«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ — ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанның дербес ел, егемен мемлекет, еркін халық екенін білдіретін Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 28 жыл толады. Тарихтың таразысына салып қарасақ бұл уақыт аз да, көп те емес. Алайда осынау жылдар бедерінде елімізде көптеген игі істер атқарылды. Қазақстан адамның құқығы мен бостандығына кепілдік беретін зайырлы мемлекетке айналды. Негізгі құжатта Қазақстан Республикасы өзін құқықтық мемлекет ретінде жариялай отырып, мемлекеттің басты қазынасы деп азаматтарын, олардың өмірі мен құқықтарын және бостандығын бірінші орынға қойды. Конституция еліміздің құқықтық жүйесінің тірегі болып табылады және басқа заңдардың мәні мен мазмұнын анықтайды.

Өткен тарихқа көз жүгіртсек, біздің еліміздің заң жүзінде “Қазақстан” атанғанына бір ғасырдай уақыт болды. 1920 жылы 26 тамызда РКФСР құрамында Қазақ Автономды Социалистік Республикасы құрылды. Алайда Қазақстанның Автономиялы Конституциясы бекітілмеді. Кеңес үкіметінің заңы бойынша, Федерацияның орталық органы Конституцияны бекітуі керек еді. Сондықтан 1920 жылдан 1937 жылға дейін Қазақстанда Конституция болған жоқ. 1936 жылы КСРО-ның екінші Конституциясы қабылданды да, оның негізінде Қазақстан Автономиясы субъект дәрежесіне көтеріліп, одақтас Республикаға айналды. Ал одақтас Республиканың Конституциясыз болуы мүмкін еместі. Содан, Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Өз кезегінде бұл Конституция 1978 жылға дейін қолданыста болды. Өйткені сол жылы КСРО-ның үшінші Конституциясы қабылданды да, осы өзгеріске байланысты біздің еліміздің Ата Заңын қайта қарауға тура келді. Конституция жобасын әзірлеу үшін Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің Төралқасы жұмысшы тобын құрып, жаңа заңдар жинағы мақұлданып, 1993 жылға дейін өз күшінде болды. Бұл енді жаңа дәуір іспетті кезең еді. Өйткені Қазақстан өз алдына дербес мемлекет атанды. Жаңа жағдайға байланысты, ең бастысы уақыт талабына сай, тәуелсіз жас елдің жаңа Конституциясын қабылдау керек болды. Ол Конституцияның жобасын әзірлеу үшін Қазақ КСР Жоғары кеңесінің Төралқасы жұмыс тобын құрды. Сонымен бір жылдан аз уақыттың ішінде Конституцияның жобасы жасалып бітті. Кейін, Жоғарғы Кеңестің қарауына түсті. Сессия қарап болысымен, 1993 жылдың 28 қаңтарында жаппай мақұлданып, заңдық күшіне ие болды. Бұл құжат тарихи маңызы жағынан Қазақстанның егемендік алғаннан кейінгі тұңғыш заңнамалық актісі еді. Бірақ ол Конституцияға да кезең-кезеңімен көптеген өзгерістер енгізіп отыруға тура келді. Мемлекеттік құрылыс, жүйе өзгеріске ұшырап жатқанда, мұнсыз еш болмайтын еді. Конституция қоғамда болып жатқан өзгерістерге жауап беруге тиіс. Сондықтан, сол жылдың желтоқсанында Жоғарғы Кеңес өзін-өзі тарқатты. Бір сөзбен айтқанда, заң шығаратын өкілеттілікті Президентке уақытша тапсырды. Сөйтіп, сол кездегі Мемлекет басшысы өз Жарлығымен қажетті заңдарды шығарып отырды. Әйтсе де, ол “заң” емес “заңдық күші бар Президент Жарлығы” деп аталды. 1995 жылы жетілдірілген Конституция жобасын әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. Президент жарлығы бойынша, ол халықтың мақұлдауына ұсынылатын болды. Шыны керек, бұл өте ерекше жағдай еді. Бұл демократияның нағыз көрінісі, халықпен санасу болатын. Ізінше, халық дауыс берді. Бұл 1995 жылдың 30 тамызы болатын. Міне осындай түрлі соқпақтардан өткен Ата Заңымыз бүгінде еліміздің айбыны мен қорғанына айналған.

Ата Заңда көрсетілген әр бөлім мен баптың орындалуын қадағалау прокуратура органдарына жүктелген. Қазақстан Республикасының аумағында заңның сақталуын қадағалауды жүзеге асыратын, сотта мемлекеттің мүддесін білдіретін және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын прокуратура органдары үшін Конституциялық нормалардың орындалуы маңызды. Прокуратура қойылған міндеттерге сәйкес азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және заңның үстемдігі үшін барлық күш-жігерлерін сала отырып, оны дамыту мен жетілдіруді көздейді. Прокуратура органдарының Конституциямен бекітілген өзінің функцияларына байланысты құқық қорғау органдары жүйесінде ойып алар орны бар.

Прокурорлық қадағалаудың орны мен рөлі өзгеріп, жаңа мазмұнмен толығып, отырғанын айта кеткен жөн. Прокуратура органдарының жұмысындағы басымдықтар Ата Заң нормаларына толық сәйкес келеді, ол жеке тұлғаны және мемлекет мүдделерін құқықтық қорғау прокуратура қызметінің негізгі міндеті болып табылады.

2022 жылы “Прокуратура туралы” Заң қабылданды.  Оның негізгі мақсаты – прокуратураның құқық қорғау қызметін жүйелі түрде күшейту, қадағалау мен заңдылықты нығайту. Заңның ережелері прокуратура органдарының құзыретін, қызметін ұйымдастыру мен тәртібін айқындайды. Олар мыналар:

прокуратура органдары қызметінің құқықтық негізі және олардың құрылымы;

прокуратура органдарының қызметі мен ұйымдастыру қағидаттары;

прокурорлардың өкілеттіктері;

жоғары қадағалаудың, мемлекет мүдделерін сотта ұсынудың, қылмыстық қудалаудың, өтініштерді қараудың шектері мен нысандары;

прокурорлар қызметінің құқықтық кепілдіктері.

Заң жобасы аясында Бас прокуратура өз құзыретіндегі мәселелер бойынша мемлекеттің мүдделерін шетелдік және халықаралық соттарда да білдіреді.

Прокурорлардың қадағалау функцияларын күшейту мақсатында прокурорлық қадағалаудың жаңа актісі – заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы түсіндіру енгізілді.

“Прокуратура туралы” Конституциялық Заңның республикалық референдумның қорытындылары бойынша, Ата Заңға енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленгенін айта кеткен жөн.  Яғни елдің құқық қорғау жүйесін жетілдірудің маңызды қадамы.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қылмыстық-процестік кодекске  азаптау істері шеңберінде ерекше юрисдикцияны анықтау бойынша түзетулер күшіне енді. Өңірде азаптауларға қарсы іс-қимыл аясында барлық қылмыстық қадағалау органдарында үздіксіз бейнебақылау орнатылып, өткен жылдың желтоқсанынан бастап Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметтік орындары мен уақытша ұстау изоляторының камералары кезекші прокурордың мониторына қосылды. Күдіктілерге қатысты заңсыз тергеу әдістерін қолдану фактілерін анықтау мақсатында прокурорлардың дереу жауап алу практикасы енгізілді. 

Қазіргі уақытта арнайы прокурорлар азаптау фактілері бойынша 4 қылмыстық істі тергеуде. Заңсыз шешімдерге прокурорлардың ықпал ету тиімділігі артты, заңсыз басталған 87 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды, 45 жеке тұлға және 1 бизнес субъектісінің қылмыстық қудалауға негізсіз тартылуына тыйым салынды. Қылмыстық қудалау органдарында заңсыз ұсталған 5 адам босатылды. Бизнесті қорғау саласында 2 қылмыстық іс бойынша кәсіпкерлердің мүлкіне шектеу салу фактісі және салық тексерулерін тағайындау туралы 4 шешім заңсыз деп танылды.

Прокуратура органдарының негізгі міндеттерінің бірі құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыспен күресті қамтамасыз ету бойынша қызметтерін үйлестіру болып табылады. Аталған функция Бас прокуратура және облыс прокуратуралары жанынан құрылған тұрақты жұмыс істейтін үйлестіру кеңестері шеңберінде жүзеге асырылады.

Жыл басынан бері өңірлік заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыспен күресті қамтамасыз ету бойынша үйлестіру кеңестерінің отырыстарында азаматтық қорғаныс, алименттік төлемдер, қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы туралы проблемалық сұрақтар қаралып, оларды шешуге бағытталған кешенді шаралар қабылданды.

Прокурор жұмысы қажырлы еңбекті талап етеді. Адамдар прокурорға бар үмітін артып келеді. Сол үміт отын өшірмей, барынша көмектесу, қиын кезде демеу жасау – біздің ең басты міндетіміз.

Бір күнде жүздеген арыз-шағым түсіп жатады. Әсіресе қылмыстық сала бойынша мәсе­лелер тез шешуді талап етеді. Өйт­кені адамның құқығын шектеуге жол бермеу – аса маңызды. Осы жауапты міндеттерді орындау үшін прокурор табанды, белсенді, білімді, алдына нақты мақсат қоя білетін, салиқалы әрі әділ, елмен тіл табысып жұмыс істей алатын, сындарлы жағдайда тез шешім қабылдай алатын қызметкер болуы тиіс.

Қайрат ӘБДІХАНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp