Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңіріміздегі ауыл мектептеріне 29 заманауи автобус табысталды. Бұл балаларды мектепке және үйлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе мектептері жоқ шалғайдағы халқы аз ауылдарда тұратын балалар автобуспен қамтамасыз етіледі. Көліктерді салтанатты табыстау рәсіміне облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты.
“Елімізде білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттің қолдауының арқасында өңірде білім беру жүйесін дамытуға қомақты қаржы бағытталуда. Біз балалар қауіпсіздігін нығайтуға ерекше мән беріп отырмыз. Бүгін ауыл мектептеріне жаңа 29 автобустың кілтін табыс еттік. Жаңа автобустар оқушылар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз болады. Елді мекендердегі білім ордаларын көліктермен қамтамасыз ету ісі алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Одан өзге мектептер жөнделуде. Мұның барлығы білім сапасының артуына жол ашады”, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Ашық сары түсті, 21 орындық автобустар жылдамдық шектегішпен, қауіпсіздік белдіктерімен және салқындатқышпен жабдықталған. Тіпті ерекше балаларға арналған пандустар мен жүргізушіні шақыратын түймелеріне дейін бар. Яғни оқушылар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз. Жаңа автобустарды сатып алуға 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Жалпы облыс бойынша 143 автобус ауыл мектептерінің оқушыларын тасымалдайды. 2 мыңнан астам (2621) бала үшін 297 елді мекеннен жеткізу ұйымдастырылатын болады. Күнделікті тасымалдауда – 1618, апта сайын 1003 оқушы қамтылады. “Бұл автобустар Қарағанды облысындағы Саран қаласында құрастырылған. Оқушыларға ыңғайлы болуы үшін барлық талаптарға сай жасалған. Жалпы биыл 146 автобуспен 2 мыңнан астам баланы тасымалдаймыз. Оның 57-ге жуығы соңғы үш жылда жаңартылған”, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
Жаңа көліктің кілтін алғандардың бірі Шал ақын ауданындағы Афанасьевка орта мектебінің директоры Қызжібек Жанбекова. “Біздің мектеп 10 жылдан астам уақыттан бері екі ауылда, яғни, Двойники және Рясенкиден оқушыларды күнделікті тасымалдауды ұйымдастырып келеді. Өткен оқу жылында осы ауылдардан 13 баланы тасымалдап жүрдік. Биыл аталмыш ауылдардан 11 бала қатынамақ. Жаңа автобустың кілтіне ие болғанымыз үшін қуанып тұрмыз. Бұл жағымды жаңалық балалардың оқуға, мектепке баруға деген ынтасын арттырары сөзсіз”, – дейді ол.
Су жаңа автобустар біздің өңірімізден бөлек, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Түркістан, Қызылорда және Павлодар облыстарының мектеп автопаркін толықтырғанын айта кеткен жөн.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында облыс орталығында 4 жаңа білім беру мекемесі салынбақ. Ал қаладағы “Береке” шағын ауданында түзету мектеп-интернатының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Мектепке дейінгі білім беру саласында орын тапшылығын төмендету бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, “Жас Өркен” және “Береке” шағынаудандарында 2 балабақшаның құрылысы басталады.
Ал барлық талаптарға сай, ашық сары түсті заманауи көліктер бүгін техникалық байқаудан өтіп, ауыл мектептеріне жол тартады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.