Түртіп қалсаң, тасы төгіле сыр шертетін қасиетті Қызылжар өңірінде тарихи орындар көптеп кездеседі. Ол жерлерді қадірлеп-қастерлеу – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр.
Тарихи мекендердің бірі – “Байқара” ғибадатхана кешені. Бұл нысан Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласының солтүстігінде, Есіл өзенінен батысқа қарай екі шақырым жерде орналасқан. Ескерткіш қола дәуiрi, ерте темiр ғасыры, ерте және кеш орта ғасыры кезiнде біздің өңірімізде өмір сүрген тайпалардың материалдық және рухани мәдениетiн сипаттайды. Бұл тарихи жерді ең алғаш рет 1956 жылы К.Ақышевтің басшылығымен Солтүстiк Қазақстан археологиялық экспедициясының жасағы зерттеген. Кейiнгi жылдары бiрнеше рет археолог В.Зайберт пен А.Плешаковтың ұйытқы болуымен Солтүстiк Қазақстан археологиялық экспедициясының барлау жасағы қайта инспекциялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.
1997-1999 жылдары жазғы маусымда Германия-Қазақстан археологиялық экспедициясы бiрлесе отырып, Герман археологиялық институтының (Берлин) Еуразия бөлiмiнің басшысы Г.Парцингердiң және Солтүстiк Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі В.Ф. Зайберттiң бастамасымен зерттеу жалғасын тапты.
Қазба жұмысы кезінде күтпеген жаңалық ашылды. Аталған қорған жерлеу орны емес, сақ дәуіріндегі мәдени ғимарат, ғибадатхана болған екен. Біздің заманымызға дейінгі 5 ғасырда қабырғасы қаланған күрделi архитектуралық ғимарат тас, шым, қыртыстың бөлiгi, ағаш пен балшық сияқты әртүрлi материалдардан жасалған.
Ғибадатхананың солтүстік бөлігі жолдармен қоршалған. Қазба жұмыстары кезінде биіктігі 5,8 метрден, ал диамертрі 62 метрден асатын қорған үйіндісі анықталды. Зерттеулерге қарағанда 18 ғасырда қарақшылардың шабуылынан соң, бұл нысанның жоғары қабаттары қираған.
Біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасырда ежелгі сақ тайпасы негізін қалаған нағыз архитектуралық құрылым блоктардан тұрғызылған. Саздың жоғары бөлігі гидроизоляцияланып, жұқа тастар төселген. 90 метр радиуста қайың қабығымен өрілген ағаш құрылымның арқасында сақталған. Ал бұл дегеніңіз – кем дегенде 90 вагондық орман ағашы. Қазба жұмыстары кезінде табылған қолжебе ұштары, пышақтар, құралдар, ыдыс-аяқтар, балық аулау кезінде торға салынатын тастан жасалған құрал археологтардың таңданысын туғызды.
Мамандар бұл орыннан табылған сүйек қалдықтары Сармат көсемінікі деп топшылауда. Алғашқы уақытта бұл жерде сақ жауынгерлері жерленген кейін олардың орнына Самрат көсемдерінің мүрделері қойылуы мүмкін.
Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Анатолий Плешаковтың айтуынша, ғибадатхана көбінесе дүниеден өткен адамды жерлейтін жер деп қабылданады. “Байқара” обасы жерден қазылған оба емес, кәдімгі үш үлкен бөлмесі бар құрылым. Сол дәуірде өмір сүрген адамдар бұл ғибадатханада өздерінің қалыптасқан дәстүрлеріне сай шаралар өткізген, Құдайға табынған. Бірақ олардың қалай табынғандары белгісіз. Байқарада осындай бірнеше оба бар. Әр тайпаның өз ғибадатханасы болған.
Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бөлім меңгерушісі Жанат Оразбекұлының айтуынша, қазіргі таңда ғибадатханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң бұл жерге сақ жауынгерлерінің сүйектері қайта жерленбек.
“Байқара” ғибадатхана кешені – киелі нысан деп танылып, Солтүстік Қазақстан облысының кешенді даму жоспарына енгізілді. Оны мұражай ретінде қайта құру мақсатында республикалық бюджеттен 55 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары барысында Сергеевка қаласының негізгі тас жолынан Байқара ғибадатханасына дейін тікелей 3 шақырым жол салынып, жолбағдар қойылмақ.
Бұл жөндеу жұмыстары – киелі мекендерімізді, тарихымызды, мәдени мұрамызды, рухани құндылықтарымызды бойымызға сіңіріп, өңіріміздегі қасиетті орындарды жаңа деңгейде танытудың алғышарты.
Қызылжарда киелі жерлер, қасиетті мекендер көп-ақ. Әйтсе де олардың жеткілікті дәрежеде дәріптелмеуі көңілімізге мұң ұялатады. Алдағы уақытта еліміздегі тарихи маңызы бар, көпшіліктің назарын аударатындай киелі жерлеріміздің терең зерттелетініне, сеніміміз зор.
Ақтұйғын ШОПАНОВА.
Шал ақын ауданы.