«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Диқандардың діттегені — мол өнім

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел ырыздығын асыруды  бұлжымас дәстүрге айналдырған өңір диқандары үшін қарбалас шақ туды. Басты мақсат – өнген дәнді ысырапсыз жинап алу.

Астықты аймақта 4,5 миллион гектар егістік алқап бар. Соның 3,2 миллион гектары дәнді және бұршақты дақыл болса, шамамен         1 млн. гектарына майлы дақылдар  отырғызылған. Қалғаны картоп пен көкөніс.

Ала жаздай дала төсінде маңдай терін төгіп, еңбек еткен солтүстіктегі шаруалар биылғы астықтың жайына алаңдаулы. Әлбетте алаңдауға негіз жоқ емес. Агроқұрылымдар үшін көктем жайлы болғанымен, жазда өңірдің кейбір бөлігінде жауын-шашын аз түсіп, аптап ыстық салдарынан құрғақшылық орын алды.

Соған қарамастан егіні ерте піскен “Баянтай”, “Атамекен Агро Корнеевка” сынды серіктестіктерде күзгі орақ қарқын ала түсті.

“Токуши GRAIN” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жомарт Омаров ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымы тұқымға, топырақтың құнарлылығына, тыңайтқыштардың сіңірілуіне, әсіресе жауын-шашынға тікелей байланысты екенін айтып отыр.

– Жаз жауынды болса, көктен иіп, жерден береді. Алайда биыл жаз маусымында жауын-шашын аз жауды. Тіпті өңірдің кейбір аудандарында апталап, айлап тамшы тамбады. Көктемгі дала жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырдық. Ылғал жабудан бастап, алқаптағы арам-шөптермен күрес, минералды тыңайтқыштарды сіңіру жұмыстарының барлығы дер кезінде, мұқият орындалды. Әзірше өнімнің шығымы жайлы айту ерте, – деді серіктестік басшысы.

Аталмыш агроқұрылымға тиесілі 7 мың гектар жер бар. Мағжан Жұмабаев, Аққайың аудандары аумағындағы 6,5 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар отырғызған. Егістік алқаптың 5 мың гектарына бидай егілсе, қалған жерге жасымық, арпа, сұлы тәрізді дақылдар егілген. Шаруашылықтың техника паркіндегі 8 комбайн,  12 жүк тасымалдайтын көлік пен бірнеше трактор жөндеуден өткізіліп, жауапты науқанды ұтымды ұйымдастыруға әзірлік сапына қойылған. Күзгі жиын-терім жұмыстарына 60-қа жуық жұмысшы қатысады. Олардың еңбекақысы атқарған жұмысына қарай төленеді.

Тамыз айының алғашқы күндері жауын-шашынды болғанымен, екінші онкүндікте сынап бағанасы 25-30 градусқа дейін көтерілді. Қазгидромет мамандары өңірде алдағы аптада жауын жауады деп болжауда. Сондықтан диқандар әр күнді тиімді пайдалануға тиіс екені белгілі. Диқандар биылғы күзгі егіс науқанына ерте кірісті. Жаздың ми қайнатар ыстығы көп шаруаға кедергі келтірсе де, еңсесін түсірмеген аграршылар әдеттегі қарқынмен дәнді дақыл алқаптарын шама-шарқыларынша жайқалтып қойды.

Жеріміз құнарлы, тұқым сапалы болғанымен алқаптағы қара топыраққа да күтім керек. Үстіміздегі жылы топырақ құнарлылығын арттыру үшін 200 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіру жоспарланған. Бидайдың бітік, өнімнің мол болуы үшін тұқым жаңарту, жоғары сұрыпты бидай отырғызу жұмыстары да сәйкесінше жүргізілді. Әсіресе Уәлиханов, Қызылжар, Тимирязев аудандарында тұқым жаңарту ісі көш ілгері.

Өңірде биыл күзгі жиын-терім науқанына 13 мың трактор, 7 мыңнан астам комбайн қатыстырылады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, орақ науқанына техниканың дайындығы 97 пайызды құрайды. Осы арада диқандардың материалдық-техникалық базасының жақсарып, машина-трактор паркінің жаңартылуы да бұл тараптағы істі ширата түсуде. Қысылтаяң кезде техникасы жаңа, мықты ауыл шаруашылығы құрылымдары өскен дәнді жерде қалдырмайды. Жыл басынан агроқұрылымдар жалпы құны 40,3 миллиард теңге болатын 1600-ден астам әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.

Еңбек өнімділігін тозығы жеткен техникалар тежейтіні айтпаса да түсінікті. Бүгінгідей қымбатшылық қалтаны қаққан заманда қуатты да өнімділігі өте жоғары техникалар сатып алуға шағын шаруа қожалықтарының  мүмкіндігі жоқ. Болса да, бірен-саран. Бұл өз кезегінде жұмыстың сапасына, еңбектің өнімділігіне әсер етпей қоймайды. Ал тозған техникалармен өлместің күйін кешіп жүрген құрылымдар қаншама? Дей тұрғанмен, ауыл шаруашылығы, саласына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау аз емес. Мәселен облыста аталмыш салаға көрсетілген мемлекеттік қолдау көлемі 63,1 миллиард теңгені құрайды. Оның 19, 6 миллиард теңгесі өсімдік, 9,6 миллиард теңгесі мал шаруашылықтарын дамытуға бөлінді. Дегенмен бұл салада жобаларды субсидиялауға қаражат тапшы. Биыл қажеттілік шамамен 44 миллиард теңгені құрап отыр.

Жанар-жағармай мәселесі ел назарында. Әдетте көктемгі-күзгі дала жұмыстары алдында жанар-жағармай тапшылығы немесе оның бағасы шарықтап кететіні жасырын емес. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан “gosagro.kz” порталына жолданған өтініштері негізінде өңірде дизельдік отынға қажеттілік 58,9 мың тоннаны құрайтынын айта кетуіміз керек. Ал жанармайдың литрін операторлар шамамен 273-277 теңге шекті бағамен сатуда.

Астықты ысырапсыз жинап алудан бөлек, оны сақтау да маңызды мәселе. Облыста 6,8 миллион тоннасы астық сақтайтын қойма бар.  Соның ішінде 3,2 миллион тонна лицензиясы бар қырық сегіз астық қабылдау кәсіпорнына, қалғаны ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі. Жауапты мамандар бұл облыста өндірілген астықтың сақталуын толық қамтамасыз ететінін айтуда. Үстіміздегі жылдың соңына дейін үш ауыл шаруашылығы нысанында сыйымдылығы 22 мың тоннаны құрайтын астық қоймаларының құрылысы аяқталатынын да тілге тиек етсек, артық болмас.  Астықты сақтау өз алдына, оны тиісті бағаға өткізу де оңай шаруа емес. “Қарнымның ашқаны емес, қадірімнің қашқаны қинайды” дегендей, дала төсін түлеткен диқандар бүгінде бидай бағасының құлдырағанына налып отыр. Қазір ішкі нарықта бидайдың тоннасы 80-85 мың теңгеден саудалануда. Бағаның бұлай түсуіне Ресейден келетін арзан бидай себеп болып отыр. Сондықтан шаруалар астық арзан бағада саудаланса, бидайдың өз шығынын өтеу ертең мұңға айнала ма деп қорқады.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp