«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Білімді ұрпақ — ел ертеңі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оқушылар сарайында дәстүрлі тамыз кеңесінің қорытынды пленарлық отырысы өтті. Оған өңір басшысы Айдарбек Сапаров қатысты.

Шара телекөпір арқылы байланысқа шыққан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтау сөзімен басталды. Кейін сөз кезегі Премьер-Министрдің орынбасары– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға берілді. Ол жиналғандарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.

“Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы “Мектептің жаны – мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы” деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты”, – делінген Президенттің құттықтауында.

Тамара Босымбекқызы ұстаздар қауымын жаңа оқу жылындағы жаңалықтармен таныстырып, алда атқарылар тапсырмаларды нақтылады.

“Өткен жылғы оқу жылының 36 аптаға дейін ұзартылуына қатысты өз пікірімді білдірсем деймін. Бұл мәселеге қатысты қоғам тарапынан сын көп айтылды. Дегенмен оның әлемдік тәжірибеге негізделе отыра қабылданғанын мойындауымыз қажет. Мұндай жаңашылдықты енгізген кезде барынша тыңғылықты дайындық қажет етіледі. Алдағы оқу жылынан бастап 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін”, – деді елордалық мейман.

Жиында телекөпір арқылы сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бүгінде Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандырылып, педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес “Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы” жобасы әзірленуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға өспек.

Министрлік әкімдіктермен бірле­сіп, өңірлерде білім беруді дамыту­дың Жол карталарын жасаған. Мұнда білім жүйесінің барлық ба­ғыттары, оның ішінде балалардың шы­ғар­машылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, білім беру ұйым­дарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу шаралары қамтылған. “Бала­лар кітапханасы” жобасы қолға алы­нып, оның аясында мектеп кітапха­на­ларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыла­рымен толықтыру да жоспарлануда.

Сондай-ақ биылдан бастап, ба­лалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша назарға алынып отыр.  Еліміздегі білім беру ұйымда­рының 90 пайызы ішкі істер органда­рының жедел басқару орталықтары­на қосылып, дабыл түймелерімен жаб­дықталған. Жаңа оқу жылында 1,5 миллионға жуық бастауыш сы­нып оқушыларын тегін ыстық тамақ­пен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Облыс басшысы Айдарбек Сапа­ров конференцияға белсенді қатыс­қан барлық педагогтар мен қонақ­тарға алғысын білдіріп, ұстаздар қауы­мына сәттілік тіледі.

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлт­тық орталығының басқарма төраға­сы Еламан Айбульдинов педагог­тар­дың үздіксіз дамуының ұлттық плат­формасын әзірлеу процесіне баса на­зар аударды. Ол өзі жетекшілік етіп отырған орталықтың жұмысына жан-жақты тоқталды. Мектептерді тиімді дамыту режіміне көшіру тетіктері, за­манауи педагогтардың жағдайы, олар­дың күнделікті кез­десетін қиындықтары туралы сөз қоз­ғады.

Жиын барысында сөз алған Қа­рағанды облысының оқу-әдістемелік орталығының, Ы.Алтынсарин атын­дағы Ұлттық білім академиясының мамандары сапалы білім алған оқу­шылардың адал, табысты болаты­нын, бұл ретте мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізді.

Тамыз кеңесі аясында өткен екі­күндік пікірталастар негізінде отан­дық білім беру жүйесін одан әрі же­тілдіру үшін бірқатар ұсынымдар әзір­ленетін болады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp