Петропавлда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйдің шатырынан су ағып, тұрғындарды әбігерге салуда.
Горький көшесі, 16 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің құрылысы өткен жылы аяқталған. Қажетті инфрақұрылымдық желілер уақытылы тартылмағандықтан тұрғындар жаңа пәтерлеріне әлі қоныстана алмай отыр.
– Жаңа үйімізге өткен жылдан бері көше алмай жүрміз. Биыл шілде айында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімімен келісімшарт жасасып, пәтер кілтіне ие болдық.
– Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті заттарды апарған едім. Ішке кірсем, екі бөлменің төбесінен су ағып жатыр екен. Бұл мәселемен әкімдікке хабарласып, құрылысқа жауапты мердігерге шағымдандым, – дейді қала тұрғыны Андрей Михин.
Белгілі болғандай, Горький көшесі, 16 мекенжайындағы үйдің пәтерлеріне жаңбыр жауған сайын шатырдан су кіреді. Мұны жаңа үйден пәтер алған өзге де тұрғындар растап отыр. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта құрылысқа жауапты “Альфа Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орын алған олқылықтарды түзетуде.
Үйдің айналасын абаттандыруға жауапты “Энерджи – Тараз” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиісті жұмыстарды тамыздың 15-сі күні аяқтауға тиіс еді. Әзірге бұл шаруа бітпей отыр. Жұмысты кешіктірген компанияға айыппұл салынды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.