60 жыл жұмыр басты пенде үшін өмірдің бел ортасынан асатын үлкен кезең болса, қарт тарих үшін қас қағым сәт сияқты. Осынша уақыт ішінде ел жаңарып, бірнеше буын ауысады. Құндылығын жоғалтқан ескінің бәрі ұмытылып, тарихқа айналады. Кең даламыздың төсіне жаңа құрылыстар салынып, талай еңбекқор ағайын қара жерге дән себеді. Соңғы 60 жылда Тимирязев ауданының тұрғындары осының бәріне куә болып келеді. Аталған ауданның бар тарихы осы уақытқа сыйып тұр.
– Баршаңызды елдік пен ерліктің, ырыс пен ынтымақтың мекені – Тимирязев ауданының 60 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Ұшқыр уақыт бөгелу дегенді білмейді. Айды айға, жылды жылға жалғап зымырап өтіп жатыр. Оны біз өткізілген істерге қарап бағалаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, артта қалған 60 жыл тимирязевтықтар үшін өсіп-өркендеу, кемелдену кезеңі болды. Тәуелсіздік жылдары бұл өңірде үлкен өзгерістер орын алды. Сіздер мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда зор күш-жігер танытып, уақыт ұсынған аса күрделі міндеттерді ойдағыдай атқарып келесіздер. Бүгінгі таңда Тимирязев ауданының аты тек астығымен ғана шығып отырған жоқ. Мұнда шағын және орта бизнес те дамып келеді. Ауданның арғы-бергі тарихы айтулы оқиғаларға бай. Осы ретте даланың төсіне қазығын қағып, тынысын ашып, әлеуетін арттырған тың игерушілерге құрметіміз зор. Ауданның серпінді дамуына атсалысып, түрлі салада қызмет атқарған бүгінгі ардагерлерімізге алғыс айтуымыз керек. Қол жеткізген жетістіктердің барлығы адамдардың достығы мен бірлігінің арқасында мүмкін болып отыр, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Тарихы тереңге тартқан Тимирязев ауданы өзінің белгілі тұлғаларымен де танымал. Бұл далада атақты Сары, Сүйір, Меңдеге батырлар, серілердің серкесі Сегіз сері Баһрамұлы жерленген. Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың атажұрты да осы аймақ. Қаламгер туып өскен Дос көлі мен Жаманшұбар Тимирязев ауданының аумағына кіреді. Сәбит Мұқановтың өз ата-анасының басына орнатқан құлпытасы да тағылымды тұлғаның ата-жұртына, өскен еліне деген сүйіспеншілігінің белгісіндей әлі мызғымай тұр. Тимирязев ауданындағы тың көтеру жылдары жайлы жазушы өз естеліктерінде былай жазыпты: “1954 жылы, бүкіл қазақ даласына қосыла, Дос жайлауының да тыңы көтеріле бастады. Жаманшұбардың нақ іргесіне, Докучаев есімді астық совхозы орнады. Осы совхоздың алғашқы адамдарымен бірге барып, қар кеткен шақта зиратты көрсем, əкем мен шешемнің қабырлары арасына қаққан кəрі жілік, жерден жоғарғы жағы аппақ күмістей боп, жерге кірген жағы — алтындай сап-сары боп əлі сол қалпында тұр екен. Содан кейін Москваға барған бір сапарымда, “Новодевичье кладбище” аталатын зираттың шеберлеріне əке-шешеме арнап, қара граниттан құлпытас жасаттым да аты-жөндерін, бір бетіне қазақша, бір бетіне орысша жаздырдым, ол тасқа қоршау боларлық шарбақты Алматы заводында шөгеннен құйдырдым: 1955 жылдың жазында əке-шешемнің басына осы ескерткішті орнаттым да, “бұны енді сақтайтын ұл-қыздары сендерсіңдер” деп, шарбақ есігінің кілтін Докучаев совхозына туысқан халықтардан келген жұмысшылардың қолына табыс еттім”.
Облыс әкімі ауданда атқарып жатқан істермен танысып, бірқатар нысандарды аралады. Ең алдымен меймандарға аудан орталығының алаңы орталық таныстырылды. Мерейтойға орай алаң жөнделіп, қайта жаңарған екен. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Рамазановтың сөзінше, жаңарту жұмыстарына 150 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
Аудандағы инфрақұрылым мәселелері де біртіндеп шешіліп келеді. Биыл бірнеше ауыл мен Тимирязево елді мекенінің жолдарын жөндеуге қомақты қаржы бөлінген.
– Тимирязево ауылындағы жолдарды жөндеуге арналған жоба екі жылға шақталған. Биыл облыстық бюджеттен 391 млн. теңге бөлініп, Комсомол, Плетнев, Өтеубаев, Шаталов, Шухов көшелерінде жөндеу жұмыстары тамамдалды. Жауапты жұмыс “Нұрлы Жол-7” серіктестігіне жүктелген, – дейді Тимирязев ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанов.
Мерейтойдан жергілікті кәсіпкерлер де шет қалмай орталық саябақ салуға өз үлестерін қосқан. Мамырда басталған құрылыс жұмыстары атаулы күнге орай аяқталып отыр. Саябаққа 40 шам орнатылған екен. Қазіргі уақытта осы маңда балалар ойын алаңының құрылысы жүріп жатыр.
Құрметті қонақтар Мәдениет үйінде орын тепкен тарихи-өлкетану мұражайына да барып, өткен күннен сыр шертетін жәдігерлермен танысты. Биыл аталған музейдің жабдықталуына 8 млн. теңге жұмсалған. Онда аудан құрылғаннан бастап, ел басқарған еңбегімен көзге түскен жандар жайлы деректер, ауданның тарихи орындары жайлы мәліметтер жинақталған. Өзге нысандар сияқты биыл аудан орталығындағы стадион да жөндеу көріп, жаңа кейіпке еніпті.
1963 жылдан бері ауданның дамуына үлес қосып, еңбегімен үлгі болған азаматтарды тимирязевтықтар ыстық ықыласпен еске алады. 60 жыл ішінде бұл жерден талай еңбек озаттары, Еңбек Ерлері, “Еңбек Қызыл Ту” орденінің иегерлері шықты. Мұндағы іске шебер жұртшылық талай жылдар облыс қамбасын астыққа толтырып, елді азық-түлік өнімдерімен қамтып келеді. Аудан ашылған сәттен бастап осы істердің басында Жақсылық Ысқақов, Владимир Ганцев, Ахмағамбет Базаббаев, Балташ Тұрсынбаев, Сағындық Ақжігітов сынды аға буын өкілдері жүрді. Салтанатты кеште олардың елге сіңірген еңбектері жайлы айтылып, біразына марапаттар табысталды. Мерейтоға орай облыс әкімінің Құрмет грамотасымен “Өмір” шаруа қожалығының басшысы Барадин Чочуев, “Жаңа-Есіл жол қашықтығы” бригадирі Дәнекер Зұлқарнаев, “Есей Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Нұрлыбек Сұлтанов, “Москворецкое” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Жақсылық Сұлтанов марапатталды. Сонымен қатар бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты мен “Тимирязев ауданына 60 жыл” мерейтойлық медалі табысталды. Ал Құдайберген Қалиев, Төлеген Закарьянов, Виктор Дрегер, Николай Габов, Қайырбек Хамзин, Сайран Байдалиналарға “Тимирязев ауданының құрметті азаматы” атағы берілді. Сонымен қатар облыс әкімі аудан спортшыларына “Газель NEXT” маркалы көліктің кілтін табыс етті.
Кейін мінберге “Ауыл шаруашылығы ардагерлері бірлестігінің” өкілі Михаил Трошихин шығып, жиналғандарды құттықтады.
– Ауданымыз ұзақ жылдар бойы астық өсіруден алдыңғы қатардан көрінді. Осы іске өз үлестарін қосқан Құдайберген Қалиев, Болат Сағындықов, Хамит Исаев, Сайлау Жолдыаяқовтарды атап өту керек. Мемлекеттік қызметке бар ғұмырын арнаған Жүсіп Баширов, Өмірбай Омаров, Екатерина Ерафеева бастаған ардагерлердің еңбегі ерен. Бүгін соның бәрін еске алып, адал еңбекке лайықты бағасын беретін, өткенді қорытындылап, болашаққа бағдар жасайтын күн, – деген ол “Ауыл шаруашылығы ардагері” медалімен 3 ардагерді марапаттады.
Одан әрі салтанатты шара аудан өнерпаздары мен Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістері әзірлеген конверттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік шаралар легі түнге дейін жалғасып отшашумен аяқталды. Аудан тұрғындары үшін эстрада жұлдызы Нұрлан Абдулин, “Тропикано” тобы әсем ән шырқап, отты шоу көрсетілді.
Стадион алаңында ұйымдастырылған спорттық ойындар да мерейтойдың көркін кіргізді. Мұнда таң атқалы бері қазақша күрес, волейбол, футбол, гір көтеру, қой көтеру, жілік ұру, арқан тартудан сайыстар өтті. Бұл сайыстардың бәріне жалпы 150-дей спортшы қатысты. Олардың арасында тек аудан тұрғындары ғана емес, өзге елді мекендер мен облыстардан келгендер болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық сайыстардың жүлде қоры 1,5 млн. теңгеге жетіпті. Бұдан бөлек таң атқаннан орталық алаңда балаларға арналған ойын-сауық шаралары, сабаннан жасалған қолөнер бұйымдарының көрмесі, ашық аспан астында музей ашқан Виктор Дрегердің кемесінің көрсетілімі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: мерекелік іс-шарадан көріністер.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.