«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИҚАНДАР — ДАЛА ТӨСІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз маслихаты “2023 жылғы астық жинау науқанының барысы” тақырыбына арналып, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев баяндама жасады.

 Биыл облысымызда 4,5 млн. гектар жерге дән сіңірілген.  Оның 3,4 млн. гектары – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 685,8 мың гектары – майлы дақылдар, 28 мың гектары – картоп, 5,5 мың гектары басқа көкөністер.

Әртараптандыру шеңберінде жасымық пен күнбағыстың алқаптары ұлғайтылған. 2022 жылы жасымық 66,3 мың гектарға егілсе, биылғы алқап 115,3 мың гектарды құрайды. Күнбағыс та былтырғыға қарағанда 22 мың гектарға көп.

Бүгінгі таңда дәнді дақылдар 645 мың гектар жерден жиналып, 770,8 мың тонна астық қамбаға құйылды. Бұл – жалпы алқаптың 19 пайызы. Егінді жинау ісінде Жамбыл, Уәлиханов және Есіл аудандарының диқандары алда келеді.

Егіншілік – тәуекелі көп сала. Жаз бойы егістегі арам шөптер және зиянкес жәндіктермен күрес жүргізіліп, астықтың сапасын сақтап қалудың әрекеттері жасалды. Егісті ылғалмен ұдайы қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Солтүстікқазақстандық аграршылар соңғы жылдары суармалы тәсілдерге көп көңіл бөлуде. Осы жылы су үнемдеу технологиялары жетілдірілген бес инвестициялық жоба енгізіліп, 1,5 мың гектар жер суармалы егіске айналды.

Биылғы астық жинау науқанына әртүрлі модификациядағы 13,1 мың трактор, 7,5 мың комбайн,  4,6 мың дестелегіш, 1,7 мың бүріккіш, 1,0 мың шөп шапқыш трактор және 5,8 мың жүк автомобилі жұмылдырылуда. Жыл басынан бері шаруашылықтар 43,3 млрд. теңгеге 1660 бірлік заманауи техника сатып алған. Биыл да диқандарға арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қажетті мөлшер – 58,9 мың тоннаны құраған. Бір литрінің бағасы – 250 теңге.

Облыс бойынша астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы – 6,8 млн. тонна, оның 3,2 млн. тоннасын лицензияланған 48 астық қабылдау кәсіпорны, 3,6 млн. тоннасын агроқұрылымдардың өз қоймалары қабылдайды. Биыл сыйымдылығы 22 мың тоннаны құрайтын үш жаңа қойма салынып жатқанын да айта кеткеніміз жөн.

Спикердің айтуынша, форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 8,0 млрд. теңгеге 44 өтінім берілген. “Азық-түлік корпорациясы” ҰК” акционерлік қоғамы астықты қабылдау және сақтау үшін 23 уәкілетті астық қабылдау кәсіпорнымен шарт жасасқан.

Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға биыл мемлекеттік қордан 63,1 млрд. теңге бөлінді. Өсімдік шаруашылығын дамытуға – 19,6 млрд., мал шаруашылығына – 9,6 млрд., басқа бағыттарға – 33,9 млрд. теңге бағытталды. 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp