Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №50 мекемесінде сотталғандардың туыстары үшін “ашық есік” күні ұйымдастырылды. Акция аясында жазасын өтеушілерге концерттік бағдарлама ұсынылды.
Қазіргі уақытта №50 мекемеде 200-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. “Ашық есік” күніне бірнеше өңірден (Ақмола, Қостанай облыстары, Астана қаласы) 59 сотталғанның 190-ға жуық туысы келді. Оларға экскурсия ұйымдастырылды, сондай-ақ тәттілер, концерттік бағдарлама мен аниматорлардың шоуы көрсетілді.
Сотталған М. туыстарымен кездескені үшін қуанғанын айтты. Ол жуырда бостандыққа шықпақ.
– Бүгінгі күннің есімде ұзақ уақыт қалатыны сөзсіз. Отбасыңмен бірге болудың нағыз бақыт екенін енді түсінгендеймін. Алдағы уақытта барлық жоспарларым мен армандарымды жүзеге асырамын деп үміттенемін, – деді ол.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.