«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: ЖАҢА МАҚСАТТАР МЕН МІНДЕТТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тамыз конференциясының өңірдегі жұмысы екі күнге жалғасып, алғашқы күні облыстық секция аясында мұғалімдерге ортақ мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыға түсті. Биылғы алқалы жиынның басты ерекшелігі – Тамыз кеңесі жалпыреспубликалық сипат алып, білім беру процесінің әр қырын қамтып отыр. Осылайша еліміздің 20 өңірінде берілген тақырыптар бойынша жиындар ұйымдастырылды. Өңірімізге келген меймандар мен жергілікті мамандар “Педагог кадрларды дамыту” тақырыбында сөз қозғап, тәжірибе алмасты. Оқушылар сарайында өткен басқосуға “Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығы, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы, “НЗМ” ДББҰ өкілдері, облыстағы балабақша, мектептердің басшылары, қызметкерлері, жалпы саны 500-дей педагог қатысты.

Шара барысында алғашқы болып сөз алған елордадағы “Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығының ғылым, инновация және талдау департаментінің басшысы Ксения Тұрсынбаева педагогтардың қызметін стратегиялық жоспарлау жайлы баяндады. Маманның сөзінше оқу процесін тиімді жоспарлау оқушылардың жетістіктерін арттырудың бірден бір жолы.

– Бүгінгі көтеріліп отырған тақырып педагогтарды дамыту жайлы болғандықтан, мен осы бағыттағы өз зерттеуімнің нәтижелерін ұсынбақпын. Зерттеулер көрсеткендей, мектептегі мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру жоспарлы түрде, белгілі бір тәртіппен жүргізілуі керек. Алайда біздің білім орындарында қызметкерлердің біліктілігін арттыруда жүйесіздік байқалады. Көп жағдайда мектептегі мұғалімдердің бір бөлігі ғана өз білімдерін жетілдіріп, ал өзгелері сырт қалып жатады. Сонымен қатар біз елдегі мыңнан астам мұғалімге сауал жолдап, олар үшін пәнді оқытуда қиынға соғатын ортақ тақырыптарды анықтадық. Аталған тақырыптарды пәндік курстарға енгіздік, – дейді Ксения Тұрсынбаева.

Бұдан бөлек, зерттеуші 46 мың мұғалімнен сауалнама алып, олардың кәсіби даму қажеттіліктерін, біліктіліктерін арттырудағы қиындықтарды анықтаған. Зерттеу нәтижесінде ел мұғалімдерінің ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды және үлгерімі төмен оқушыларды оқытуда көмек қажет ететіндігі белгілі болыпты.

Шара барысында педагог кадрларды даярлау, басқа мамандық иелерін педагогикалық мамандықтарға қайта даярлап шығару мәселелері де сөз болды. Өңір мектептеріне сапалы маман даярлауда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің мамандары бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Биылдың өзінде аталған оқу орнынан 800-ден астам жас педагог тиесілі дипломын алып, оқуын бірген. Университеттің педагогикалық факультетінің деканы Айгүл Нұрпейісованың сөзінше, мұнда педагогикалық 10 бакалавриат, 5 магистратура бағдарламасы негізінде білім беріледі.  Бүгінде университет оқытушылары түлектердің педагогикалық мамандықтарға деген қызығушылығын оятып, білім беру сапасын арттыру жолында жұмыс істеуде. Олар осы уақытқа дейін 30-ға жуық инновациялық оқу бағдарламасын әзірлепті. Факультет деканының сөзінше, педагогикалық мамандықтардың оқу бағдарламалары Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде жасалған. Сонымен қатар бұдан былай педагог мамандарды даярлауда теориялық біліммен қатар тәжірибеге де баса мән берілетін болады. Бұл жолда университет облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып келісімдер жасасып, қаладағы білім ордаларымен байланыс орнатқан. Осылайша өз мамандығы бойынша еңбек етіп, ауылдық жерлерде жұмысқа орналасқан түлектердің қатары артқан екен.

Оқу-ағарту саласын өркендету үшін университеттер мен колледждерде білімді жастарға диплом беру аздық етеді. Тіпті оларды жұмыспен қамту да мәселені шешпейді. Бір өкініштісі, жүргізілген зерттеулер мектептерде еңбек ететін жас мамандардың алғашқы жылдары өз таңдауынан айнып қалатынын көрсеткен. Бұған жас мамандардың тәжірибесінің жоқтығы, оларға дұрыс жөн сілтейтін тәлімгерлердің аздығы себеп. Аталған түйткіл облыстағы білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының мамандарын да алаңдатып отыр. Орталық директоры Роза Саркен өз баяндамасында өңірдегі жас мамандарға кәсіби көмек көрсету жайында айтты. Оның айтуынша, бүгінде өңірде еңбек өтілі 3 жылға жетпеген 2 мыңдай жас маман бар. Әдістемелік орталық мамандары жүргізген зерттеулер жастардың мектепке келгенде іс-қағаздар жүргізу, сабақты жоспарлау, балалар және ата-аналармен байланыс орнату кезінде қиналатынын көрсеткен. Аталған түйткілді шешу үшін соңғы екі жылда жас мамандарға арнап түрлі іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынған. Қызылжарлық мұғалімдер өзге қалаларға барып, кейін өзімізде де алғашқы жас мамандар слетін ұйымдастырыпты. Демеушілердің қолдауымен мұғалімдер арасында “Дебют” байқауы өткізілген.

– Оқушылар мектептен заманға сай, білімді, жаңашыл, өздеріне үлгі болатын мұғалімді көргісі келеді. Біз өз кезегімізде мамандардың мектеп өміріне тез бейімделіп, өздерінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына себеп болсақ дейміз. Жуырда өңірімізде алғаш рет халықаралық жас педагогтар слеті өтіп, оған алыс-жақын шет елдерден білікті мамандар қатысып, тәжірибелерімен бөлісті. Өткізілген жиындар барысында жас мамандарға жетекшілік ету, оқытудың озық технологиялары, альфа буын балаларына тәлім беру жайында айтылды. Мектептерге жас мамандарды тарту үшін арнайы өңірлік тұжырымдама қабылданды, – дейді Роза Саркен.

Жиын барысында мектепке дейінгі білім беру, балабақша қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жайы да сөз болды. Балабақша жұмысын жолға қойып, бүлдіршіндерге тәрбие беруде Ақтөбе облысы, Қобда ауданының тәжірибесі көпке үлгі. Аталған ауданда балабақшалар жанынан кеңес беру орталықтары құрылып, ата-аналармен жұмыс жүйеленген. Аудандағы осындай игі бастамалар жайлы өңір педагогтарына Ақтөбе өңіріндегі Қобда аудандық білім бөлімінің маманы Айнагүл Мусина баяндап берді.

Кеңес тақырыбы педагогтардың біліктілігін арттырып, кәсіби дағдыларын дамыту жайында болғандықтан, шетелдік тәжірибе де ескерусіз қалмады. Жиналғандарды Еуропаның білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен Эстонияның Тарту университеті жанындағы Нарва колледжінің меңгерушісі Анна Голубаева таныстырды. Шетелдік сарапшы білім беру саласындағы соңғы өзгерістерді, жетістіктер мен өзгешеліктерді айтып берді. Оның сөзінен ұққанымыз, дербес мемлекет ретінде дамуға бет алған Эстонияда мемлекеттік тілде білім беру мәселесіне нүкте қойылған. Халқы 1 миллионнан асатын елде 70 мыңдай оқушы бар екен. Ал біздің өңірдегі оқушылар саны одан да көп.

– Эстонияда жергілікті ұлт халықтың 69 пайызын құрайды. Мұнда мемлекеттік тіл – эстон тілі. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін мұнда эстон және орыс тілді екі білім беру жүйесі қатар дамыды. Орыс мектептерінде мемлекеттік тіл екінші тіл ретінде оқытылды. Алайда мұндай шағын мемлекет үшін бұл жол тиімсіз еді. Сондықтан да 2024 жылдан бастап елімізде білім беру толықтай эстон тілінде оқытуға көшпек. Осылайша 6 жылдың ішінде барлық білім беру ұйымы тек жергілікті халықтың тілінде оқытатын болады. Ол үшін педагогтарға эстон тілі курстары ұйымдастырылады. Өзге тілді таңдаған түлектер жоғары білімді де тегін ала алмайды. Университеттердегі тегін білім тек эстон тілін меңгергендерге ғана қолжетімді, – дейді Анна Голубаева.

Осыған қарап-ақ, мемлекеттік тілде білім беруде аядай ғана елдің қаншалықты ілгерілеп кеткенін аңғаруға болады. Ал біздегі биыл бірінші сыныпқа қабылданғандардың қазақ сыныптарын таңдағандар үлесі небәрі 4 пайызға өсіп оқушылар санының үштен біріне де жетпеген. Қаладағы – 3, аудандардағы 5 мектепте қазақ сыныптары ашылғанына қарамастан ілгерілеушіліктің мардымсыз екеніне басқарма басшысы да назар аударды. Бір жақсысы алдағы оқу жылынан бастап барлық 5-8, 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырмақ.

Шетелдік сарапшы Эстонияның біз үшін педагогтардың біліктілігін арттыруда да үлгі бола алатынын айтады. Елде педагог мамандарға арналған курстарды өткізетін жекеменшік компаниялар бар. Олардың барлығы министрліктің бақылауында болып, Еуроодақ стандарттарына қатаң бағынады екен.

Секциялық отырыспен қатар Тамыз кеңесі аясында оқушылар сарайында облыстағы мектептердің ұйымдастырған көрмесі де өтті. Көрмеде педагогтар өздерінің озық идеяларын, жаңа өнертабыстарын, білім беруге арналған платформаларын таныстырды.

Тамыз кеңесінің өңірлік жиыны түстен кейін де жалғасын тауып, екінші отырысты облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков ашып,  өңірдің білім беру саласының бүгінгі ахуалы жайлы баяндады. Сөз басында ол биылғы оқу жылының жаңашылдықтарына тоқталды. Баяндамада айтылғандай биылдан бастап 40 мың мектеп оқушысы және 10 мыңдай балабақша тәрбиеленушісі тегін тамақпен қамтылмақ. Қалада 4 мектеп, 2 балабақша, ауылдарда 2 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін мектептердегі 28 пәндік кабинеттер мен 3 зертхана жабдықталған. Халықаралық “PIRLS” рейтингі шеңберінде өңір оқушылары оқу сауаттылығы бойынша үздік нәтиже көрсетіпті. ҰБТ-ның орташа балы 8,5-ке артып, түлектердің 67 пайызы грант иегері атанған.

Өңірдегі дарынды оқушылардың жетістіктері де аз емес. Нәзір Азаматұлы өткен оқу жылында қызылжарлық өрендердің республикалық білім бәйгелерінен 77 жүлде еншілегенін жеткізді. Дарынды балалармен жұмысты жетілдіру үшін өңірде “Қызылжар дарыны” орталығы құрылмақ. Ауыл мектептерін қолдау мақсатында биыл республикалық ауыл мектептері арасында олимпиада өтпек.

– Мектепте біліммен қатар тәрбиені де ақсатып алмау үшін “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы әзірленіп, “Ата-аналарды қолдау орталығы” құрылды. Мектеп пен ата-ананың арасындағы байланысты нығайту үшін “Аналар мектебі”, “Әжелер мектебі”, “Әкелер кеңесі” жұмыс істеуде. Қосымша білім беру де біздің жұмысымыздың басым бағыты. Бүгінде 2528 үйірме, 1530 спорт секциясы жұмыс істейді. Жалпы қосымша білім берумен оқушылардың 80 пайызы қамтылған. Соған қарамастан қосымша білім беруде білікті кадрлар мен қажетті құрал-жабдықтар, оқу құралдары, музыкалық аспаптар жеткіліксіздігі байқалады. Әсіресе техникалық бағыттарды дамыту кемшік. Авиамодельдеу, кеме құрастыру сияқты үйірмелер жоқ. Бұл мәселені шешу үшін білім бөлімдеріне тиісті тапсырмалар берілді, – дейді Нәзір Жәшібеков.

Өткен жылға қорытынды жасап, алдағы жоспарларды айқындаған басқарма басшысы өңірдегі инклюзивті білім беруге де тоқталды. Осы күні облыста ерекше білім беру қажеттілігі бар 4397 оқушы білім алады. Аталған көрсеткіш жыл сайын артып келеді. ЕББҚ бар оқушылардың басым бөлігі психикалық дамудың тежелуінен зардап шегеді екен. Бүгінде арнайы білім беру ұйымдарына кезектің көптігі, мамандардың жетіспеушілігі, оқу құралдары мен кабинеттердің тапшылығы кезек күттірмейтін мәселе. Алдағы уақытта қалада ашылатын аутизм орталығы, құрылысы жүріп жатқан арнайы мектеп-интернат пен өзге ұйымдармен жасалған келісімдер инклюзивті білім берудегі бірқатар түйткілдерді шешпек.

Оқушылар сарайындағы отырыстан бөлек, бұл күні облыс орталығындағы білім ордаларында шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Қаладағы “Нұр-сәт”, “Ақ бота” балабақшалары мен №8 мектепте, М.Жұмабаев атындағы ІТ мектепте түрлі тақырыптарда тренингтер өтті.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

 Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp