Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері электрлі самокаттар мен велосипед тебетін азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандырды. Тәртіп сақшылары 30 тамызда күшіне енетін “Жол қозғалысы туралы” Заңға енгізілген түзетулер жайлы еске салуда, сондай-ақ, электрлі көліктің жүргізушілеріне қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді.
Электрлі самокатқа екі адамның отыруына, көлемі үлкен жүктерді тасымалдауға болмайды. Жүргіншілер өткелінен және бағдаршамнан өтерде самокаттан түсіп, жаяу жүру керек. Полицейлер бірер күннен кейін ел аумағында басталатын “Абайлаңыз – балалар!” жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде де мектеп оқушылары арасында түсіндіру жұмыстарын қолға алмақ.
“Жол қозғалысы туралы” Заңға енгізілетін түзетулерге сәйкес электрлі көлік құралдарына, самокаттарға тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі, ал автокөлік жүретін жолға шыққанда оларды басқаратын жүргізушілер бастарына шлем киюі және өзімен бірге кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс. Қазіргі уақытта біз электрлі самокаттардың жүргізушілерімен профилактикалық сипаттағы әңгімелесулер жүргізіп жатырмыз. Мақсатымыз осы көлік түрінің жүргізушілеріне және айналадағыларға төнетін қауіпті азайту болып саналады.
Үстіміздегі жылдың жеті айында облыс жолдарында 184 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 22 адам қаза тапты, 266 адам жарақат алды.
Айдын БАЙМАТОВ,
жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі.