«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғарыш әлемінің құпиялары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тарихи құжаттардағы деректерге қарағанда, беймәлім ұшатын нысан­дар (БҰН) барлық заманда болған. Бұрын да олар дәл бүгінгідей аса күрделі маневрлар жасап, көлемін үлкейтіп, не кішірейтіп, ұшып бара жат­қан сәтінде кескінін өзгертіп, ора­сан зор жылдамдықпен қозғалып, кейде көрінбей қалып, физикалық қасиеті әлі күнге белгісіз болып келе жатқан сәулелер шығарып, жұртты таң-тамаша қалдырып жүрген…

Ресей зерттеушісі Г.Куницынның айтуынша, бөгде планеталықтардың жер бетіндегілермен байланысы адамзат тарихының басынан бастау алады. Оған көптеген дерек кел­тіруге болады.

“Сол дәуірде бөгде планеталық­тар біздің ұстаздарымыз және қам­қор­шымыз болғаны аян. Әйтсе де бү­гін біздің жартылай дамыған кезімізде мұндай қатынас қауіпті болып отыр. Олармен біз жанжалдасып қа­луымыз мүмкін. Сөйтіп, бөгде плане­талықтарды күш қолдануға мәжбүр етеміз. Ал жоғары дамыған өрке­ниетте қалай десек те, мұндайға жол жоқ”. Бұл – Г.Куницынның 1979 жылы 28 қарашада “Аномалдық (қа­лыптан тыс) атмосфералық құбы­лыстарды радиоэлектроника құралда­рының жәрдемімен зерттеу” атты конференцияда жасаған баяндамасында айтылған ойлары.

“…Сансыз көптеген аңыздар мен жазба тарихи ескерткіштерді санауға болады… Оларда қандай түрде бол­са да “Аспан ұлы”, “Күн ұлы”, “Ұша­тын аждаһалар”, “Отты арба” және басқа да символдар немесе ғарыш­тан келуі мүмкін қонақтардың бейне­лері еске түсіріледі…”, – дейді белгілі кеңес жазушысы А.Казанцев “Жер­дің үстімен не ұшады?” мақаласын­да (“Техника молодежи” журналы №8, 1967 жыл).

“Көне мифтер, ғалам дәуірі – адамдардың көзімен” атты мақала­сын­да В.Лысевич (Советская этно­гра­фия, №2, 1976 жыл) көне қытай жылнамасы жайлы айта келіп, онда император Хуандидің Хуанхэ өзені аумағында ел билегенін сөз етеді. Бұл – тарихта болған бей­не. Тіпті оның ең соңғы билік құрған жылына дейін белгілі – біздің дәуі­рімізге дейінгі 2592 жыл. Аңызға сәй­кес Хуанди мен оның көмекшілері аспаннан келген. Олар адамдарды құ­дық қазуға, қайық жасауға, емде­луге және тағы басқа әрекеттерге үйреткен. Императордың аждаһа сияқты аспанға ұша алатын қос дөңгелекті арбасы болған. Ол бірде ауыр, бірде жеңіл болып, бір орында тұрып, кейде жүріп те кете берген…

“Көне тарихтың жұмбақтары” атты еңбегінде А.Горбовский бірқа­тар халықтардың ежелгі аңыздарына сүйенеді. Олардың бірқатарын мы­сал ретінде сөйлетсек.

“Рамаяна” (ежелгі үнді эпосы):

…Таң атқан кезде Рамо аспан ар­басына отырды, оны Пушпака Ви­пи­шандойдан беріп жіберді және ұшуға даярланды. Бұл арба өз беті­мен жылжи беретін… Ол көптеген бөл­ме­лері мен терезелері бар екі қабаттан тұ­рады… Арба өзінің ұшуын тоқтат­қан соң, бір әуезді дыбыс шы­ғарады, яғни “аспандағы құйрықты жұлдыз сияқты”. “Жазғы түнгі жанған оттай” болды.

“Махабхарата” (ежелгі үнді эпосы):

Арбаны “қанатты жасын (найза­ғай) қозғалысқа келтірді. Ол онымен ұшқан кезде бүкіл аспан жарқырап кетті…”.

Ал XX ғасырдың орта шенінен бастап, БҰН-дар туралы АҚШ-та да, кеңес одағында да кеңінен жазыла бастады.

1962 жылғы 26 ақпанда ең бі­рінші америкалық орбиталық ұшу кезінде астронавт Джон Гленн “Мер­курий-7” кемесімен жап-жарық сәуле көзіне шалынып, ұшып бара жатқан нысанды суретке түсі­ріп алады.

1963 жылғы мамырда өз орбита­сы­­ның соңғы айналымында астронавт Гордон Купер шығыстан батысқа ба­ғыт алып бара жатқан жасыл түсті ны­сан өзіне жақындап келгенін хабар­лаған. Жер бетіндегі бақылау стан­циясының мәліметіне қараған­да, оны жүзден аса адам көрген. Со­ны­мен бір мезгілде жер жүзіне бел­гісіз бір тілде хабар берілгені тың­далды дейтін дерек бар. Ұшу барысын баян­даған журналистердің бұл тақы­рып­та Куперге байланысты сұ­рақ қоюы­на тыйым салынды.

1964 жылғы көктемде ұшқышсыз ұша­тын америкалық “Джемини-1” ке­месі­нің алғашқы айналымында бел­гі­сіз төрт нысан онымен қатар­ласа ұш­­қан. Ұшуды басқару орталы­ғын­дағы қызметкерлер екі нысан кеме­­нің үс­тін ала, біреуі – астын ала және біреуі – соңын ала орналасқа­нын ба­қылап отырды. Нысандар айналым­ның өн бойында осы қалып­тарын сақ­тап отырды да, соңынан үлкен жыл­дамдықпен көзден ғайып болды.

1966 жылғы 18-21 шілде. Астро­нав­тар Майкл Коллинз бен Джон Янг басқарған “Джемини – 10” кемесі 19 шілде күні байланыс сеанстарының бірінде экипаж көз көрім жерде өзде­рімен қатарласа бес нысан ұшып келе жатқанын хабарлаған.

Ай бетіне тұңғыш аяқ басқан астронавт – америкалық Нил Армст­ронг айдан орасан үлкен кемелер көр­генін айтқан.

– Олар Айда бізге “бос орын жоқ” екенін білдірді. Содан соң жиырма жылдай ол туралы ештеңе айтпа­дық. Мен егжей-тегжейін айта алмай­мын, бірақ олардың кемелері, тіпті, орасан… әрі бізге аса қатерлі. НАСА-дағылар олармен байланысқа түсуден қорқа бастады. Ал “Аполлон-11” кемесінен соң ұшулар тоқтап қалса, онда Жер тұрғындарының ара­сында абыржушылық туар еді. Сон­дықтан кейіннен оған тез барып, тез қайтқан сапарлар ғана болды, – деп баяндаған озінің бір профессормен болған әңгімесінде.

Жат планеталық кемелердің жер­ге соқтығып, апатқа ұшырағаны жайын­да да дүниежүзілік БАҚ-та кеңі­нен жазылды. Соның көбі бұрынғы Ке­ңес Одағы территориясы аумағында болғандығынан бірнеше мысал кел­ті­ре кетелік.

1978 жылғы 24 тамызда Хабаровск қаласынан оңтүстік-шы­ғысқа қарай 100 шақырым жерде бол­ған әскери жаттығу кезінде сол­даттар түрі саңырауқұлақтың басын еске салатын күміс түсті диск тәріздес нысанның қираған қалдығы­ның үстінен түскен. Оның диаметрі 5,5-6 метр, ал салмағы 700-750 ки­лограмм шамасында болған.

Нысанды құпия түрде зерттеу үшін “Ми-10” тікұшағымен Новосібір­ге жөнелтілген. БҰН-ның ішінде эки­паждың жалғыз мүшесі, бойы 120 сантиметрлік сұрғылт түсті гуманоид болған және ол ес-түссіз жатқан. Оны арнайы зертханаға орналас­тыр­ған мамандар тағы екі апта өлтірмей аман сақтапты. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшылары осы жағдай­дан азды-көпті ақпарат алуға ниет ет­кендерге мағлұмат беруден бас тартқан.

1978 жылғы жазда Қазақстан­дағы Бөрілі көлінің жағасындағы осы аттас қыстақ маңында шара тектес БҰН-дың қалдықтары табылды. Оның сынықтары “Ми-6” тікұшағы­мен Қостанайға, одан әрі Степно­горск-2 жабық қалашығына апарыл­ды. Қирандылар арасынан табылған ауыр жаралы, сұрғылт түсті тіршілік иесі Семейдегі арнайы клиникаға жет­кізіліп, бірнеше күннен кейін көз жұмды. Оны сойып, ішкі органдары­ның жай-күйіне және құрылымына талдау жасағанда, ажа­лы оған дүркін-дүркін оттегі бергеннен болғаны анықталды, ал оны кө­мірқышқыл газымен тыныстандыру қажет екен. 1985 жылы оның денесі Мәскеу түбіндегі Внуковаға, жер ас­тындағы кұпия зертханаға жеткізілген.

1985 жылы 11 шілдеде Кабар­ди­но-Балкарияда Прохладный қыста­ғының оңтүстік-шығыс жағында БҰН апатқа ұшырады. Тұрғындардың ай­туынша, бұл БҰН-ды “Миг-25” тос­қауылшы қырғи ұшағы атып түсіріпті. Оқиға былай болған. Аспанда ұшақ­тың алдынан БҰН шыға келгенде, жалтаруға уақыты қалмаған ұшқыш оны оқтың астына алуға мәжбүр болған. Диаметрі 5,8, үстіңгі жағында күмбезі бар ұшу аппаратында 3 өзге планеталық болыпты, олардың екеуі өлі, біреуі тірі екен. Қазаға ұшыраған жан иелері аласа бойлы, денелері түк­сіз сұрғылт түсті, қолдарында төрт сау­сақ болған. Ал тірі қалғаны­ның бойы екі метрге жуық, әр қолында бес саусақтан болыпты. Оның кейінгі тағдырынан хабар жоқ.

Ал енді осы БҰН-ның суда да кез­де­сетіні жөнінде фактілер жетерлік. Тек Ресейдің телеарналары арқылы ғана бұл жөнінде көптеген хабар бе­рілді. Солардың біразында Ресейдің әскери теңіз флотының басшылары сөйлеп, өз ауыздарынан БҰН-ның мұхит айдынында кездескен талай сәттерін егжей-тегжейлі айтып берді. Енді қолда бар деректерге жүгінелік.

“Техника молодежи” журналының 1972 жылғы №9 санында про­фессор А.Сандерсон “Теңіз түбі­нің аборигендері” атты мақаласында су астындағы БҰН-ды байқағандағы бірнеше таңданарлық оқиғаларды мысалға келтіреді. Бұл 1963 жылы Пуэрто-Рико жағалауының жанында болған. АҚШ-тың әскери теңіз күш­тері “жаудың” жүзіп келе жатқан сүңгуір кемесін табу мақсатында жат­тығу өткізіп жатқан. Оған бір авиа­та­сымалдаушы, 5 экскорттық кеме, сүңгуір кемелер мен ұшақтар қатыс­қан. Барлық сүңгуір кемелер “шусыз жүру” тәртібі бойынша маневр жа­сау­ға кіріскен.

– Ойламаған жерден кенет то­сын оқиға болды, – дейді профессор Сан­дерсон АҚШ әскери-теңіз қарулы күш­терінің құжаттарына зерттеу не­гізін­де жазған еңбегінде. – Экскорт­тық ко­рабльдердің біріндегі техник-гидро-а­кустик бір сүңгуір кеменің қа­тарды бұзып, белгісіз бір нысананы бетке алғанын хабарлаған. Бұл мә­лімдеме офицерлерді дүрліктіріп тас­тапты. Олай болу себебі, бұл беймә­лім ны­сан аспаптардың көрсетуі бойынша су астында 150 узелмен, яғни 280 ша­қырым/сағат жылдам­дықпен жүзген. Бұлай болуы мүмкін емес, өйткені қа­зіргі сүңгуір кемелер жүкпен қамтамасыз етілген жағдай­да да жылдамдығын 45 узелден асы­ра алмайды.

Осынау кездесу төрт күн бойы жалғасқан. Төрт күн бойы нысан ау­қымды ауданның кеңістігінде маневр жасап жүрген. Әңгіме мұнымен де та­мамдал­майды. Гидроакустиктер­дің есебі бойынша бұл нысан 20 мың фут те­реңдікке санаулы минуттарда ғана сүңгіп қайта шыққан. Былайша айт­қанда ол тік те, көлбеу жазықта да маневр жасай алады. Мұны адамдар ойлап тапқан қазіргі сүңгуір кемелер­дің бір де бірі істей алмайды. Қазіргі сүңгуір кемелердің ең тереңдеп бат­қаны 6 мың футтан аспайды.

Бұқаралық ақпарат құралда­рында БҰН-дың адамдарды ұрлап әкетіп, операция жасап, зерттейтіні, тіпті, кейбір сәтте емдеп кеткен жай­лар туралы көптеп жазылды. Айта берсек, әңгіме көп.

Мұрат НҰРМҰҚАНОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp