Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 133-бабына сәйкес жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті. Бұл ретте, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақтар еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу үшін негіз болып табылады.
Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар жұмыскерлерге еңбекке қабілетсіздіктің бірінші күнінен бастап жұмысқа қабілеттілігі қалпына келген күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленетінін атап өткен жөн.
Сонымен қатар еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы:
1) заңды күшіне енген сот үкімі бойынша кінәлі екендігі анықталған жағдайда, өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде алған өндірістік жарақаттарының салдарынан еңбекке уақытша қабілетсіздігі туындаған жұмыскерге;
2) соттың ұйғарымы бойынша жұмыскерді мәжбүрлеп емдеген (психикалық науқастардан басқа) уақыт үшін;
3) заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен жұмыскердің кінәлі екені анықталған жағдайда, ол қамауда болған және сот-медициналық сараптама жасалған уақыт үшін;
4) жұмыскер алкогольді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынуы салдарынан туындаған аурулардан немесе өндірістік жарақаттардан еңбекке уақытша жарамсыз болған кезде;
5) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен сәйкес келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін;
6) жалақысы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін;
7) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін төленбейді.
Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 4-1-бабына сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген тұлғаларды және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерін қоспағанда, жұмыскерлердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері оның орташа күндік жалақысын еңбекке уақытша қабілетсіздік кезеңіне келетін жұмыс күндерінің санына көбейту арқылы айқындалады.
Жұмыскердің орташа күндік жалақысының мөлшері осы Кодекстің 114-бабының 3-тармағына сәйкес есептелінген орташа жалақысы есебінен айқындалады, атап айтқанда, осы кодексте көзделген орташа жалақыны айқындаудың барлық жағдайлары үшін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган оны есептеудің бірыңғай тәртібін белгілейді.
Егер еңбекке уақытша қабілетсіздік алдыңғы жылы басталып, үстіміздегі жылы аяқталса, онда еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері және оның мөлшерін айлық шектеу алдыңғы және үстіміздегі жылдардағы айлық есептік көрсеткішті қолдана отырып айқындалады және алынған сомалар бөлек жинақталады.
Жұмыста мертігуіне немесе ауруға шалдығуына байланысты жұмыскерлерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген тұлғаларға және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, сондай-ақ, шетелде болу кезеңінде шетелдік валютамен жәрдемақы алатын дипломатиялық қызмет мамандарына төленетін жәрдемақы мөлшерін қоспағанда, еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша бір айға төленетін әлеуметтік жәрдемақының мөлшері тиісті жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің жиырма бес еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша оған теңестірілген тұлғаларға және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшері жалақының жүз пайызын құрайды.
Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және төлеу тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
Жұмыс берушілер жұмыскерлерге осы баптың 4-1-тармағында белгіленген еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне қосымша төлемдер белгілеуге құқылы.
Аида ӘБДІРАХЫМОВА,
облыстық еңбек инспекциясы басқармасы еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің бас маманы-мемлекеттік еңбек инспекторы.