«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғашық жүректің сөзі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елге белгілі ірі тұлғалардың шығармашылығын тек біржақты қарау – сол адамға әрі тарихқа жасалған қиянат болар еді. Ұлы тұлғалардың өмір жолына қарап отырып, бүгінде ел аузында жүрген “Талантты адам қай салада да талантты” деген тәмсілдің растығына көз жеткізе түсемін. Бұл бүгінде күллі қазақ елі пір тұтып, жырын жаттап жүрген Абай Құнанбайұлына да қатысты. Абай – сан қырлы тұлға. Ол – тек әдебиетте ғана емес, философияда, ағартушылық салада, музыкада жаңаша соқпақ салған данышпан, ғұлама. Қазақтың бас ақынының домбыра құлағында ойнап, бірнеше күй шығарғаны да бүгінгі қауым үшін таңсық емес.

Абайдың тағылымы мол өлеңдері мен оқырманды ойға жетелейтін қара сөздерінен бөлек, музыкалық мұрасы да – үлкен қазына. Оның әндері осы күні де жаңаша сипатқа еніп, шырқалып келеді. Абай әні дегенде есімізге, ең алдымен, “Айттым сәлем, Қаламқас!” туындысы түседі. Үш шумақтан тұратын ән ақынның махаббат сезімін паш етеді. Алайда шығармадағы басты кейіпкер кім? Талғамы биік тыңдарманның жүрегіне жол тауып, махабаттың жыршысына айналған әннің тууына кім себеп болды екен?

Бұл ретте ойға, ең алдымен, жас Абайдың алғашқы сүйген қызы Тоғжан түседі. Ол – Бөкенші руынан шыққан Сүйіндіктің қызы. Қарауыл өзенінің бойындағы Сүйіндік ауылына келіп, өзінің сүйіктісі Тоғжанмен дидарласып қайтарында Абайды қыздың ағалары Асылбек, Әлібектер көріп қалып, жүйрік атпен зорға қашып құтылған. Сол жолы бір төбенің басына барып отырып, өзіне өзі тоқтау салып “Сап, сап, көңілім, сап көңілім” өлеңін шығарады.

Сап, сап, көңілім, сап көңілім!

Сағынышқа сарғайма!

Жай жүрсең де қыз қумай,

Біреу сені қорғай ма?..

Тоғжан мен Абайдың махаббаты Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясында көркем суреттеледі.

“Айттым сәлем, Қаламқас!” шығармасын Тоғжанға арнап 1889 жылы жазылған екен. Әні сол жылдардан кейінірек шығарылған. Өлеңде ақын жастықты, сұлулықты, ғашықтықты жырға қосып, бірін-бірі сүйген екі жастың сүйіспеншілігін, ішкі сезімдерін ашып көрсетеді. Кейіпкер монолог арқылы оның жан жүрегін, кіршіксіз ақ махаббатын сөйлетеді. Туындыдағы сүйген қызына сәлем жолдаушы жігіт – Абай тұсындағы оқыған, өмірден тоқығаны көп жаңа тұрпатты азамат.

Жігіт үшін бұл дүниеде сүйгенінен артық ешкім жоқ. Бәрін соның жолына құрбан етуге әзір. Сол антының растығын сағынғанда көзіне келетін ыстық-ыстық жасымен дәлелдейді. Өлең бірте-бірте ыстық ләззат сезімін тербеп, жан мен тән іңкәрлігіне жетелейді.

“Иығымда сіздің шаш,

Айқайласып тай-талас.

Ләззат алсаң болмай ма?

Көз жұмулы, көңіл мас?” – деп көркем сурет жасайды.

Абайдың бұл өлеңі алғашқыда “Сәлем хат” деп жазылса, содан кейін “Жігіт сөзі”, кейіннен әнімен айтылғандықтан “Айттым сәлем, Қаламқас!” болып жүр. Бұл ән үш шумақ қана. Қалған шумақтары кең дауыспен айтуды көтермейді, тек оңашалықты, іштен тынуды қалайды.

Абайдың “Айттым сәлем, Қаламқас!” әнін алғаш орындап елге таратушылар жергілікті ауыл адамдары Әлмағанбет Қапсаламов (1880-1931ж.) скрипкашы, әнші Мұқа, әйелі әнші Әйгерім, немересі Кәкітай, баласы Тұрағұл. Әлмағанбет “Айттым сәлем, Қаламқас!” әнін өте жақсы орындап, ол сол кездегі Қазақ АССР астанасында 1921, 1924, 1925 жылдары үш рет сахнаға шыққан. Алғаш “Айттым сәлем, Қаламқасты” А.В.Затаевич Мұхтар Әуезовтің орындауында нотаға түсірген. Одан кейінгі жылдары Б.Г.Ерзакович Темірболат Арғынбаев және Мұсылманқұл Әпсалықовтан нотаға түсірген. Ахмет Жұбанов Мәкен Мұхаметжановадан Абайдың 17 әнін жазып алған. Л.Хамиди де Семейге барып Абайдың біраз әндерін тапқан. 1945 жылы Абайдың 100 жылдығына байланысты Б.Г.Ерзаковичтің нотаға түсіру үлгісімен дирижер, композитор Л.М.Шаргородский симфониялық оркестрге түсіріп, Абайдың “Айттым сәлем, Қаламқас!” әнін тұңғыш рет сахнада нотаға қарап орындағанын Қазақстанның халық әртісі Байғали Досымжанов (1922-1998 ж.) өз естелігінде жазады. Кейін нотаның осы үлгісін алып Л.Хамиди Абайдың “Айттым сәлем, Қаламқас!” әнінің түпнұсқасын сақтай отырып байытып, кең тынысты созыла айтатын романс жанрына дейін көтеріп, нотаға түсірді. Сөйтіп Л.Хамиди қазақтың ән романсы жанрының дамуына үлес қосты. 1956 жылы Абай операсын екінші рет редакциялағанда М.Әуезов Айдардың ариясы болып орындалған бұл әнді өте жақсы бағалап, ризашылығын білдірген екен. Арияны орындаған Байғали Досымжанов қазақ музыка өнері тарихында мәңгіге із қалдырды. Бұл әннің шығу тарихын, орындалуын Маргарита Шагинди Мәскеуде радиоға жаздырып, бүкілодақтық эфирге берген. Бұл хабарды естіген музыка білгірі Александр Пирогов қазақта осындай да ән романсы барына таңдай қаққан екен.

Мұхтар Әуезовтің романы арқасында Абай мен Тоғжан махаббаты күлі оқырман қауымды тебірентті. Кейіннен осы оқиғалардың негізінде “Абай-Тоғжан” қойылымы да көрерменге жол тартты. Бойжеткен шағында Абаймен кездескен арудың одан кейінгі өмірін зерттеуге талпыныс жасағандар да болды. Деректерге сүйенсек Тоғжан Сүйіндікқызы Аққозыға тұрмысқа шығып, қайтыс болғаннан кейін Аққозы қыстағына жерленген. Сондағы көзкөрген ақсақалдардың айтуымен тоқсаныншы жылдары жұршылық Тоғжанның бейітін тапқан. Кейін бұл жер қоршалып, арнайы белгі орнатылды.

Ақын Абай Тоғжанға тек осы әнін ғана емес, өзінің “Жарқ етпес қара көңілім не қылса да” деген жырын да арнаған.

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да,

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да,

– деген өлең жолдары ақынның оттай ыстық сезімінің айғағындай.

Қазақ әндерінің шығу тарихына қатысты баспасөз беттерінде қайта-қайта көтеріліп отыратын дау Абай әндерін де айналып өткен жоқ. Кей зерттеушілер “Айттым сәлем, Қаламқас!” әнінің Бөкеншіден шыққан Тоғжан Сүіндікқызына емес Жәнібектің қызы Тұржанға арналғанын айтады. Өз заманында Тұржан сұлудың Қаламқас есімі сол маңдағы елге түгел жайылған екен. Қарап тұрсақ, екі нұсқа да шындыққа жанасады. Бір өкініштісі, аталған әннің нақты кімге арналғаны туралы Абайдың көзін көргендердің естеліктерінде де, “Абай жолы” романында да мардымды дерек жоқ. Жүздеген зерттеуге, ғылыми еңбекке арқау болған ақын шығармаларының биік шыңы саналатын ғажайып әннің нақты тарихы әлі күнге анықталмай жатқаны қызық. Абайға дейінгі, Абай заманындағы әнші-ақындардың белгілі туындыларының дүниеге келу баяны анықталып жатқанда, қалайша әннің басты кейіпкері Қаламқас туралы ел арасында бір де бір әңгіме, аңыз қалмаған? Болған күннің өзінде бүгінде бізге белгісіз сол оқиғалар ұмытылып кетуі немесе әлі назарға ілікпей жатуы да мүмкін.

Абай Құнанбайұлы қазақтың әдебиетімен қатар музыкасын да әлемге танытты. Бүгінде оның әндері әлемдік сахналарда шырқалып, халықаралық байқауларда жоғары бағаланып жүр. Сондықтан да біз осындай туындылардың дүниеге келуіне себеп болған ақын жүрегіндегі таза махаббатқа бас июіміз керек. Абай мен Тоғжанның жас кезіндегі махаббатынан туған ән бүкіл дүние-жүзіне таралып, аспанымызда әлі күнге дейін қалықтап тұрғандай.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp