Тарихи құжаттардағы деректерге қарағанда, беймәлім ұшатын нысандар (БҰН) барлық заманда болған. Бұрын да олар дәл бүгінгідей аса күрделі маневрлар жасап, көлемін үлкейтіп, не кішірейтіп, ұшып бара жатқан сәтінде кескінін өзгертіп, орасан зор жылдамдықпен қозғалып, кейде көрінбей қалып, физикалық қасиеті әлі күнге белгісіз болып келе жатқан сәулелер шығарып, жұртты таң-тамаша қалдырып жүрген…
Ресей зерттеушісі Г.Куницынның айтуынша, бөгде планеталықтардың жер бетіндегілермен байланысы адамзат тарихының басынан бастау алады. Оған көптеген дерек келтіруге болады.
“Сол дәуірде бөгде планеталықтар біздің ұстаздарымыз және қамқоршымыз болғаны аян. Әйтсе де бүгін біздің жартылай дамыған кезімізде мұндай қатынас қауіпті болып отыр. Олармен біз жанжалдасып қалуымыз мүмкін. Сөйтіп, бөгде планеталықтарды күш қолдануға мәжбүр етеміз. Ал жоғары дамыған өркениетте қалай десек те, мұндайға жол жоқ”. Бұл – Г.Куницынның 1979 жылы 28 қарашада “Аномалдық (қалыптан тыс) атмосфералық құбылыстарды радиоэлектроника құралдарының жәрдемімен зерттеу” атты конференцияда жасаған баяндамасында айтылған ойлары.
“…Сансыз көптеген аңыздар мен жазба тарихи ескерткіштерді санауға болады… Оларда қандай түрде болса да “Аспан ұлы”, “Күн ұлы”, “Ұшатын аждаһалар”, “Отты арба” және басқа да символдар немесе ғарыштан келуі мүмкін қонақтардың бейнелері еске түсіріледі…”, – дейді белгілі кеңес жазушысы А.Казанцев “Жердің үстімен не ұшады?” мақаласында (“Техника молодежи” журналы №8, 1967 жыл).
“Көне мифтер, ғалам дәуірі – адамдардың көзімен” атты мақаласында В.Лысевич (Советская этнография, №2, 1976 жыл) көне қытай жылнамасы жайлы айта келіп, онда император Хуандидің Хуанхэ өзені аумағында ел билегенін сөз етеді. Бұл – тарихта болған бейне. Тіпті оның ең соңғы билік құрған жылына дейін белгілі – біздің дәуірімізге дейінгі 2592 жыл. Аңызға сәйкес Хуанди мен оның көмекшілері аспаннан келген. Олар адамдарды құдық қазуға, қайық жасауға, емделуге және тағы басқа әрекеттерге үйреткен. Императордың аждаһа сияқты аспанға ұша алатын қос дөңгелекті арбасы болған. Ол бірде ауыр, бірде жеңіл болып, бір орында тұрып, кейде жүріп те кете берген…
“Көне тарихтың жұмбақтары” атты еңбегінде А.Горбовский бірқатар халықтардың ежелгі аңыздарына сүйенеді. Олардың бірқатарын мысал ретінде сөйлетсек.
“Рамаяна” (ежелгі үнді эпосы):
…Таң атқан кезде Рамо аспан арбасына отырды, оны Пушпака Випишандойдан беріп жіберді және ұшуға даярланды. Бұл арба өз бетімен жылжи беретін… Ол көптеген бөлмелері мен терезелері бар екі қабаттан тұрады… Арба өзінің ұшуын тоқтатқан соң, бір әуезді дыбыс шығарады, яғни “аспандағы құйрықты жұлдыз сияқты”. “Жазғы түнгі жанған оттай” болды.
“Махабхарата” (ежелгі үнді эпосы):
Арбаны “қанатты жасын (найзағай) қозғалысқа келтірді. Ол онымен ұшқан кезде бүкіл аспан жарқырап кетті…”.
Ал XX ғасырдың орта шенінен бастап, БҰН-дар туралы АҚШ-та да, кеңес одағында да кеңінен жазыла бастады.
1962 жылғы 26 ақпанда ең бірінші америкалық орбиталық ұшу кезінде астронавт Джон Гленн “Меркурий-7” кемесімен жап-жарық сәуле көзіне шалынып, ұшып бара жатқан нысанды суретке түсіріп алады.
1963 жылғы мамырда өз орбитасының соңғы айналымында астронавт Гордон Купер шығыстан батысқа бағыт алып бара жатқан жасыл түсті нысан өзіне жақындап келгенін хабарлаған. Жер бетіндегі бақылау станциясының мәліметіне қарағанда, оны жүзден аса адам көрген. Сонымен бір мезгілде жер жүзіне белгісіз бір тілде хабар берілгені тыңдалды дейтін дерек бар. Ұшу барысын баяндаған журналистердің бұл тақырыпта Куперге байланысты сұрақ қоюына тыйым салынды.
1964 жылғы көктемде ұшқышсыз ұшатын америкалық “Джемини-1” кемесінің алғашқы айналымында белгісіз төрт нысан онымен қатарласа ұшқан. Ұшуды басқару орталығындағы қызметкерлер екі нысан кеменің үстін ала, біреуі – астын ала және біреуі – соңын ала орналасқанын бақылап отырды. Нысандар айналымның өн бойында осы қалыптарын сақтап отырды да, соңынан үлкен жылдамдықпен көзден ғайып болды.
1966 жылғы 18-21 шілде. Астронавтар Майкл Коллинз бен Джон Янг басқарған “Джемини – 10” кемесі 19 шілде күні байланыс сеанстарының бірінде экипаж көз көрім жерде өздерімен қатарласа бес нысан ұшып келе жатқанын хабарлаған.
Ай бетіне тұңғыш аяқ басқан астронавт – америкалық Нил Армстронг айдан орасан үлкен кемелер көргенін айтқан.
– Олар Айда бізге “бос орын жоқ” екенін білдірді. Содан соң жиырма жылдай ол туралы ештеңе айтпадық. Мен егжей-тегжейін айта алмаймын, бірақ олардың кемелері, тіпті, орасан… әрі бізге аса қатерлі. НАСА-дағылар олармен байланысқа түсуден қорқа бастады. Ал “Аполлон-11” кемесінен соң ұшулар тоқтап қалса, онда Жер тұрғындарының арасында абыржушылық туар еді. Сондықтан кейіннен оған тез барып, тез қайтқан сапарлар ғана болды, – деп баяндаған озінің бір профессормен болған әңгімесінде.
Жат планеталық кемелердің жерге соқтығып, апатқа ұшырағаны жайында да дүниежүзілік БАҚ-та кеңінен жазылды. Соның көбі бұрынғы Кеңес Одағы территориясы аумағында болғандығынан бірнеше мысал келтіре кетелік.
1978 жылғы 24 тамызда Хабаровск қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 100 шақырым жерде болған әскери жаттығу кезінде солдаттар түрі саңырауқұлақтың басын еске салатын күміс түсті диск тәріздес нысанның қираған қалдығының үстінен түскен. Оның диаметрі 5,5-6 метр, ал салмағы 700-750 килограмм шамасында болған.
Нысанды құпия түрде зерттеу үшін “Ми-10” тікұшағымен Новосібірге жөнелтілген. БҰН-ның ішінде экипаждың жалғыз мүшесі, бойы 120 сантиметрлік сұрғылт түсті гуманоид болған және ол ес-түссіз жатқан. Оны арнайы зертханаға орналастырған мамандар тағы екі апта өлтірмей аман сақтапты. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшылары осы жағдайдан азды-көпті ақпарат алуға ниет еткендерге мағлұмат беруден бас тартқан.
1978 жылғы жазда Қазақстандағы Бөрілі көлінің жағасындағы осы аттас қыстақ маңында шара тектес БҰН-дың қалдықтары табылды. Оның сынықтары “Ми-6” тікұшағымен Қостанайға, одан әрі Степногорск-2 жабық қалашығына апарылды. Қирандылар арасынан табылған ауыр жаралы, сұрғылт түсті тіршілік иесі Семейдегі арнайы клиникаға жеткізіліп, бірнеше күннен кейін көз жұмды. Оны сойып, ішкі органдарының жай-күйіне және құрылымына талдау жасағанда, ажалы оған дүркін-дүркін оттегі бергеннен болғаны анықталды, ал оны көмірқышқыл газымен тыныстандыру қажет екен. 1985 жылы оның денесі Мәскеу түбіндегі Внуковаға, жер астындағы кұпия зертханаға жеткізілген.
1985 жылы 11 шілдеде Кабардино-Балкарияда Прохладный қыстағының оңтүстік-шығыс жағында БҰН апатқа ұшырады. Тұрғындардың айтуынша, бұл БҰН-ды “Миг-25” тосқауылшы қырғи ұшағы атып түсіріпті. Оқиға былай болған. Аспанда ұшақтың алдынан БҰН шыға келгенде, жалтаруға уақыты қалмаған ұшқыш оны оқтың астына алуға мәжбүр болған. Диаметрі 5,8, үстіңгі жағында күмбезі бар ұшу аппаратында 3 өзге планеталық болыпты, олардың екеуі өлі, біреуі тірі екен. Қазаға ұшыраған жан иелері аласа бойлы, денелері түксіз сұрғылт түсті, қолдарында төрт саусақ болған. Ал тірі қалғанының бойы екі метрге жуық, әр қолында бес саусақтан болыпты. Оның кейінгі тағдырынан хабар жоқ.
Ал енді осы БҰН-ның суда да кездесетіні жөнінде фактілер жетерлік. Тек Ресейдің телеарналары арқылы ғана бұл жөнінде көптеген хабар берілді. Солардың біразында Ресейдің әскери теңіз флотының басшылары сөйлеп, өз ауыздарынан БҰН-ның мұхит айдынында кездескен талай сәттерін егжей-тегжейлі айтып берді. Енді қолда бар деректерге жүгінелік.
“Техника молодежи” журналының 1972 жылғы №9 санында профессор А.Сандерсон “Теңіз түбінің аборигендері” атты мақаласында су астындағы БҰН-ды байқағандағы бірнеше таңданарлық оқиғаларды мысалға келтіреді. Бұл 1963 жылы Пуэрто-Рико жағалауының жанында болған. АҚШ-тың әскери теңіз күштері “жаудың” жүзіп келе жатқан сүңгуір кемесін табу мақсатында жаттығу өткізіп жатқан. Оған бір авиатасымалдаушы, 5 экскорттық кеме, сүңгуір кемелер мен ұшақтар қатысқан. Барлық сүңгуір кемелер “шусыз жүру” тәртібі бойынша маневр жасауға кіріскен.
– Ойламаған жерден кенет тосын оқиға болды, – дейді профессор Сандерсон АҚШ әскери-теңіз қарулы күштерінің құжаттарына зерттеу негізінде жазған еңбегінде. – Экскорттық корабльдердің біріндегі техник-гидро-акустик бір сүңгуір кеменің қатарды бұзып, белгісіз бір нысананы бетке алғанын хабарлаған. Бұл мәлімдеме офицерлерді дүрліктіріп тастапты. Олай болу себебі, бұл беймәлім нысан аспаптардың көрсетуі бойынша су астында 150 узелмен, яғни 280 шақырым/сағат жылдамдықпен жүзген. Бұлай болуы мүмкін емес, өйткені қазіргі сүңгуір кемелер жүкпен қамтамасыз етілген жағдайда да жылдамдығын 45 узелден асыра алмайды.
Осынау кездесу төрт күн бойы жалғасқан. Төрт күн бойы нысан ауқымды ауданның кеңістігінде маневр жасап жүрген. Әңгіме мұнымен де тамамдалмайды. Гидроакустиктердің есебі бойынша бұл нысан 20 мың фут тереңдікке санаулы минуттарда ғана сүңгіп қайта шыққан. Былайша айтқанда ол тік те, көлбеу жазықта да маневр жасай алады. Мұны адамдар ойлап тапқан қазіргі сүңгуір кемелердің бір де бірі істей алмайды. Қазіргі сүңгуір кемелердің ең тереңдеп батқаны 6 мың футтан аспайды.
Бұқаралық ақпарат құралдарында БҰН-дың адамдарды ұрлап әкетіп, операция жасап, зерттейтіні, тіпті, кейбір сәтте емдеп кеткен жайлар туралы көптеп жазылды. Айта берсек, әңгіме көп.
Мұрат НҰРМҰҚАНОВ,
еңбек ардагері.