«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ МЕРЕЙІН АСЫРҒАНДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жексенбі елімізде Спорт күні аталып өтті. Мерекеге орай облыс орталығында салтанатты шара ұйымдастырылып, спортшыларды өңір басшысының атынан  орынбасары Рүстем Құрманов құттықтады.

Биыл солтүстікқазақстандық спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда  көзге түсіп, біразы қанжығажаларын майлап қайтты. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының мәліметінше, теріскейлік саңлақтар өңір командасының қоржынына 400-ге жуық жүлде салды. Ел намысын әлемдік додаларда абыроймен қорғап жүргендерді, сала ардагерлерін облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов құттықтап, өңір басшысының тілек-лебізін жеткізді.

– Өңірімізде жыл сайын жаңа спорттық нысандар бой көтеруде. Биыл да облыстың аудандарында  заманауи дене шынықтыру-сауықтандыру кешендері салынып жатыр. Өңір басшысының тапсырмасы бойынша әлемдік додаларда Қазақстанның атын шығарып, көк Туымызды көкке желбіреткен жерлестерімізге материалдық көмек көрсетілуде. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Биік белесті бағындыра беріңіздер, – деді Рүстем Құрманов.

Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 40 пайызы салауатты өмір салтын ұстанады.  Теріскейде 2951 спорт нысаны, балалар мен жасөспірімдерге арналған 27 мектеп, 25 аулалық және 9 спорттық клуб пен дене шынықтыру дайындығын жүргізетін 11 арнайы мекеме жұмыс істеп тұр.

Спорт күніне орайластырылған шарада бұл саланың дамуына үлес қосып жүргендерге өңір басшысының Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ еңбегі жоғары бағаланғандарға министрліктің арнайы төсбелгілері берілді. Марапатталғандардың қатарында – Шал ақын ауданындағы Алқағаш орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Орман Мұқанов та болды. Биыл білікті маманның шәкірті Сәния Зейкенова бес асықтан Азия чемпионы атанған болатын. Аудандағы және қаладағы балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік спорт мектеп номинациясында Ақжар ауданындағы спорт мектебі мен Петропавлдағы “Барс” мекемесі үздік деп танылды. Ал федерациялар арасында – облыстық велоспорт федерациясы үздік атанды, спорт ардагерлері Смағұл Аманов пен Владимир Барановқа сый-құрмет көрсетілді.

Салтанатты шарада облыс тұрғындарының ашық дауыс беруі арқылы жүзеге асқан байқаудың қорытындысы жарияланды. Осылайша қысқы спорт түрлерінен “Үздік спортшы” аталымында конькиші Инесса Шумекова жеңімпаз атанса, ұлттық спорт түрлері бойынша награда Сәния Зейкеноваға берілді. Жазғы спорт түрлерінен “Үздік спортшы” аталымы балуан Аманғали Бекболатовқа бұйырып, оның жеке жаттықтырушысы Сергей Ямпольский “Үздік бапкер” атанды.

– Биылғы жыл мен үшін сәтті өтті. Клубтық деңгейде де, ел құрамасы сапында да талай жарыстарға қатыстым. Қоржынға алтын, күміс, қола медальдар түсті. Ендігі мақсатым – Олимпиадаға жолдама алып, көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелете шырқату, – дейді Аманғали Бекболатов.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp