“Өркендеп өз қолына алған ісі,
Биікке қазағымның самға, құсы!
Халық боп қадір тұтып, қастерлеген,
Ата Заң – азат елдің Ар-намысы!” – деп ақын Айбатыр Сейтақ жырлағандай, биыл қабылданғанына 28 жыл толғалы отырған Ата Заңымыз егемендігіміздің тірегіне, еліміздің айбынына айналды. Осынау мемлекеттік мерекеге орай еліміздің барлық өңірінде түрлі мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылмақ. Біздің өңірімізде де Ата Заңымыздың ел өміріндегі орнын айшықтай түсетін жиындар өткізу жоспарланып отыр.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, мерекеге арналған шаралар легі 28 тамыздан бастап ұйымдастырылуда. Бұл күні Тұңғыш Президент саябағында “Футболды жаз” деген атаумен қала оқушылары арасында шағын футболдан турнир өтті. Ақтық кезеңі 29 тамызда ұйымдастырылмақ. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимаратында өтетін мерекелік концертте Ата Заңымызды айшықтайтын туындылар орындалмақ. Онда есімі елімізге белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғали Нүсіпжанов, “Сұлу” тобы мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетеді.
30 тамыз күніне жоспарланған рухани шаралардың дені Орталық алаңда өтеді деп күтілуде. “Еркіндіктің асқақ шыңы – Ата Заң” мерекелік концертіне, тоғызқұмалақ, дойбы, шахматтан өтетін сайыстарға, “Салт-дәстүр” фестиваль-байқауына өңір тұрғындары мен қонақтары шақырылуда. Жеңіс саябағында “Жас дарын” өнер мектебінің тәрбиеленушілері “Қазақстан Конституциясы – халық дауысы” атты салтанатты кеш ұйымдастырмақ. Бұл күні “Динамо” стадионында футболдан қала чемпионаты өтпек.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.