Петропавлда “Ринг патшасы – 2023” атты бокс спортының ардагерлері арасындағы жарыс өтуде. Биыл турнирге 47 былғары қолғап шебері қатысып жатыр.
“Ринг патшасы” додасы өңірде осымен 6-шы жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. 4 күнге созылатын жарыстың салтанатты ашылуы Камиль Сафин атындағы бокс мектебінде өтті. Шараға жиналғандар турнирдің маңыздылығын атап өтті. Алдымен шаршы алаңға 63 килограмм санатындағылар шықты. Бірінші жекпе-жекте көкшетаулық Андрей Спиридонов пен павлодарлық боксшы Игорь Михайлов қолғап түйістірді.
– Менің жасым 66-да. Қарсыласым менен жас болған соң азулы боксшыға төтеп бере алмадым. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Келер жылы турнирде жеңімпаз атануға тырысамын, – деген Игорь Михайлов жарыстың бірінші кездесуінде есе жібергеніне еш өкінбейтінін жеткізді. Осы жолғы турнирге Қазақстанның қалаларынан бөлек, Ресей мен Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысуда.
“Ринг патшасы – 2023” атағы үшін боксшылар 6 салмақ дәрежесінде мықтыны анықтайды. Жекпе-жектер 3 раундтан тұрады, әрқайсысының ұзақтығы – 3 минут. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпазға 150 мың, күміс жүлдегерге – 100 мың және үшінші орын иегеріне 50 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. Финалдық кездесулер тамыздың 30-ы күні өтеді деп жоспарлануда.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.