеді. Сондықтан сан со­ғып, “Қап, әттеген-ай” деген сәттер­дің болып тұруы заңдылық.Осы жолғы жыр додасында бірінші жұпта Ақ­мола облысының Ерейментау ауда­нынан келген Ерлан Дәулетпен сөз сайыстырдым. Уақыттың тығыздығына байланысты айтайын деген ойла­рымның көбі айтылмай қалды. Жалпы айтысқа келер бол­сақ, бағасын халық береді. Бұрынғы айтыстарда бармақ тістеп қалатын сәттер жиі кездесетін. Өкін­генмен айтылған сөз атылған оқтай, ештеңе өзгермейді ғой.

– Аламан алдында бағыт-бағдар бе­ріп, ақыл қосатын ағаларыңыз, ұс­таздарыңыз жайында айта кетсе­ңіз.

– 7 сыныпта оқып жүрген кезімде наурыз мейрамына орайластырыл­ған облыстық ақындар айтысы өтті. Аламанға Есіл ауданының атынан қосылып, 3 орынды жеңіп алдым. Мұны жыр бәйгесіндегі алғашқы жеңі­сім десе де болады. Міне сол ай­тыстан кейін Әбу-Досмухаметов атындағы дарынды балаларға ма­мандандырылған гимназия-интерна­тына шақырту алдым. Аталмыш мек­тепке келгеннен кейін Алтай Сұлтан ағайым жетекшім ретінде сан сайыс­тарға салып, шыңдады, Роза Мәжит­қызы апайым анамдай қамқорлық жасады. Сол кездегі мектеп директо­ры Гүлжан Жұмашқызы ақ батасын бе­ріп, әр айтысыма өзі шығарып са­латын. Қазіргі таңда Дәстен Баймұқанов, Қайырлы Ғафуров аға­ларымыз ақыл-кеңестерін беріп, ба­ғыт-бағдар көрсетіп жүр.

– Соңғы жылдары өңірімізде ай­тыс өнерінің ұйымдас­­тырылуы көңіліңізден шыға ма?

– Өңірімізде айтыс өнері қар­қынды дамып келеді. Себебі жоға­рыда айтқанымдай, киелі Қызыл­жарда республикалық, халықаралық ақындар айтысы жиі ұйымдасты­рылуда. Бұрын айтыс көрерменін та­будың өзі қиын болатын. Залды зорға толтыратынбыз. Қазір айтысқа келетін көрерменнің қарасы көп.

– Аламан айтыстардың көрермендерінен бөлек, ақындардың өнерін қазылар ал­қасының саралайтындығы анық. Оларға ренжіген кездеріңіз кез­десті ме?

– Жарыс бар жерде бәсеке де бо­лады. Өнеріңді бағалайтын, сара­лайтын қазылар алқасы екендігі бел­гілі. Кейбір сәтте бабың мен бағың келіскенімен қазылар алқасының оң шешіміне ие болмайсың. Бірақ өне­рімді бағалайтын жандарға көңіл­толмастық білдірген кезім бол­мапты.

– Сіз Қазақстан Республикасы ұлттық ұлан академиясы жанын­дағы мұражайдың басшысысы. Қызметіңіз айтысқа кедергі келтірмей ме?

– Мен сахнада айтыскер болсам, үйде әке, жұмыста қызметкер екен­дігімді естен шығармаймын. Түрлі деңгейдегі додаларға қатысуыма жағдай жасап отырған академия бас­шылығына алғыстан басқа айтарым жоқ. Қызметтен бос уақытымды ізде­нуге, кітап оқып, таным көкжиегімді кеңейтуге жұмсаймын.

– Өңірімізде айтысқа шығып жүрген жас тұлпарларға айтар аға­лық ақыл-кеңесіңіз қандай?

– Диас Аяған, Ақтілек Қайымхан, Дәулет Құрмаш, Ермек Жұма сынды талапкерлердің аяқ алысы, сөз сап­тауы, ізденісі қуантады. Оларға айтарым: өнерге, өлеңге адал болыңдар, ұлттың сөзін сөйлеңдер!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан

Аманжол ЗАҒЫПАР,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp