Айыртау ауданындағы “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында ұлттық бірегейлікті нығайту, “Ботай қонысы” археологиялық ескерткішін танымал ету, мәдени туризмді дамыту, жастар арасында шығармашылық және еңбек мәдениетін ілгерілету мақсатында “Botaı – Uly dala mádenıetі” II Халықаралық симпозиумы өтуде.
Симпозиумға Канада, Германия, Франция, Бенин, Румыния, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 20 суретші қатысып жатыр. Қылқалам шеберлері ұлы дала мәдениетімен, археологиялық ескерткіштерімен танысып қана қоймай, әйгілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстарын бейнелеп, солтүстіктің сұлу табиғатын қағаз бетіне түсіруде.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғалия Мақашеваның айтуынша, “Ботай” – кез келген суретшіні еліктіріп әкететін қызықты тақырып. Бұл қонысқа келген әрбір суретші бақытты. Тарихи жерде дүниеге келген туындыларды тек қана еліміз емес, әлем тамашалайды.
–Кейбір суретшілер солтүстік өңірге алғаш рет келіп тұр. Қазақтың Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды біртуар тұлғаларының туған жері олардың шабыттарына шабыт қосты. Сонымен қатар алғаш рет жылқы қолға үйретілген тарихи жер оларды ерекше әсерге бөлеуде, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Болат Әскербеков.
Талантты жандардың өңіріміздегі сапарының әр күні алдын ала жоспарланған. Олар Имантау – Шалқар курорттық аймағы, “Аққайың” сауықтыру лагері мен қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасамақ.
31 тамыз күні облыс орталығындағы “QYZYLJAR ART”-орталығында қылқалам шеберлері ұсынған туындылардың ашылу салтанаты өтпек. Ал симпозиум жұмысының қорытындысы бойынша суретшілердің шығармашылық жұмыстары біріктіріліп, кітап болып басып шығарылады.
Сонымен қатар суреттер аукционға қойылып, одан түскен қаражат балалар үйіндегі сәбилердің білім алуына жұмсалады деп күтілуде.
Өңірімізде өтіп жатқан “Botaı – Uly dala mádenıetі” II Халықаралық симпозиумы 1 қыркүйекке дейін жалғасады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.