«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУ ТӘРТІБІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау және төлеу тәртібі бекітілді. Ол Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығында көрсетілгендей, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау туралы шешімді қайта қарау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы ратификациялаған зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы халықаралық келісімдермен, соның ішінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде посткеңестік кезеңде атқарылған еңбек өтілін есепке алу, 1992 жылдың 13 наурызынан бері ТМД-ға мүше мемлекеттердің азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісіммен реттеледі. Аталған келісім Ресей Федерациясында 2023 жылдың 1 қаңтарында, Украинада 2023 жылдың 19 маусымында, Қазақстанда 2023 жылдың 22 маусымында жария етілді.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін есепке алынады.

Еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады, ал еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар не соттың шешімі негізінде белгіленеді.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде мыналар:

еңбек шарттары бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтін жұмыс;

әскери қызмет;

арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызмет;

мемлекеттік қызмет;

кәсіпкерлік және кірістер әкелетін өзге де қызметтер;

басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедектігі бар, екінші топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыт;

мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі балаға күтім жасаған уақыт;

жұмыс істемейтін ананың жас балаларға күтім жасаған, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт;

әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде жұбайларымен бірге тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең;

Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жердегі жоғары оқу орындарындағы, оның ішінде даярлық курстарындағы, арнаулы орта оқу орындарындағы, училищелердегі, мектептердегі және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарындағы, аспирантурадағы, докторантурадағы,  клиникалық ординатурадағы, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарындағы оқу;

Қазақстан Республикасына тарихи Отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың бұрын тұрған еліндегі еңбек қызметі есепке алынады.

Сонымен қатар, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін жеңілдікпен есептеуде Семей ядролық сынақ полигонына іргелес жатқан аудандарда 1949 жылғы 29 тамыздан бастап, 1963 жылғы 5 шілде аралығында жұмыс істесе немесе әскери қызметте болса – үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шілдеден бастап 1992 жылғы 1 қаңтар аралығында жұмыс істесе немесе әскери қызметте болса – бір жарым есе мөлшерде, алапеске және обаға қарсы мекемелерде, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдарды емдеу жөніндегі инфекциялық аурулар мекемелеріндегі жұмыс үшін – екі есе мөлшерде, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жұмыстар тізбесі бойынша сот-медициналық сараптаманы және патологиялық-анатомиялық диагностиканы жүзеге асыратын ұйымдардағы жұмыс істегендерге – бір жарым есе мөлшерде есепке алынады.

Жасына байланысты зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне ғана емес, сонымен қатар зейнетақы тағайындауға ұсынған орташа айлық табысқа да байланысты болады. Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл ішіндегі орташа айлық табысы негізге алынады. Орташа айлық табыс – 3 жылғы табыстың жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы айқындалады. Бұл ретте зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ұсынылған табыс республикалық бюджет туралы заңда көрсетілген тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 55 рет еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде табыс орталықтандырылған дерекқордың міндетті зейнетақы жарналарының, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың және жеке табыс салығының аударылуы туралы мәліметтерімен расталады.

Егер зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы шешім қабылдау үшін қосымша құжаттар қажет екені анықталса немесе ұсынылған табыс орталықтандырылған дерекқордың міндетті зейнетақы жарналарының, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың және жеке табыс салығының аударылуы туралы мәліметтерімен расталмаса, департамент мамандары зейнетақы тағайындау үшін ұсынылған құжаттарды Мемлекеттік корпорацияға кейін қайтарады. Мемлекеттік корпорация бөлімшесінің мамандары өтініш берушіге жиырма бес жұмыс күні ішінде қосымша құжаттарды ұсыну туралы хабарлама жібереді. Егер бұл талап отыз жұмыс күні ішінде орындалмаса, онда зейнетақы төлемі расталған барлық еңбек өтілдері мен табысын есепке ала отыра, алғашқы мерзімнен бастап тағайындалады. Ал егер талап етілген құжаттар отыз жұмыс күні өткен соң ұсынылса, қағиданың 35 және 36-тармақтарына сәйкес қайта өтініш берген күннен бастап есептеледі.

Кенжегүл ХАМЗИНА,

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp