Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас Қызылжар мен Қостанай өңірлерінің арасын жалғап жатқан тасжолдың кейбір бөлігі ғана жөнделген, шұрық тесік жерлері жетерлік. Сондықтан ойдым-ойдым тұстарына келгенде “темір тұлпарымыз” тұсаулы аттай адымын аша алмай қалады. Көлікте үшеуміз: тізгін облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаевта, жанында “Қызылжар” телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық және артқы орындықта мен отырмын. Біреуіміз “Ереке” деп қалсақ болды, қалған екеуіміз “Әу” деп жауап қатумен келеміз. Үш Ереке бір көлікпен көрші облыста өтуге тиіс жиынға бара жатырмыз.
Жол алыс. Оны қысқартудың бір ғана әдісі бар. Ерлан Бейсенұлының мамандығы журналист, мен де сол “ауылданмын”. Майын тамызып әңгіме айта алмасақ та, сұрақ қоюды, адамды сөйлетуді жақсы меңгергенбіз. Сондықтан кезектесіп Ерік Есімұлына сауал қоюмен ғана шектеліп келеміз. Айнала шоқтаса өскен қайыңды орман. Ортасында айдынды көлдер. Масағы дәнге толып, сәл ғана самал соққанға теңіздей толқып егінді алқаптар жатыр. Бір сөзбен айтқанда, көрген адамның көзі тойғысыз көріністер. Мамлют ауданының аумағынан өтіп, талай ұлыларды тудырған Жамбыл топырағына жеттік. Сол қолда он шақырымдай жерде академик жазушы Сәбит Мұқановтың атымен аталатын елді мекен. Одан әрі қарай Ғабит Мүсіреповтің Жаңажолы. Қожаберген жырау мен Сегіз серінің Гүлтөбе-Маманайы сәл әріректе. Тура түссең Сафуан Шаймерденовтің кіндігі кесілген Амангелдіге тірелесің.
– Мен де осы Жамбыл ауданының тумасымын ғой, Орталық деген ауылда туып-өстім, – деген Ерік Есімұлы әңгімені алыстан бастады. Атақты жерлесіміз, жазушы Иван Шухов 1949 жылы осы ауылға барғанын керемет суреттеп жазған екен. Сол хикаясында мектеп бітірген он жеті түлектің жолдама алып, ары қарай оқуға кеткені айтылған. Тауықтың жұмырқасындай аппақ үйлер, тап-таза көшелер жазушыны ерекше таңғалдырған сияқты. Сол кездегі көптеген қазақ ауылдарынның кейпі мұндай емес еді.
Осы Орталықта 1960 жылы 1 қыркүйекте Ерік Есімұлы да дүниеге келген. Сабағы кілең төрт пен бес. Кітапты, оның ішінде көркем шығармаларды жата-жастанып оқитын. Алайда мамандық таңдауға келгенде мүлдем басқа салаға кетті. Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, 1982 жылы жоғары білімді экономист атанды. “Адамның мінезіне араласқан ортасы ғана емес, туған топырақ та әсер ететін сияқты. Қожаберген жыраудан бері қарай алғанның өзінде талай ұлыларымыз туды ғой. “Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз” деп Абай ақын айтпақшы сол киелі жерде өмірге келген кез келген бала сол тұлғаларға ұқсағысы келетіні анық. Мен де әдебиетке жақын болдым. Бірақ мамандық таңдарда әкемнің айтқанынан асып кете алмадым”, – дейді Ерік Есімұлы.
Ерекең жоғары оқу орнын аяқтап келген соң қызмет баспалдағының барлық сатыларынан өтті. Еңбек жолын Тимирязев ауданындағы Хмельницкий кеңшарында бастап, Есіл және Ақжар аудандарының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, Петропавл қаласының әкімі сынды қызметтерді абыроймен атқарды. Қазір мыңдаған еңбек адамының басын қосқан облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.
Әңгімелесіп отырып, Қостанай облысының аумағына да келіп қалыппыз. Жол бойында орналасқан Ақсуат деген ауылдың жанынан өтіп барамыз. Бұл ауылда қазақтың тұңғыш романына баланатын “Қалың малды” жазған Спандияр Көбеев дүние есігін ашқан. Туған жерінде жерленген. Іздеушісі болмағандықтан ба зираты да елеусіз қалған екен. Жалпы қазақтың талай біртуар ұлдарының есімі артынан іздейтін адам болмаған соң ұмытылды ғой. Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың адал есімін елге қайтаруға, бір емес екі ескерткішін орнатуға Ерік Нұрақаев еңбек сіңіргені анық. Әңгімені осы бағытқа бұрдық.
– Ақжарға әкім болып келген кезім. Ардагерлер кеңесін Беруша Кәрімұлы деген ақсақал басқарды. Ол кісінің шын есімі Берушіалла екен, құдай жоқ дейтін заман ғой, “алласын” құжат толтырушылар алып тастапты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Тұрсынбек Кәкішев бастаған ғалымдар жиналып, Алаш қайраткерінің туған жерінде ескерткіш ашуды ұйғарғанын, тіпті Омбыда тұратын бір мүсіншіге тапсырыс та беріп қойғандарын айтты. Алайда экономикалық тоқырау басталып, артынан Ақжарды Көкшетаудан алып, Солтүстік Қазақстан облысына қосып, іс аяқсыз қалған екен, – деп сәл кідірді. Тағы бірде жергілікті мектепте қырық жыл сабақ берген ардагер ұстаз келіп, Смағұл Сәдуақасов туралы деректерді көрсеткен. Осы жайттардан кейін жас әкім Омбыда тұратын мүсіншіні іздейді. Ол салмағы бір тоннадай болатын ескерткішті сол кезде-ақ дайындап қойыпты, арада жеті жыл өтіп кеткен. Ешкім іздеп келмеген соң, шаң басып қоймада жатыр екен. Мүсінді алып келіп, мәрмәр тастан жасалған тұғырға орнатады. Сол ескерткіш аудандық әкімдіктің алдында әлі тұр. Кейіннен жанына Смағұл Сәдуақасов атындағы мұражай ашылды.
– Алаш қайраткерлері сан қырлы болған ғой. Мәселен Смағұл Сәдуақасов бір жылдай Петропавлда білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағын басқарғаны туралы құжаттар табылды. Өзім осы мекемеге жетекшілік етіп отырғандықтан ғимарат алдына мүсінін қойғым келді. Бірақ азаматтармен ақылдаса келе ескерткішті №2 мектептің жанына орнатуды ұйғардық. Себебі бұл білім ошағы Алаш қайраткерінің атына берілген болатын. Ескерткішті танымал мүсінші Қазыбек Сатыбалды жасады, – дейді ол.
“Елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден”. Ерік Есімұлының оқығаны экономика саласы болғанымен, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. Және кейбір басшылар сияқты “сен тимесең, мен тиме” деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Сол кездегі облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған қазақ тілі мұғалімдеріне үстемеақы төлеу, өзге ұлт өкілдерін қазақша оқыту, оқушылар мен студенттер арасында шығарма, рефераттар байқауын өткізу сияқты болашағымыз үшін маңызды істерді үйлестірді.
Петропавлда қала күні мерекесі бұрын 12 шілде, яғни, әулие Петр мен Павелдің күні деп аталатын діни мерекемен бірге тойланатын. Рәсімге қатысушылар сырнайлатып-кернейлетіп қаланың көшелерімен шеру ұйымдастыратын. Зайырлы мемлекет үшін жат осы бір үрдісті Ерік Есімұлы Петропавл қаласының әкімі болып тұрған кезде тоқтатқанын біреу білсе, біреу білмес. Оның өзінде жоғарыдан әмір беру арқылы емес, бұл діни рәсім қалай пайда болғанын, қалай тойлануы керектігін зерттеп барып ұйғарым шығарған. Яғни крест көтергендер қала көшелерімен емес, шіркеуді айналып жүрулері тиістігін түсіндірген.
Бұдан бөлек, Ерекең қалаға кіре берісте ескі славян қаріптерімен жазылған, көзге түрпідей тиетін “Петропавловск” деген жазуды алдыртып тастағанын да айта кеткен жөн. Ал осы атауды мүлдем құртып, шаһарға Қызылжар есімін қайтарудың бір жолын тапқандай еді, жоғары биліктегілер тарапынан қолдау болмай, аяқсыз қалғаны өкінішті. Ондағысы мемлекеттен қаржы бөлдіртіп, қаланың салынуына негіз болды деп жүрген Петр мен Павел бекісін қалпына келтіріп, жан-жағын қоршап, былай айтқанда қаладан бөліп тастау. Семейде дәл солай істелінгенін білеміз.
Ерік Есімұлын өзгелерден ерекшелеп тұратын қасиеті – қарапайымдылығы екеніне осы сапарда тағы бір рет көзім жетті. Төбесімен жер тіреп тұрғандай төмендегілерге мұрын шүйіре қарайтын кейбір басшылар қызметінен түскен кезде абыройдан айырылып, елдің көзіне көрінуден ұялып жүретін жайттар көп қой. Ерекең болса – әлі сол биігінде, Алатаудай аласармайтын азамат. Жасы алпыстан асқан соң аға буын өкілдерінің қатарына кіріп, алқалы жиындарда ақыл айтып, жастарға жол көрсетіп жүр. Ұлт, тіл, дін мәселелеріне арналған шаралардың біреуінен де қалған емес. Зейнеткерлік жасқа жетсе де еліне, халқына берері әлі де мол.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.