«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Етікші

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есін білгелі көріп келе жатқаны табан мен ұлтарақ. Дене болмысы да кәсібіне икемделіп қалған: жауы­рыны еңкіш тартып, мойыны төменге қарай иіліп отырады, басының иы­ғынан жоғары көтеріле қоюы да тым сирек. Қыл тектес қалың қасына дейін төменге қарай қайырылып өсіп, кірпігіне жалғасқан. Мұрынын пысылдатып тартқыштай береді. Үне­мі төменге қарап отырғандықтан мұ­рынына өзі мидың артық сұйығы деп есептейтін мұрынбоқ жиі жиналып қалатын болса керек. Қолындағы жібі үзіліп кетсе немесе шегесі қисық қағылса мұрынның пысылдаған дауы­сы тым жиілеп кетеді. Құйрығын басып отырған орындығы шағын, ті­зе­сін тым бүкпей отырғанына қарап бойының тапал екенін білуге бола­ды. Шашы? Қысы жазы жібі тарқаты­ла бастаған ескі, кір сіңген майлы малақайын басынан шешпегендік­тен шаштаразға баруы сирек. Бурыл шашы желкесіне түсіп, құлағының үстінен бұйраланып малақай асты­нан шыға келген кезде ғана бір бара­ды. Тырнақтарының айналасына, саусақтарының жарылған, жырыл­ған тұстарына сұп-сұр кір сіңген. Оны­сы ақ тырнақты ортаға алып айна­ласын қаптай мүк өсіп келе жатқан­дай көрінеді. Сұқ саусағы мен барма­ғына жұққан желімді алжапқышына сүрткіштеп, алдын салтақтап таста­ған. Кейде жұмыс аяқталар уақытта қырылдаған дауысымен әуені де, сөзі де түсініксіз әндететіні бар. Бі­рақ, бұл құбылысты байқағандар жоқтың қасы.

Бұл етікші. Атының кім екені де белгісіз. Өткен-кеткеннің аяқ киімін тігеді, ақысын алады. Тапсырыс бе­рушінің бетіне емес, үнемі аяғына, тапсырған затына қарайды. Аяғын­дағы жылтыраған жаңа аяқ киімін көрсе іштей қанша уақытта тозаты­нын жобалайды. Шеберлігін біреу келіп мақтаса аяқ астынан абыржып, терлеп-тепшіп, қасы, мұрыны, ауызы жыбырлап ыңғайсыз жағдайға түсе­ді. Бұндай кезде қандай жауап қай­тару керек екенін ол білмеуі де мүм­кін. Сосын іштей әлгі кісінің мақтауы сыртқа естілді ме екен деп елеңдей­ді. Әсіресе көрші дүңгіршектегі сам­са сататын жуан бел­ді, сөйлеген кез­де бар денесі дірілдей қозғалатын ақсары әйелдің ес­тігенін қалап тұр­ғанын өзі де жөндеп сезбейді.

Бүгін жұмысын ертерек аяқтап, дүңгіршегін кілттеп сыртқа шықты. Қарыны аш болмаса да жаңа біз атап өткен әйелден самса алды. Оны сол жерде тұрып жеді. Бұған назар ау­дармастан үлкен пышағымен асы­ғыс пияз турап жатқан әйелге бірде­ңе айтқысы келгендей, ішке қарай елеңдеп қарап қояды. Жып-жылы ұлтарақ салып бергені үшін біреудің алғыс айтқанын, иә болмаса ақша­сын артығымен төлеп, бұны арқасы­нан қағып, бас бармағын шошайтып “Мынауский шеберсің!” – деп мақтап кеткен әлгі жігіт туралы айтқысы кел­ді ме кім білсін? Самсасын тауысып болып, қалтасынан кір сіңген сұр шү­берегін алып ауызын сүртті де, бетін­дегі әжімдерін жиырып күлімсіреген­дей кейіп танытып, төмен қараған күйі: “Рахмет!” деді. Өзіне қаратылып айтылған “Сен әлі осы жерде тұр ма едің?” деген самсашы әйелдің нәзік дауысын ести сала ыстық шай ұрт­тағандай қолқасынан бастап, ішіне дейін жылып кетті. “Иә, бүгін табыс көп болды, тапсырыстарды ерте аяқ­тадым” деп жауап қайтарғысы келе­ді. Бірақ сұрақ пен жауаптың арас­ында біраз уақыт өтіп кеткен соң бұл сөздерді айту орынсыз екенін біледі де, үндемеді. Бүгежектеп кетіп бара жатып, артына бұрылып, дүңгіршек терезесінен аппақ білектері дір-дір етіп әлі пияз турап тұрған әйелге қа­рады. Ол болса көзінен ыршып түс­кен жасты алжапқышымен асығыс сүрте салып, кері жұмысын жалғас­тыра берді.

Өз өлшемінен үлкендеу болса да жап-жаңа костюм киіп алған арық жі­гіт дүңгіршекке келіп, самсашы әйел­мен қалжыңдаса бастады. Аяқ киімі­нің тозығы жеткен, күтімсіз екенін көр­месе жұрт бұл жігітті бір мекемеде бастық, немесе әйтеуір әкімдердің жа­нында жүретін белсенділердің біреуі деп ойлауы мүмкін. Самса пісі­ретін ыстық пештің қызуына беті ала­бұрта қызарып терезеден басын ғана шығарған күйі әзілдесіп тұрған ана әйел де солай ойлауы мүмкін. Күлім­деуге икемсіз, езуін тартып етікші де жымиды. Кімге, неге жымиғаны бел­гісіз.

Күнделікті автобусына мінді де, адамдардың әңгімесін тыңдады. Қа­лада болған атышулы қылмысты тал­қылап жатты біреулер, келесілері жа­нармай қымбатшылығын әңгіме етті. Тас жол төселмеген балшықты кө­шелерге күйініп отырды көрші көше­де тұратын жүзі таныс кемпір. Дауы­сы қаттырақ шыққан сайын аяғымен онсыз да бауыры сөгілгелі тұрған ескі автобустың еденін тепсініп қояды. Ескі етігіне жұққан балшық көптен бері жуылмай, тас цементке айнала бастапты. Бұл да алуан мәнді әңгі­менің біріне ілескісі келгендей ерінін икем­деген. Алайда не айтарын біл­меді. Тағы да езуін құлағына қарай сүйкімсіздеу созыңқырап жымиған кейіп танытты да артынша ыңғай­сызданып қалды. Біреулер күліп отырғанымды байқап қалды ма де­гендей, көзіне қарай бұйраланып өс­кен қастарының астынан қарашығын жасқаншақтана жоғары көтерген. Бұл отырған тұсқа қарап отырған еш­кім де жоқ екен.

Қала сыртындағы жабайы терек­тер қаптаған күтімсіз саяжайдағы үй­шігіне кірді. Күні бойы жылы пештің жанындағы жатқан қара ала арық мысық тырнақтарын еденге қадап тұ­рып, керіліп алды да мияулап, аяғы­на оратылды. Етікші пешті жағып, сүт жылытты.

“Көшемізге тас жол салса жақсы болар еді-ау…” деп күбірледі.

Есіне етінен жуасы көп болса да ып-ыстық сорпасы шығып тұратын дәмді самса мен оның қамырын илей­тін аппақ жұмыр білек есіне түсіп ыңылдап ән айтты.

Мысық жылы сүтке мұртын малды…

Бақытгүл СӘРМЕКОВА,

жазушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp