Оқушылар сарайында дәстүрлі тамыз кеңесінің қорытынды пленарлық отырысы өтті. Оған өңір басшысы Айдарбек Сапаров қатысты.
Шара телекөпір арқылы байланысқа шыққан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтау сөзімен басталды. Кейін сөз кезегі Премьер-Министрдің орынбасары– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға берілді. Ол жиналғандарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.
“Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы “Мектептің жаны – мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы” деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты”, – делінген Президенттің құттықтауында.
Тамара Босымбекқызы ұстаздар қауымын жаңа оқу жылындағы жаңалықтармен таныстырып, алда атқарылар тапсырмаларды нақтылады.
“Өткен жылғы оқу жылының 36 аптаға дейін ұзартылуына қатысты өз пікірімді білдірсем деймін. Бұл мәселеге қатысты қоғам тарапынан сын көп айтылды. Дегенмен оның әлемдік тәжірибеге негізделе отыра қабылданғанын мойындауымыз қажет. Мұндай жаңашылдықты енгізген кезде барынша тыңғылықты дайындық қажет етіледі. Алдағы оқу жылынан бастап 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін”, – деді елордалық мейман.
Жиында телекөпір арқылы сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бүгінде Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандырылып, педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес “Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы” жобасы әзірленуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға өспек.
Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде білім беруді дамытудың Жол карталарын жасаған. Мұнда білім жүйесінің барлық бағыттары, оның ішінде балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу шаралары қамтылған. “Балалар кітапханасы” жобасы қолға алынып, оның аясында мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыларымен толықтыру да жоспарлануда.
Сондай-ақ биылдан бастап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша назарға алынып отыр. Еліміздегі білім беру ұйымдарының 90 пайызы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылып, дабыл түймелерімен жабдықталған. Жаңа оқу жылында 1,5 миллионға жуық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Облыс басшысы Айдарбек Сапаров конференцияға белсенді қатысқан барлық педагогтар мен қонақтарға алғысын білдіріп, ұстаздар қауымына сәттілік тіледі.
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы Еламан Айбульдинов педагогтардың үздіксіз дамуының ұлттық платформасын әзірлеу процесіне баса назар аударды. Ол өзі жетекшілік етіп отырған орталықтың жұмысына жан-жақты тоқталды. Мектептерді тиімді дамыту режіміне көшіру тетіктері, заманауи педагогтардың жағдайы, олардың күнделікті кездесетін қиындықтары туралы сөз қозғады.
Жиын барысында сөз алған Қарағанды облысының оқу-әдістемелік орталығының, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мамандары сапалы білім алған оқушылардың адал, табысты болатынын, бұл ретте мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізді.
Тамыз кеңесі аясында өткен екікүндік пікірталастар негізінде отандық білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру үшін бірқатар ұсынымдар әзірленетін болады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.