«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАСАРМАЙТЫН АЗАМАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас Қызылжар мен Қостанай өңірлерінің арасын жалғап жатқан тасжолдың кейбір бөлігі ғана жөнделген, шұрық тесік жерлері жетерлік. Сондықтан ойдым-ойдым тұстарына келгенде “темір тұлпарымыз” тұсаулы аттай адымын аша алмай қалады. Көлікте үшеуміз: тізгін облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаевта, жанында “Қызылжар” телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық және артқы орындықта мен отырмын. Біреуіміз “Ереке” деп қалсақ болды, қалған екеуіміз “Әу” деп жауап қатумен келеміз. Үш Ереке бір көлікпен көрші облыста өтуге тиіс жиынға бара жатырмыз.

Жол алыс. Оны қысқартудың бір ғана әдісі бар. Ерлан Бейсенұлының мамандығы журналист, мен де сол “ауылданмын”. Майын тамызып әңгі­ме айта алмасақ та, сұрақ қоюды, адамды сөйлетуді жақсы меңгерген­біз. Сондықтан кезектесіп Ерік Есім­ұлына сауал қоюмен ғана шектеліп ке­леміз. Айнала шоқтаса өскен қайың­ды орман. Ортасында айдын­ды көл­дер. Масағы дәнге толып, сәл ғана самал соққанға теңіздей толқып егін­ді алқаптар жатыр. Бір сөзбен айтқанда, көрген адамның көзі той­ғысыз көріністер. Мамлют ауданы­ның аумағынан өтіп, талай ұлылар­ды тудырған Жамбыл топырағына жеттік. Сол қолда он ша­қырымдай жерде академик жазушы Сәбит Мұқановтың атымен аталатын елді мекен. Одан әрі қарай Ғабит Мү­сіреповтің Жаңажолы. Қожаберген жырау мен Сегіз серінің Гүлтөбе-Ма­манайы сәл әріректе. Тура түссең Сафуан Шаймерденовтің кіндігі ке­сілген Амангелдіге тірелесің.

– Мен де осы Жамбыл ауданы­ның тумасымын ғой, Орталық деген ауылда туып-өстім, – деген Ерік Есімұлы әңгімені алыстан бастады. Атақты жерлесіміз, жазушы Иван Шухов 1949 жылы осы ауылға бар­ғанын керемет суреттеп жазған екен. Сол хикаясында мектеп бітір­ген он жеті түлектің жолдама алып, ары қа­рай оқуға кеткені айтылған. Тауық­тың жұмырқасындай аппақ үйлер, тап-таза көшелер жазушыны ерекше таңғалдырған сияқты. Сол кездегі көптеген қазақ ауылда­рын­ның кейпі мұндай емес еді.

Осы Орталықта 1960 жылы 1 қыр­күйекте Ерік Есімұлы да дүниеге кел­ген. Сабағы кілең төрт пен бес. Кітап­ты, оның ішінде көркем шығарма­лар­ды жата-жастанып оқитын. Алай­да мамандық таңдауға келгенде мүл­дем басқа салаға кетті. Алматы ха­лық шаруашылығы институтына тү­сіп, 1982 жылы жоғары білімді эко­номист атанды. “Адамның мінезіне араласқан ортасы ғана емес, туған то­пырақ та әсер ететін сияқты. Қожа­берген жыраудан бері қарай алған­ның өзінде талай ұлыларымыз туды ғой. “Болмасаң да ұқсап бақ, бір ға­лымды көрсеңіз” деп Абай ақын айт­пақшы сол киелі жерде өмірге келген кез келген бала сол тұлғаларға ұқса­ғысы келетіні анық. Мен де әдебиетке жақын болдым. Бірақ мамандық таң­дарда әкемнің айтқанынан асып кете алмадым”, – дейді Ерік Есімұлы.

Ерекең жоғары оқу орнын аяқтап келген соң қызмет баспалдағының бар­лық сатыларынан өтті. Еңбек жо­лын Тимирязев ауданындағы Хмель­ницкий кеңшарында бастап, Есіл және Ақжар аудандарының әкімі, об­лыс әкімінің орынбасары, Петропавл қаласының әкімі сынды қызметтерді абыроймен атқарды. Қазір мыңдаған еңбек адамының басын қосқан об­лыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Әңгімелесіп отырып, Қостанай об­лы­сының аумағына да келіп қалып­пыз. Жол бойында орналасқан Ақ­суат деген ауылдың жанынан өтіп ба­рамыз. Бұл ауылда қазақтың тұң­ғыш романына баланатын “Қалың малды” жазған Спандияр Көбеев дүние есігін ашқан. Туған жерінде жерленген. Із­деушісі болмағандық­тан ба зираты да елеусіз қалған екен. Жалпы қазақ­тың талай біртуар ұл­дарының есімі артынан іздейтін адам болмаған соң ұмытылды ғой. Алаш қайраткері Сма­ғұл Сәдуақа­совтың адал есімін елге қайтаруға, бір емес екі ескерткішін орнатуға Ерік Нұрақаев еңбек сіңіргені анық. Әңгімені осы бағытқа бұрдық.

– Ақжарға әкім болып келген ке­зім. Ардагерлер кеңесін Беруша Кә­рімұлы деген ақсақал басқарды. Ол кісінің шын есімі Берушіалла екен, құ­дай жоқ дейтін заман ғой, “алласын” құжат толтырушылар алып тастап­ты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Тұр­сынбек Кәкішев бастаған ғалым­дар жиналып, Алаш қайраткерінің туған жерінде ескерткіш ашуды ұйғар­ға­нын, тіпті Омбыда тұратын бір мү­сіншіге тапсырыс та беріп қой­ғанда­рын айтты. Алайда экономи­калық то­қырау басталып, артынан Ақжарды Көк­шетаудан алып, Солтүстік Қазақ­стан облысына қосып, іс аяқсыз қал­ған екен, – деп сәл кідірді. Тағы бірде жергілікті мектепте қырық жы­л сабақ берген ардагер ұстаз келіп, Смағұл Сәдуақасов туралы де­ректерді көр­сет­кен. Осы жайттардан кейін жас әкім Омбыда тұратын мү­сіншіні із­дейді. Ол салмағы бір тон­надай бо­латын ескерткішті сол кез­де-ақ дайын­дап қойыпты, арада жеті жыл өтіп кеткен. Ешкім іздеп келмеген соң, шаң басып қоймада жатыр екен. Мүсінді алып келіп, мәрмәр тастан жасалған тұғырға орнатады. Сол ес­керткіш аудандық әкімдіктің алдында әлі тұр. Кейіннен жанына Смағұл Сә­дуақасов атындағы мұра­жай ашылды.

– Алаш қайраткерлері сан қырлы болған ғой. Мәселен Смағұл Сәдуа­қасов бір жылдай Петропавлда білім саласы қызметкерлерінің кәсіпода­ғын басқарғаны туралы құжаттар та­былды. Өзім осы мекемеге жетекші­лік етіп отырғандықтан ғимарат ал­ды­на мүсінін қойғым келді. Бірақ аза­маттармен ақылдаса келе ескерт­кішті №2 мектептің жанына орнатуды ұйғардық. Себебі бұл білім ошағы Алаш қайраткерінің атына берілген болатын. Ескерткішті танымал мүсін­ші Қазыбек Сатыбалды жасады, – дейді ол.

“Елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден”. Ерік Есімұлының оқығаны экономика саласы болғанымен, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. Және кейбір басшылар сияқты “сен тимесең, мен тиме” деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Сол кездегі облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған қазақ тілі мұғалімдеріне үс­темеақы төлеу, өзге ұлт өкілдерін қа­зақша оқыту, оқушылар мен сту­дент­тер арасында шығарма, рефераттар байқауын өткізу сияқты болашағы­мыз үшін маңызды істерді үйлестірді.

Петропавлда қала күні мерекесі бұрын 12 шілде, яғни, әулие Петр мен Павелдің күні деп аталатын діни ме­рекемен бірге тойланатын. Рәсім­ге қатысушылар сырнайлатып-кер­ней­летіп қаланың көшелерімен шеру ұйымдастыратын. Зайырлы мемле­кет үшін жат осы бір үрдісті Ерік Есім­ұлы Петропавл қаласының әкімі бо­лып тұрған кезде тоқтатқанын біреу білсе, біреу білмес. Оның өзінде жо­ғарыдан әмір беру арқылы емес, бұл діни рәсім қалай пайда болғанын, қалай тойлануы керектігін зерттеп барып ұйғарым шығарған. Яғни крест көтергендер қала көшелерімен емес, шіркеуді айналып жүрулері тиістігін түсіндірген.

Бұдан бөлек, Ерекең қалаға кіре бе­рісте ескі славян қаріптерімен жа­зылған, көзге түрпідей тиетін “Петро­павловск” деген жазуды алдыртып тастағанын да айта кеткен жөн. Ал осы атауды мүлдем құртып, шаһарға Қызылжар есімін қайтарудың бір жолын тапқандай еді, жоғары билік­тегілер тарапынан қолдау болмай, аяқсыз қалғаны өкінішті. Ондағысы мемлекеттен қаржы бөлдіртіп, қала­ның салынуына негіз болды деп жүр­ген Петр мен Павел бекісін қалпына келтіріп, жан-жағын қоршап, былай айтқанда қаладан бөліп тастау. Семейде дәл солай істелінгенін білеміз. 

Ерік Есімұлын өзгелерден ерек­шелеп тұратын қасиеті – қарапайым­дылығы екеніне осы сапарда тағы бір рет көзім жетті. Төбесімен жер ті­реп тұрғандай төмендегілерге мұ­рын шүйі­ре қарайтын кейбір басшы­лар қызметінен түскен кезде абыройдан айырылып, елдің көзіне кө­рінуден ұя­лып жүретін жайттар көп қой. Ерекең болса – әлі сол биігінде, Алатаудай аласармайтын азамат. Жасы алпыс­тан асқан соң аға буын өкілдерінің қатарына кіріп, алқалы жиындарда ақыл айтып, жастарға жол көрсетіп жүр. Ұлт, тіл, дін мәсе­лелеріне арнал­ған шаралардың бі­реуінен де қалған емес. Зейнеткерлік жасқа жетсе де еліне, халқына берері әлі де мол.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp