Өңірде “Жасыл ел” еңбек жасақтарының жұмысы жалғасуда. Биылғы маусымда бұл жұмыстарға 600-ден астам солтүстікқазақстандық жас жұмылдырылған. “Жасыл ел” жобасы бойынша қол күшін қажет ететін жұмысқа 16 мен 29 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Олар 1 ай еңбек етеді. Сонымен қатар, аталған жоба аясында 14 жастағы жасөпірімдер де еңбекпен қамтылады. Олар негізінен елді мекендердегі саябақтар мен көшелерге күтім жасайды.
– “Жасыл ел” бағдарламасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы жолы жобаны мемлекеттік тапсырыс негізінде “Қазақстанның болашағы үшін” қоғамдық студенттер бірлестігі қолға алды. Олар “Қызылжар” орман шаруашылығы, Жастар ресурстық орталығы мен “Зенченко” серіктестігінің демеушілігі арқылы жұмысқа орналасты. Оларға жасы мен жұмыстың ауырлығына қарай жалақы төленеді, – дейді “Жасыл ел” жасақтарының үйлестірушісі Рүстем Арманов.
Бүгінде қала маңындағы “Қызылжар” орман шаруашылығында 14 жас еңбек етуде. Олар әдеттегідей 8 сағаттан аптасына 5 күн жұмыс істейді. Шаруашылық аумағын тазалау, өсімдіктерді суару, абаттандыру жұмыстары жүктелген.
– “Жасыл ел” жайлы туыстарымнан естідім. Ести сала бірден құжат жинауға кірістім. Жалақысы жаман емес. Өзімнің қажеттіліктеріме жетеді. Жұмыс та айтарлықтай қиын деп айта алмаймын. Жаңбыр жауғанда немесе күн қатты ысып кеткенде үйге жібереді. Қоршаған ортаны тазалап әрі абаттандыра жүріп еліміздің экологиясына өз үлесімді қосып жатқаныма қуанамын, – дейді еңбек жасағында тер төгіп жүрген оқушы Досжан Мұхаметжанов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.