Аумағы 4,5 мың шаршы шақырымды алып жатқан Тимирязев ауданы Қостанай облысымен және өңіріміздің Жамбыл, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандармен шектеседі. Ауданда 16 ауылдық округ бар. Тимирязево, Ақсуат, Дмитриевка, Комсомольское, Мичурино, Москворецкое сияқты ірі ауылдар ауданның дамуында үлкен орын алады.
60 жылдың ішінде ауданымызда көптеген өзгерістер орын алып, жаңа белестер бағындырылды. Биылғы мерейтой қарсаңында соның бәрін еске алып, жаңғырту аса маңызды. 1954 жылдың төртінші шілдесінде Октябрь ауданының аумағында Тимирязев кеңшары құрылды. Алғашында елді мекенге тың игеруге орай Целинный атауы берілді. Бұл ауыл 1963 жылы Тимирязев ауданының орталығы болып бекітілді.
1963 жылы Жоғары кеңестің бұйрығымен Солтүстік Қазақстан облысының аумағында жаңа аудан пайда болды. Оның құрамына Көкшетау облысының 2, Қостанай облысының 2, Солтүстік Қазақстан облысының 8 кеңшары кірді. Сол жылдары аудан аумағында Сулы және Ақсуат элеваторлары, Белоградов астық қабылдау пункті, теміржол бекеті, мұнай және көлік базалары жұмыс істеді. Осы сәттен бастап Тимирязев ауданының жаңа тарихы бастау алды. Дәл осы жылы алғашқы партия жиыны өтіп, ауданды басқару Петр Фомичевке жүктелді. Бюро пленумында аудандық атқару комитетінің төрағасы болып Жақсылық Ысқақов бекітілді. Алғашқы жылдары аудандық ұйымдар мен мекемелерді бір мақсат төңірегіне топтастыру оңай болған жоқ. Қызметкерлерге арналған пәтерлер мен кеңселер тапшы еді. Сол жылдарда қыстың суық болғаны, қардың қалың жауғаны жұмысқа кедергі келтірді. Алайда Жақсылық Ғабдоллаұлы іскерлік танытып, қол астындағылардың көмегімен жаңа ауданды аяққа тұрғызды.
Ауыл шаруашылығы саласы – ауданымыздың басты тірегі. Тың игеру жылдары бос жатқан жерге егін егу арқылы тимирязевтықтар зор табысқа жетті. Осы жылдары өз ісіне адал, еңбекқор жандардың буыны қалыптасты. Ауданға басшылық еткендер, ауыл шаруашылығының ұйымдастырушылары, кеңшар директорлары, агроном, инженер, механик, партия белсенділерінің есімдері аудан тарихында алтын әріппен жазылары хақ.
Аудан құрылғалы бері астық егумен қатар мал шаруашылығына да баса мән берілді. Аталған салада еңбек еткен азаматтар ауданымыздың атын күллі өңірге танытты.
Александр Демченко, Геннадий Блинов, Алексей Ермаков, Петр Демьяненко, Андрей Стукач, Вячеслав Нишов, Александр Балакин сынды кеңшар басшылары ауыл шаруашылығындағы зор жетістіктерімен көзге түсті.
Біз бүгінде жаңа елді мекендердің қазығын қағып, тың игеріп, ерлікке пара-пар еңбегімен үлгі болған жандардың ісін жоғары бағалаймыз. Олар елге қызмет етудің ерен үлгісін көрсетіп кетті. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ері Н.Гайдуков, еңбектегі ерлігімен көзге түскен Н.Очередько, 40 жылдан астам “Восход” кеңшарын басқарған Алексей Ермаковтарды атап өткен жөн. Ауданның арғы-бергі тарихында “Восходтан” танымал елді мекен болған емес. Кеңшар жұмысшылары жоспарды бірнеше есе артық орындап, үнемі алдыңғы қатардан көрінді.
Осы жылдар аралығында ауданға Петр Фомичев, Владимир Ганцев, Виталий Юдаков, Владимир Митронин, Құдайберген Қалиев, Михаил Трошихин, Владимир Колода, Төлеген Закарьянов, Болат Жұмабеков, Қайрат Қасенов, Еркін Базарханов, Ербол Сағдиев, Нұрлан Кеңесовтар басшылық етті.
60 жыл ішінде Тимирязев өңір экономикасындағы өз орнын айшықтап, астықты аудандардың біріне айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай ауданда астықты алқаптардың көлемі артып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі өсуде. Біз тек аграрлық қана емес, экономиканың өзге де салаларында айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Мектептер ашылып, жолдар салынып, жаңа фермалар іске қосылып, сауда үйлері қызмет көрсете бастады. Соңғы жылдары дене шынықтыру-сауықтыру кешені, жабық мұз айдыны, мәдени-сауықтыру орталығы ашылып, 9 ауылда су мұнарасы қолданысқа берілді. Аудан орталығындағы “Жастар” стадионы жөнделді.
Ауданның 60 жылының жартысынан көбі Тәуелсіздік кезеңіне сәйкес келеді. Егемендік жылдары да ауданда көптеген игі істер атқарылып, жаңа жобалар жүзеге асты. Әсіресе тарихи орындар табылып, өткен күннің құнды деректері анықталды. Тарихы терең Тимирязев ауданының жерінде небір батырлардың, сөз шеберлерінің, жез таңдай әншілердің ізі қалған. Ерте темір дәуіріне тиесілі “Қайран” ескерткіші, өткен ғасырдың басында Жарқын ауылының маңында болған саяси тұтқындарға арналған лагердің орны да өткен күннен сыр шертеді.
Бүгінде ауданда 9850 тұрғын бар. Олардың жартысына жуығы аудан орталығында тұрып жатыр. Аудандағы егістік көлемі – 258 мың гектар. Оның басым бөлігіне дәнді дақылдар, қалғанына майлы дақылдар мен көкөніс егіледі. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 61298 млн. теңге болса, соның 53579 миллионы өсімдік шаруашылығының үлесіне тиесілі.
Аудан аумағында ұзындығы 328 кимлометр автомобиль жолы бар. Оның 212-сінің аудандық маңызы бар, 38 шақырымы облыстық маңызы ие, 78-і республикалық маңызы бар жолдар. Тимирязев ауданы 182 километрге созылған су магистралі арқылы тіршілік көзімен қамтамасыз етіледі. Биыл ауданда жолдарды жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар істелуде. Аудан орталығынан бөлек бірқатар ауылдардың кіреберіс жолдары жөнделуде.
Ауданның денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларында жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мұның бәрі мемлекеттік қолдау мен тұрғындардың бірлігінің арқасында мүмкін болып отыр. Биылғы мерейтойға орай аудан орталығында да бірқатар игі істер атқарылды. Аталған жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер де өз үлестерін қосып, құрылыс жұмыстарына атсалысты.
Ерлан ЖАРОВ,
Тимирязев ауданының әкімі.