«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бағзыдан жеткен бай мұра

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыздың тарихында жазба деректерден гөрі ауызша деректердің басымдылығы баршамызға мәлім. Өткен ғасырда тарих ғылымы саласында француз ғалымдарының алға кеткендігін білеміз. Солардың көрнекті өкілдерінің бірі Люсьен Февр тарихи зерттеулерде “жазбаша дерек жоқ болған жағдайда ауызша деректерді пайдалануға болатындығын” атап көрсеткен.

2012 жылы Астана қаласында тарихшылар жиынында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының сол кездегі Мемлекеттік хатшысы Марат Тажин қазақ тарихын жазғанда тек жазбаша деректермен, архив құжаттарымен шектеліп қалмау қажеттігін баса айтқан болатын.

Сондай ауызша мағлұматтардың бірі, бірегейі Қожаберген жырау шығармалары. Өкінішке қарай, осы құнды тарихи деректер талдаудан, саралаудан, тексеруден өткізіліп осы күнге дейін тарих ғылымының кәдесіне жарамай отыр.

Қожаберген жыраудың шығармалары халқымызға көптен белгілі. Академик-жазушы Ғабит Мүсірепов бұл жырды жасында естіп, жатқа айтыпты. Оның туысы Ботпай деген әнші-балуан, әрі атбегі кісінің Бәтима деген қызы “Елім-ай” жырын қобызбен орындағанын көргендер бар.

1927 жылы қазақтың белгілі жазушысы Сәкен Сейфуллин Қызылжар өңіріне барып, Қожаберген жырау мен Сегіз Сері туралы деректер жинайды. 1936 жылы Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов бастаған арнайы тарихи-этнографиялық экспедиция Қызылжар өңірінен және көршілес облыстардан материал жинаған. Өкінішке қарай, аласапыран жылдары бұл материалдар із-түссіз жоғалған. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қожаберген жырау мұраларын жүйелеп, жинап, бастыруда жазушы Нәбиден Әбуталиев елеулі еңбек етті. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті “Қазақ әдебиеті тарихы мен сыны” кафедрасы жанындағы “Қазақ фольклоры және әдебиеті” деп аталатын ғылыми-зерттеу тобы Қожаберген жыраудың туған топырағында болып, оның бейітіне зиярат етті. Көнекөз қариялармен пікірлесіп, жырау жөнінде мол мағлұмат алып қайтқан еді.

Осы жолы олар Ш.Нұрғожаұлы, М.Тырақаев, Н.Сатин сияқты білгірлерден жыраудың бізге белгісіз “Күлдір-мамай”, “Ата тек”, “Қызылжар”, “Төрт жігіт”, “Балта керей Соқыр Абыз” сияқты шығармалары бар екендігін біліп қайтты. Кеңес заманында бірер мақала, кішігірім кітапша жазған автор 1995 жылы “Жеті Жарғы” баспасынан жарық көрген “Ордабасы Қожаберген” деген жинаққа бүкіл материалдарын кіргізді.

1990 жылғы “Халық кеңесі” газетінің 110-112 сандарында “Атақты “Елім-ай”-дың авторы” деген атпен көлемді мақала жарияланды. Мақаланың авторы Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданын басқарған Шаймұрат Смағұлов. Мақала жыраудың туғанына 330 жыл толуына орай жазылған. Кейін мақала авторы экономика ғылымының докторы дәрежесін алып, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры қызметін атқарды. Одан бері Қызылжардағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жанындағы “Асыл мұра” тобы өлке тарихына байланысты ондаған кітап жазды. Соның арқасында көптеген матариалдар жиналып, 2000 жылы 19-21 желтоқсан күндері Солтүстік Қазақстан университеті базасында Қожабергенге байланысты үлкен ғылыми-теориялық конференция өткізді. Сол конференцияда ғұлама тарихшы, академик Манаш Қозыбаев баяндама жасады. Онда ол үлкен проблемаларды анықтап, “Қожаберген тану” орталығын ашу туралы ұсыныс айтты.

Ауызша деректерді талдаудың әдістері әлемдік ғылымда ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан. Оның бірнеше деңгейі бар. Алдымен оны іздеп табу қажет. Одан кейін ол дерек формальды талдаудан өтеді. Пайда болған уақыты, жері (локолизация) және оның авторы (атрибуция) анықталғаннан кейін оның мазмұны талқыланады. Сөйтіп, сараланған, талданған, дараланған мәтін ғылыми зерттеу процесіне кіргізіліп, ол тарихи дерек санатына қосылады. Ал енді осы схема бойынша Қожаберген баба мұрасын талқыға салып көрелік.

Бірінші кезекте оның табылу мәселесіне тоқталайық. Осы күні оның бірнеше нұсқасы бар. Алғашқы нұсқасын тауып, оны баспасөз бетіне жариялаған белгілі фольклор жинаушы Қаратай Биғожин. Қарағанды мемлекеттік педагагогикалық институты тарих-филология факультетінің түлегі өзінің алған білімін практикалық істе шебер пайдалана білді. Қаратай Биғожин бүкіл ғұмырын халқымыздың бай қазынасы – ауыз әдебиетін жинауға арнады.

Дастанның екінші бір нұсқасын 2000 жылы Қызылжар қаласындағы Қазақ мемлекеттік Заң академиясының Солтүстік Қазақстан филиалының баспасында Мадина Дастанова атты зерттеуші жариялады. Көлемі – 9 баспа табақ. Кітапта тарихи тұлғаның “Елім-айдан” басқа “Өткенге шолу”, “Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама”, “Жастық”, “Ер Қойлыбай”, “Қожабергеннің насихат сөзі”, “Кәрілік”, “Өсиет”, “Наурыз батасы”, “Баба тілі” сияқты шығармалары да жарияланған.

Екі нұсқаның да кейбір өзгешеліктері болмаса, мазмұны бір мәселеге арналған. Ол ХVІІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысы. Дастанның бізге дейін жеткені жөніндегі мәліметті Мадина Дастанова өзінің кіріспе сөзінде былай дейді: “Көнекөз қариялардың айтуынша, жыраудың біршама мұрасын немере інісі Дәстем сал былғарыға жазып, Асқаптың ұлы Көшекке қалдырады. Кейін әкесі қайтыс болған соң бұл қазынаға Шақшақ (Сегіз серінің атасы) ие болады. Дүниеден өзі көшерде Шақшақ ұлы Сексенге (Қажы) аманат етеді. Атадан балаға жалғасып, 1913 жылы Боранбайдың қолында болады. 1917 жылы қызыл әскер офицерлерінің бірі Досай Қожаберген жырау ұрпақтары қолындағы бүкіл қолжазбамен бірге жыраудың қобызын, Мұсайынның (Сегіз серінің ұлы) сырнай, сыбызғы, скрипкасын өртеп жіберген. Сөйтіп жыраудың ұрпақтары қолындағы нұсқадан осылайша айрылып қалады. Араға бірнеше жыл салып, Мұстафа (Сегіз серінің ұлы) ел арасындағы жыршылардан жазып алып, балаларына қалдырған нұсқасы да 1963 жылы болған өртте жанып кетеді. Қалай десек те, “Елім-айдың” сақталуына жырқұмар қауым, соның ішінде жыраудың өз ұрпақтары – әйгілі Сегіз серінің әулеті көп еңбек сіңірген”.

Дастанның авторы – Қожаберген Толыбайұлы 1663 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Богдановка ауылының маңында Гүлтөбе деген жерде дүниеге келген.  Осы уақытқа дейін көптеген тарихи еңбектерде, кітаптарда Керейден шыққан екі Қожаберген туралы айтылады. Тіпті кейбір зерттеулер ол екі батырды бір Қожаберген ретінде сипаттайды. Екіншісі – Абақ Керейдің Шұбарайғыр руынан шыққан батыр Қожаберген Жәнібекұлы бар. Екеуі де жоңғар заманында өмір сүрген атақты батырлар болғаны шындық. Қожаберген Толыбайұлы 1663-1763 жылдары өмір сүрген болса, Қожаберген Жәнібек. 1723-1785 жылдары өмір сүріпті. Тарихта бір есімді иеленген тұлғалар көп. Мысалы Бөгенбай есімді тұлғалар үшеу, Барақ есімділер төртеу.

Деректемелік талдаудың келесі бір кезеңінде оның пайда болған жерін анықтау қажеттілігі туындайды. Жырдың мазмұны оның Батыс Сібір жерінде (Қазіргі Қостанай, Солтүстік Қазақстан) жазылғанын меңзейді.

Сібірдің батыс жағын мекендеген,

Ен жайлап керей-уақ еркіндеген.

Ту ұстап “Ошыбайлап”  ұран салсам,

Жігіттер бірі қалмай соңыма ерген.

Уақыты ХVІІІ ғасыр.

Төрелер әз Тәукедей бола алмады.

Оларға қазақ көңілі тола алмады.

Арамза Қайып Болат сатқын болып,

Кездейсоқ ел жағдайы оңалмады, – дейді жырау.

Соңғы оқиғада Тәуке хан тақтан түсіп, орнына отырған мұрагерлері елді жоңғарларға қарсы ұйымдастыра алмағандығы айтылады.

Соңғы оқиғада Тәуке хан тақтан түсіп, орнына отырған мұрагерлері елді жоңғарларға қарсы ұйымдастыра алмағандығы айтылады.

Жырдың пайда болу уақыты мен пайда болған жері талас тудырмаса да, оның авторлығына кейбір зерттеушілер күмән келтіреді. Қазақ тарихында бір-бірімен аттас ақын-жыраулар, шешендер, қолбасылар мен батырлар көп. Осындай кісілерді бір-бірінен ажырата алмай, бірінің басындағы қасиетті екіншісіне апарып теліп, оқырман алдында да, аруақ алдында да кешірілмес күнаға батып, адасып жүретін сәттеріміз аз емес.

Шығарма 7 бөлімнен тұратын 3683 шумақ, яғни 14732 жол өлең. Қазақ әдебиетінде 11 буынды, 4 тармақты, қара өлең ұйқасымен шығарма жазудың негізін салушы осы Қожаберген жырау десек, қателеспейміз. Деректемелік талдаудың келесі бір деңгейі оның мәтінін талдау. Қазақтың ауыз әдебиетінің кез келген ескерткіші өзінің алғашқы қалпын сақтамаған. Заман өте келе ақын-жыраулардың жаңа ұрпағы дастанға көптеген өзгерістер кіргізген. ХХ ғасырдағы ескерткішті көшіріп жазушылар бүгінгі оқырманға түсініксіз сөздерді қолданыстағы терминдермен ауыстырған. Бұл бүкіл әлем ғылымында бар процесс.

Дастан мәтінін текстологиялық талдаудан өткізу үшін арнайы филологиялық дайындық керек. Бүгінгі қазақтың әдеби тілі өз дамуында бірнеше деңгейлерді басынан өткізген. Әрбір тарихи кезеңдегі қазақ тілінің өз ерекшеліктері бар екендігі белгілі. Соңғы 20 жылдың ішінде қазақ тіліне қаншама жаңа сөздер кірді.

“Елім-ай” тарихи жырға жатады. Ахмет Байтұрсынұлы “Тарихи жыр деп тарихта бар, мағлұм оқиғалар турасында өлеңмен шығарылған сөздер айтылады” дейді. Жырдың негізгі арқауы қазақ тарихындағы ХҮІІІ ғасыр. “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген атпен тарихқа кірген қайғы-қасіретке толы ғасыр. Жоңғарлармен, Қытаймен, орыстармен қиян кескі шайқастарға, ерліктерге толы ғасыр.

“Елім-ай” дастанында қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресі шынайылықпен көрсетіледі. Жыраудың саяси көзқарасы бүгінгі тарихи концепциямен сабақтасып жатыр. Дастанда көптеген батырларға, билерге, хан-сұлтандарға басқа да тарихи тұлғаларға сипаттама беріледі.

Қожаберген шығармаларының қазақ поэзиясына, тарихнамасына кіргізген үлесі жөнінде аз айтылған жоқ. Дегенмен де, академик Манаш Қозыбаевтай жеткізіп, жетілдіріп, тебіреніп баяндама жасаған адам кемде-кем. Оның Солтүстік Қазақстан университетінде жасаған баяндамасы – Қожаберген жырауға берілген зор баға.

“Елім-ай”-дан басқа Қожаберген жырау “Ататек”, “Баба тілі” сияқты дастандардың авторы. Қожаберген жырау туралы, оның шығармалары жөнінде өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап баспасөз бетінде көріне бастады. Текстологиялық талдау үшін осы шығармалардың қолда бар нұсқаларын салыстыру қажет.

Тек толық сараптамадан өткен шығарма ғана тарихи деректің санатына қосылады.

Аманжол КҮЗЕМБАЕВ,

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp