Мақтау айту жайында асыл дінімізде де, бұрынғы өткен қаламгерлер мен ғұламалардың еңбектерінде де көп айтылған. Олардың бәрінің мақтау айтуға осынша мән беруі бекер емес. Өйткені адамның маңдай терін, еңбегін мүлде елемей, жігерін құм қылу, ол керісінше асыра мақтау оны ашуланшақ, ренжігіш, өркөкірек, көп жағдайда тәкаппар етуі мүмкін. Сондықтан да не нәрсенің болсын жолын біліп, дініміз бен салт-дәстүріміздегі заңдылықтарды ұстанғанымыз жөн.
Біреуді жақсы деме сен,
Біреуді жаман деме сен.
Бұл дүниеден өткен соң,
Шын дүниеге жеткен соң,
Көтеріп көрге салған соң,
Көр қараңғы болған соң,
Кімнің жақсы-жаманын,
Бір жаратқан Хақ білер! – деп атақты Шал ақын айтқандай, кімнің жақсы-жаманын, мақтауға лайықты ма, жоқ па оның барлығын бір Жаратушы ғана білмек.
Халқымызды мақтанқуғыштықтан, мақтансүйгіштіктен сақтандырған ғұламалардың бірі – Абай Құнанбаев. Абай атамыз “Күлімсіреп аспан тұр” өлеңінде: “Мансап іздер, мал қуар, Бәрі мақтан іздеген”, – деп торықса, ал “Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?” туындысында:
Абұйыр, атақ сол жанда
Кімді көп жұрт мақтаса, –
деп улы сарказммен шанышады. Сондай-ақ:
Мақтау – жел сөз жанға қас,
Қошеметшіл шығарған, – деп ескертеді. “Қошеметшіл” – өзімізге етене таныс “жағымпаз” сөзі. Мақтау “жел сөз” “жанға қас” болмағы несі? Себебі ол “сатылған” және “сатып алынған” деп түсіндіреді Абай. Сол сияқты 21-ші қарасөзін: “Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс”, – деп бастайды да, “мақтан” ұғымына талдау жасайды және мақтаншақ пақырларды үш түрге жіктейді. Сөйтіп, мақтаншақтық – жанға қас, рухани өсуге кедергі келтіретін кесірлі мінез деп анықтап берген.
Мақтауды көтере алатын адам болатыны сияқты, оған шыдас бермейтін, тәкаппарлыққа жол беретін адамдар да аз кездеспейді. Бірде бір адам хазіреті Османды жер көкке сыйғызбай мақтай бастаған кезде, бір уыс топырақты алып бетіне шашып жібереді. “Бұныңыз не?” деп сұрағанда Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Егер сендерді мақтаған адам болса, осылай жаса деп бұйырды”, – дейді.
Бірде бір кісіні жер көкке сыйғызбай мақтап жатқан көпшілікті естіген Алла елшісі: (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) “Ана бейшараның желкесін үздіңдер ғой” , – деген екен.
Дегенмен шариғатта шектен шықпай адамның жақсылығын, салиқалы ісін тиісінше бағалау құптарлық іс саналады. Адамның жақсылығын айтып, артықшылығын бағалау адамға күш беріп, ерік-жігерін қайрауға септігін тигізіп жатады. Бірақ бұл адамды асыра мақтау деген сөз емес. Әр мақтағаннан кейін сын айту да мүлдем еркінсіп кетуден сақтайды және келесі жолы ісін бұдан да сапалырақ жасауына септігі тиеді.
Баланың қабілетін 20 жыл зерттеген Стэнфорд университетінің профессоры Кэрол Двек біршама нәтижеге көз жеткізген. Атап айтсақ, ол қабілетті баланы қолдау мен қиын істі бітіру үшін тырысқан баланы мақтау туралы тәжірибе жүргізеді. Істеген жұмысы үшін немесе тапқан ақылы үшін мақтау естіген балалар арасында айтарлықтай айырмашылық болған. Ақылды балалар қолынан келетін істі ғана жасап, уақытты үнемдеген. Бірінші топтағы балалар тапсырманы 100 пайыз толық әрі дұрыс орындаған. Екінші топ шала орындаған екен. Сол үшін ғалым баланы мақтауға сақтықпен қараған жөн деп есептейді. Баланы істеген жұмысы үшін емес, сол істі істеуге бел буғаны, тырысқаны үшін мақтау керек. Әрине, бұл айтылғандардың барлығы баланың жасына тікелей байланысты. Мектеп жасына дейінгі баланы мақтау артық етпейді, керісінше көмектеседі. Ал одан үлкендерге мақтау айтарда абай болған жөн. Психолог Дженнифер Хендерлонг 9-11 жас аралығында мектеп оқушыларына әртүрлі тапсырма берген екен. Олардың кейбірінің мінезін, кейбірінің қылығын, енді біреуінің тапсырманы орындауын мақтаса, кейбірін мүлдем мақтамаған. Содан кейін ешқайсысы орындай алмайтын тапсырма беріп, олардың алған әсерлерін тексерген екен. Мінезі мен қылығы үшін мақтау естіген балалар қиын тапсырманы орындай алмағаны үшін қатты ренжіп, сәтсіздіктеріне мұңайып қалған. Алдыңғы тапсырманы орындауға тырысқан немесе дұрыс орындаған балалар қиын есептерді қатесіз шығарғанға дейін тапжылмаған. Демек, баланы орынсыз мақтау келесі бір сәтсіздігінде сағын сындыруы мүмкін.
Мақтау – айтуға лайық, лайықты емес деп бөлінбейді. Бұл жайында Құран Кәрімде: “Жағымсыз істері мен қолдарына тиген (болмашы бұйымға) мәз болғандарды һәм қолдарының ұшы тимеген істерді иемденіп, өздері атқарғандай мақтау естігенді қалайтындарды (оңады деп) ойлама. Сондай-ақ оларды азаптан құтылады деп те ойлама. Олар үшін жан төзгісіз азаптар бар”, – делінген.
Әр нәрсенің шегі болатынындай, артық мақтаудың да зиянды тұсы бар. Оның біріншісі бір адамды асыра мақтаған кезде оның сөзінде өтірік араласу қаупі жоғары болады.
Екіншіден, мақтау барысында әлгі адам рия шеңберіне кіріп кетуі мүмкін, өйткені мақтау сөздер көп жағдайда шынайылықтан алыстатады.
Үшінші себеп, мақтау барысында адам өзіне беймәлім болған жайттарды сөз етеді. Төртіншіден, мақтаған адамыңның залым болып шығуы ғажап емес. Ал залым адамды мақтауға Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тыйым салған .
Алла Тағала Құран Кәрімде: “Ендеше өздеріңді мақтамаңдар. Алла кімнің өзіне лайықты түрде тағзым ететінін жақсы біледі”, – деді.
Қазіргі қоғамда мақтау сөздер көп айтылады. Біз мақтау сөзді жағымпаздану үшін айтқанды ұнатамыз. Осылайша лауазымы жоғары бастығымызды, өзімізден дүние-мүлкі көп адамдарды реті келсін-келмесін мақтай жөнелеміз. Бұл қате. Абай атамыз айтқандай, мақтанның “үлкендік” деген түрі “салтанат құрып” тұр. Кәнеки, ол қандай мақтан? “Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі”, – дейді данышпан 21-ші қарасөзінде.
Керемет өсиет! Үлкендік, артықтардың мінезі туралы шынайы білім. Асылымыз Абай үлкендікке кедергі он екі қылықты жіпке тізгендей қылып атап айтқан. Аталған кеселдің дені – тілден. Демек, сөз түзелсе – ел де түзелмек! Сондықтан қандай ортада жүрмейік, бір-бірімізді мақтағанда абай болайық! Шынайы мақтауға Алла тағала ғана лайық!
Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.