«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ерлерді ел ұмытпасын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта қожабергентануға арналған іс-шаралар өткізіліп келеді. Жуырда ғана Бекет Тұрғараевтың ұйымдастыруымен Түркістан облысында “Елім-ай” дастанына арналған үлкен конференция өтті. Жалпы халық, соның ішінде зиялы қауым Қожабергенді жоғары бағалайды. Қожаберген бабамызда баршамызды өзіне тартатын бір күш бар. Ол күш – оның отансүйгіштігі, өмір бойы қазақтың, Қазақстанның бостандығы үшін күресі болса керек.

Қызылжардағы алқалы басқосу Қожабергеннің “Елім-ай” дастанының 300 жылдық мерейтойына арналып отыр. Бұл даңқты дастанда – қиын-қыстау кезең, халқымыздың басынан кешкен тағдыр тауқыметі егжей-тегжейлі баяндалған. Сонымен қатар, қазір Еуразия аталып жүрген аймақтағы көрші империялардың ашық және жабық жүргізген саясатының сырлары, біздің халқымыздың басынан кешірген қасіреті ашық айтылған. Бұл проблемаларға ғалымдар жан-жақты тоқталып, талдау жасайды деп ойлаймын. 

Менің ойымша, бұл жиынның басты, мәні мынада:

Біріншіден, осыдан 300 жыл бұрын біздің Отанымызды, әсіресе отаршылдыққа көп душар болған солтүстік өңірімізді қорғаған халық қаһармандары болғанына жарқын дәлел. Соңдай-ақ: “бұл өңір – біздің жер” деп жүрген көрші елдердің авантюристарына жауап.

Екіншіден, Отан қорғаушыларға арналған осындай форумдардың ұйымдастырылып, өткізілуі үш ғасырдан астам уақыт өтсе де халқымыздың және тәуелсіз Қазақстанның өз батырларын ешқашан ұмытпайтындығын дәттей түседі.

Өзінің әділдігі және мемлекетшілдігімен халқымыздың ерекше құрметіне ие болған академик Салық Зимановтың: “Қожаберген сөз жоқ, Қазақ елі тарихында тұтас бір құбылыс. Ол – қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресін басқарған, ірі де жарқын тұлғалардың бірі. Ол – ұлт ерлігінің символы”,  – деп айтып кеткен өсиетін терең түсініп, осы бағытта нақты тарихи дәлелдерді жариялауды жалғастыра беру керек.

Халықтың қолдауымен Қызылжарға кіре берісте, баһадүр-жырау, көрнекті мемлекет қайраткері Қожабергенге ескерткіш орнатқанымыз – өте дұрыс қадам. Бұл ескерткіш жалғыз Қожабергенге емес, осыдан үш ғасыр бұрын біздің жеріміз үшін, қазақтың бостандығы үшін күрескен қаһармандарымызға арналған. Осы бағытта басқа да аттары ұмыт қалған бабаларымыздың ерлігін жаңғырту қажет. Бұл мәселеде жершілдік, қызғанушылық, рушылдық мүлдем болмауы керек.

Біз екінші дүниежүзілік соғыста фашизмге қарсы соғысқан әкелеріміз бен аталарымызды ұлықтаймыз. Бұл дұрыс. Сонымен қатар 1920-1930 жылдардағы өзінің табиғи құқықтарын қорғаған, халық көтерілістері мен наразылықтарын аяусыз басқан қызыл гвардияшылар мен коммунистерге, саяси қуғын-сүргінді ұйымдастырушыларға қойылған ескерткіштер де, көше аттары да әлі күнге дейін сақталып тұр. Қазақ халқының ұлттық бостандығы мен Қазақстанның тәуелсіздігі жолында ерлік көрсеткен ұлттық қаһармандарымызды құрметтеп, оларға объективті баға беріп, дәріптеуге міндеттіміз.

Жақында Қызылжарда Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Біз қазақтың бостандығы үшін бастарын бәйгеге тіккен Мағжан Жұмабаев пен Смағұл Сәдуақасовты көкке көтеруіміз керек.  Біз түркі халықтарының атынан Мағжанды әлемдік деңгейге көтеруді, мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде тойлауды ұсындық. Бұл мәселе қазақ мемлекетінің, қазақ зиялы қаумының парызы деп санаймын.

Жұртшылық Смағұл туралы әлі де аз біледі, бірақ ғалымдар мен Мемлекеттік комиссияның сарапшылары оны мемлекеттік және саяси қайраткердің эталоны, халқына аянбай, адал қызмет еткен, қазіргі және болашақ жастарға үлгі болатын тұлға деп есептейді. Смағұл Сәдуақасов Голощекин деген жауға жүйелі түрде қарсы шыққан. Өкінішке қарай, қазақ басшыларының көбі Голощекиннің жоспарын қолдап,  халқымыз дертке ұшырады. С. Сәдуақасов сол үшін қудаланды. Мәскеуде 33 жаста белгісіз жағдайда көз жұмды. Жалғыз ұлы соғыста қайтыс болды. Дихан Қамзабек және басқа да зерттеушілер айтқандай, Смағұлдың даналығы, халық алдындағы жауапкершілігі жасына қарамай әріптестері арасында артық болмаса, кем болған жоқ.

Саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарын, оның ішінде Отанымыздың азаттығы жолында күрескен қаһармандарды толық ақтау мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрған арнайы комиссия үш жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Мемлекеттік комиссия алдағы уақытта қаһармандарымыздың жаңа есімдерін жарияламақ.

Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандары мен жәбірленушілердің барлық санаттарын толық құқықтық ақтау туралы 2 заң жобасын әзірледі. Екінші заң жобасы – “Қазақстан тәуелсіздігі жолындағы күрескерлердің мәртебесі және оларды саяси ақтау туралы” деп аталады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ономастикалық комиссияларға ұсыныс айта отырып: “Партия және кеңес басшыларының есімдерін мекемелерге, көшелерге берумен, ескерткіштер орнатумен әуестенуде, әсіресе, жаппай саяси қуғын-сүргінге қатысқан, идеологиялық жағынан қамтамасыз еткен большевиктік-коммунистік режімнің халыққа қарсы саясатын орындаушылар да бар” деп ескертті. Мен бұған Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескен алашордашылардың, т.б. күрескерлердің ізіне түсіп, қуғындауға қатысқандарды қосар едім.

Бұл мәселе, әсіресе, біздің өңірде оңай емес екені анық. Жан-жақты салмақтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Қоғамдық пікірді ескеру керек. Алайда басқа облыстардың тәжірибесі көрсеткендей, нәтиже шеберлікке, ұйымдастырушылық және идеологиялық жұмысқа байланысты. Көптеген ауылдар, елді мекендер мен көшелер бұрынғы кеңеске дейінгі және кеңестік атаулармен аталады. Олар, әрине, Қазақстанның тәуелсіз және демократиялық даму мұраттарына қайшы келеді. Осы мәселені назардан шығармайық.

Сабыр ҚАСЫМОВ,

“Қаһармандар” қорының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp