«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТ БЕСІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Мерейлі отбасы” ұлттық бай­қауы – елімізде дәстүрлі түрде өткізі­ліп келе жатқан іс-шара. Ондағы мақ­сат – отбасылық құндылықтарды дә­ріп­теу, отбасы институтының мәрте­бесін, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, қа­зақ халқының бағзыдан келе жатқан тәрбиесін ұлттық құндылық ретінде жандандыру. Байқау үш кезеңнен тұрады. Аудандық және қалалық ке­зеңнің жеңімпаздары облыстық сайыста бақ сынап,  одан сүрінбей өткендер республикалық кезеңге жолдама алады.

Биылғы сайыстың облыстық кезе­ңі шілде айында өтті. Оған 28  от­басы қатысты. Байқауға қойылатын талаптар мен бағалау критерийлері негізінде жеңімпаздар анықталып, олар жүлделі үш орын мен 25 ата­лым бойынша марапатталды. Қызылжар ауданынан қатысқан Бекбола­товтар отбасы екінші орынға табан тіреді.

Ата, бала, немере болып сахнаға шыққан отбасы ұрпақ сабақтасты­ғы­ның жарқын үлгісін көрсетті. Әулеттің мақтанышы – грек-рим күре­сінен облыстық, республикалық, ха­лықаралық додалардың жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аманғали Бекболатов.

Отбасының ең кішкентай мүшесі – бір жарым жас­тағы Ахмет. Бастауыш сыныпта оқи­тын Ақерке мен Амира есімді қыз­дардың болашағы зор.

Кішкетайлардың ата-әжесі Назар мен Ажар Қызылжар ауданының Архангелька елді мекенінде тұрады. Жас отбасының тұрғылықты жері Петро­павл қаласы болғанымен, балалар үлкен үйге жиі барып тұрады екен. Отанасы Ақботаның мамандығы –  заңгер. Бүгінде бала күтімімен үйде отыр.

– Мен кәсіби спортпен айналы­сып жүргендіктен жыл он екі айдың жартысын түзде өткіземін. Ондай кезде келіншегім Ақбота балалармен бірге ата-анамыздың үйінде жүргенді ыңғайлы көреді. Өзім де балалардың тәрбиесіне екі жақтың үлкендері араласқанын қалаймын, – дейді Аманғали.

Байқау талабы бойынша отбасының бір күндік өмірін сипаттайтын бейнематериал дайындау керек болған. Отағасының айтуынша, ұжымдасып жасалған сол материал қазылар алқасының наза­рына ілігіпті. Бейнетуындыда бір-бірлерін сүйіспеншілікке бөлеген бақытты отбасының шынайы өмірі суреттелген.

– Бейнематериал жасаған кезде балаларыммен спорт залға барып, ойын алаңында ойнап, әдетте өзіміз қалай дем алатынымызды көрсеттік. Спортқа балаларымды денсаулық­тарын күту үшін ғана баулып жүрмін, кәсіби спортты таңдай ма, жоқ па, оны өздерінің жүрек қалауы біледі,  – дейді Аманғали.

Бекболатовтар отбасында қалыптас­қан дәстүр – қасиетті жұма күні балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап,  сыйлықтар тарту ету.

Ақбота – Жамбыл ауданының Май­балық ауылының қызы. Оған ата-анасы Сұңғат пен Айгүл де қол­дау көрсетіп келеді.

– Қыздарымыз өскен сайын олардың болашағы туралы ойлана бастайды екенсің. Көргенді әулетке, жақсы жігітке тұрмысқа шықса деп тілейсің. Болашақта өзіміз де ата, ене боламыз. Қартайғанда ба­ла­ларымыз бізге ерекше құрмет көрсетсе, нағыз бақыт сол емес пе?  Қа­зақта “атаңа не істесең, алдыңа сол келеді” деген мақал бар. Дұрыс ай­тылған. Мен де өзімнің әке-шешемді қалай жақсы көрсем,  келіншегімнің де ата-анасына сондай сый көр­сет­кенді жөн көремін, – дейді Аманғали.

Ол әңгіме арасында бойындағы елжандылық қасиетінің анасынан да­рығанын айтты. Анасы баласының қа­зақ тілін жетік меңгеруін, ешкімнің ала жібін аттамауын, досқа адал, жанашыр болуын айтудан жалыққан емес.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp