Айтыс – киелі өнер. Өңірімізде осынау сөз додасының өріс алуына өзіндік үлесін қосып жүргендерді көп деп айта алмаймыз. Солардың бірі жиырма жылға жуық уақыттан бері сахнада жүрген Жұмабек Рахимов. Халықаралық жыршы-термешілер мен айтыскерлер одағының мүшесі жуырда “Құлагер шабыт – сері Ақан” атты республикалық айтыста топ жарып, бас бәйгені жеңіп алған болатын. Өнерпаздың қуанышына құтты болсын айтып, әңгіме-дүкен құрдық.
– Жұмабек Қайыртайұлы, ең алдымен арқаны әнмен тербеген Ақан серінің туғанына 180 жыл толуына орай Айыртау ауданында ұйымдастырылған “Құлагер шабыт – сері Ақан” атты республикалық айтыстың бас жүлдесін жеңіп алуыңызбен құттықтаймын! Сіздің сөз өнерін жаныңызға серік етіп жүргеніңізге жиырма жылдай уақыт болыпты. Осы жылдар ішінде аймақаралық, облыстық айтыстарда оза шауып, жүлде алғаныңызды ел біледі. Ал республикалық айтыста алған алғашқы бас жүлдеңіз сізді одан сайын шабыттандырған шығар.
– Мен үшін басты жүлде – халықтың ықыласы мен ақ батасы. Осы жолғы айтыста бабым мен бағымның келіскенін көрерменнің шуылдап шапалақ соққанынан байқауға болады. Айтыс үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап етеді. Ел алдында айтылған әрбір сөзіңе абай болуың керек. Жиырма жылдың ішінде көптеген жыр додасында бақ сынадым. Облыстық, аймақаралық байқауларда көрерменнің қолдауымен, қазылар алқасының оң шешімімен алдыңғы қатардан көрініп, бас жүлделерді ұтып алғанымды жерлестерім біледі деп ойлаймын. Осы жолғы жеңісім – республикалық айтыстағы көрсеткен ең жоғарғы межем десе де болады. Сондықтан да, ел көңілінен шықтым-ау деген ерекше сезім бойымды биледі. Төккен тер, дайындалған уақыт зая кетпеді Бас жүлде алған сәтте толқып тұрып:
Ағайын, ақтық сынға сен апардың,
Айтыстың жүлдегері мен атандым!
Ақындарды хан ұлындай көтеретін,
Ауылы аман болсын сері Ақанның! – деген едім. Ақындарын ардақтайтын Қызылжар жұрты аман болса әлі талай жүлдегер атанарымыз хақ.
– Өткенге көз жіберсек, алғаш айтысқа шыққан сәт есіңізде ме? Қолыңызға домбыра алып, сахнаға көтерілгенде қандай күйде болдыңыз? Өңіріміздегі сол кездегі айтыстың ұйымдастырылу деңгейі қалай еді?
– Мен әкемнің қанымен, анамның ақ сүтімен бойыма дарыған қабілетімнің арқасында айтыс өнеріне 5-сыныптан бастап қадам бастым. Олар әрдайым ақ баталарын беріп, шығарып салатын. Есіл ауданындағы Өрнек ауылының тумасымын. Ауыл мектебіндегі ұстаздар қауымы ерекше ықылас-ниеттерін білдіріп, жеңіске жетсем, қуанышыма бірінші болып ортақтасатын. Сахнаға домбыра алып шығудың өзі бір ғанибет болатын. “Ат баптаусыз болмайды, қылыш саптаусыз болмайды” дегендей, өнер жолында ақыл-кеңестерін беріп, қолдау білдірген ұстаздарым аз емес. Алғашқы ұстазым келместің кемесіне мініп кеткен Қуаныш Қыдыбеков ағай еді. Ол кісіден үйренгенім көп. Сол кездері айтысты ұлттық мерекелерде өткізгенімен, жас ақындарға айтарлықтай жағдай жасалмайтын. Айтыстың бабадан балаға, аманат етілген ұлттың сарсүйек төл өнері екендігін ол уақыттары аса бағалай бермегеніміз шындық.
Наурыз мейрамы мен Тәуелсіздік күніне арналып жылына екі рет облыстық, қалалық деңгейде терме сайысы, айтыс өткізіліп тұратын. Біз оны тағатсыздана күтетін едік. Соңғы он жылдың ішінде ұлттық өнеріміз жаңғырғандай, солтүстікте сең бұзылып, билік басындағылар ерекше көңіл бөле бастады. Облыстық, республикалық, халықаралық ақындар айтысы тұрақты өткізілуде. Ұлттық өнердің дамуына қол ұшын созу жүрегі елім деп соққан әр адамның міндеті деп білемін. Осы ретте өңірімізде Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебінің құрылғандығы қуантады. Қазір бұл мектепке жас дарындар қабылдануда. Біздің оқушы кезімізде дәл осындай жағдай жасалса бағындырған белестеріміз де, жеткен жетістіктеріміз де әлде қайда көп болар ма еді?
– Жыр додасында “Қап, әттеген-ай” дегізген өкінішті сәттеріңіз болды ма?
– Әрине, жарыс болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кез келген қатысушы “жеңем” деген сеніммен келеді. Сондықтан сан соғып, “Қап, әттеген-ай” деген сәттердің болып тұруы заңдылық.Осы жолғы жыр додасында бірінші жұпта Ақмола облысының Ерейментау ауданынан келген Ерлан Дәулетпен сөз сайыстырдым. Уақыттың тығыздығына байланысты айтайын деген ойларымның көбі айтылмай қалды. Жалпы айтысқа келер болсақ, бағасын халық береді. Бұрынғы айтыстарда бармақ тістеп қалатын сәттер жиі кездесетін. Өкінгенмен айтылған сөз атылған оқтай, ештеңе өзгермейді ғой.
– Аламан алдында бағыт-бағдар беріп, ақыл қосатын ағаларыңыз, ұстаздарыңыз жайында айта кетсеңіз.
– 7 сыныпта оқып жүрген кезімде наурыз мейрамына орайластырылған облыстық ақындар айтысы өтті. Аламанға Есіл ауданының атынан қосылып, 3 орынды жеңіп алдым. Мұны жыр бәйгесіндегі алғашқы жеңісім десе де болады. Міне сол айтыстан кейін Әбу-Досмухаметов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатына шақырту алдым. Аталмыш мектепке келгеннен кейін Алтай Сұлтан ағайым жетекшім ретінде сан сайыстарға салып, шыңдады, Роза Мәжитқызы апайым анамдай қамқорлық жасады. Сол кездегі мектеп директоры Гүлжан Жұмашқызы ақ батасын беріп, әр айтысыма өзі шығарып салатын. Қазіргі таңда Дәстен Баймұқанов, Қайырлы Ғафуров ағаларымыз ақыл-кеңестерін беріп, бағыт-бағдар көрсетіп жүр.
– Соңғы жылдары өңірімізде айтыс өнерінің ұйымдастырылуы көңіліңізден шыға ма?
– Өңірімізде айтыс өнері қарқынды дамып келеді. Себебі жоғарыда айтқанымдай, киелі Қызылжарда республикалық, халықаралық ақындар айтысы жиі ұйымдастырылуда. Бұрын айтыс көрерменін табудың өзі қиын болатын. Залды зорға толтыратынбыз. Қазір айтысқа келетін көрерменнің қарасы көп.
– Аламан айтыстардың көрермендерінен бөлек, ақындардың өнерін қазылар алқасының саралайтындығы анық. Оларға ренжіген кездеріңіз кездесті ме?
– Жарыс бар жерде бәсеке де болады. Өнеріңді бағалайтын, саралайтын қазылар алқасы екендігі белгілі. Кейбір сәтте бабың мен бағың келіскенімен қазылар алқасының оң шешіміне ие болмайсың. Бірақ өнерімді бағалайтын жандарға көңілтолмастық білдірген кезім болмапты.
– Сіз Қазақстан Республикасы ұлттық ұлан академиясы жанындағы мұражайдың басшысысы. Қызметіңіз айтысқа кедергі келтірмей ме?
– Мен сахнада айтыскер болсам, үйде әке, жұмыста қызметкер екендігімді естен шығармаймын. Түрлі деңгейдегі додаларға қатысуыма жағдай жасап отырған академия басшылығына алғыстан басқа айтарым жоқ. Қызметтен бос уақытымды ізденуге, кітап оқып, таным көкжиегімді кеңейтуге жұмсаймын.
– Өңірімізде айтысқа шығып жүрген жас тұлпарларға айтар ағалық ақыл-кеңесіңіз қандай?
– Диас Аяған, Ақтілек Қайымхан, Дәулет Құрмаш, Ермек Жұма сынды талапкерлердің аяқ алысы, сөз саптауы, ізденісі қуантады. Оларға айтарым: өнерге, өлеңге адал болыңдар, ұлттың сөзін сөйлеңдер!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.