«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ырыс пен ынтымақтың мекені

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

60 жыл жұмыр басты пенде үшін өмірдің бел ортасынан асатын үлкен кезең болса, қарт тарих үшін қас қағым сәт сияқты. Осынша уақыт ішінде ел жаңарып, бірнеше буын ауысады. Құндылығын жоғалтқан ескінің бәрі ұмытылып, тарихқа айналады. Кең даламыздың төсіне жаңа құрылыстар салынып, талай еңбекқор ағайын қара жерге дән себеді. Соңғы 60 жылда Тимирязев ауданының тұрғындары осының бәріне куә болып келеді. Аталған ауданның бар тарихы осы уақытқа сыйып тұр.

– Баршаңызды елдік пен ерлік­тің, ырыс пен ынтымақтың мекені – Тимирязев ауданының 60 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Ұш­қыр уақыт бөгелу дегенді білмейді. Айды айға, жылды жылға жалғап зы­мырап өтіп жатыр. Оны біз өткізілген істерге қарап бағалаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, артта қалған 60 жыл тимирязевтықтар үшін өсіп-өркендеу, кемелдену кезеңі болды. Тәуелсіздік жылдары бұл өңірде үлкен өзгерістер орын алды. Сіздер мемлекеттік бағдарламаларды жү­зе­ге асыруда зор күш-жігер таны­тып, уақыт ұсынған аса күрделі мін­деттерді ойдағыдай атқарып келе­сіз­дер. Бүгінгі таңда Тимирязев ау­данының аты тек астығымен ғана шы­ғып отырған жоқ. Мұнда шағын және орта бизнес те дамып келеді. Ауданның арғы-бергі тарихы айту­лы оқиғаларға бай. Осы ретте дала­ның төсіне қазығын қағып,  тынысын ашып, әлеуетін арттырған тың иге­рушілерге құрметіміз зор. Ауданның серпінді дамуына атсалысып, түрлі салада қызмет атқарған бүгінгі ар­дагерлерімізге алғыс айтуымыз ке­рек. Қол жеткізген жетістіктердің бар­лығы адамдардың достығы мен бір­лігінің арқасында мүмкін болып отыр, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Тарихы тереңге тартқан Тимиря­зев ауданы өзінің белгілі тұлғалары­мен де танымал. Бұл далада атақты Сары, Сүйір, Меңдеге батырлар, се­рілердің серкесі Сегіз сері Баһрам­ұлы жерленген. Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың атажұрты да осы аймақ. Қаламгер туып өскен Дос көлі мен Жаманшұбар Тимирязев ау­данының аумағына кіреді. Сәбит Мұқановтың өз ата-анасының басы­на орнатқан құлпытасы да тағылым­ды тұлғаның ата-жұртына, өскен елі­не деген сүйіспеншілігінің белгісін­дей әлі мызғымай тұр. Тимирязев ауданындағы тың көтеру жылдары жайлы жазушы өз естеліктерінде бы­лай жазыпты: “1954 жылы, бүкіл қа­зақ даласына қосыла, Дос жайлауы­ның да тыңы көтеріле бастады. Жа­маншұбардың нақ іргесіне, Доку­чаев есімді астық совхозы орнады. Осы совхоздың алғашқы адамдары­мен бірге барып, қар кеткен шақта зиратты көрсем, əкем мен шешем­нің қабырлары арасына қаққан кəрі жілік, жерден жоғарғы жағы аппақ күмістей боп, жерге кірген жағы — алтындай сап-сары боп əлі сол қал­пында тұр екен. Содан кейін Моск­ваға барған бір сапарымда, “Ново­девичье кладбище” аталатын зират­тың шеберлеріне əке-шешеме ар­нап, қара граниттан құлпытас жа­саттым да аты-жөндерін, бір бетіне қазақша, бір бетіне орысша жаздыр­дым, ол тасқа қоршау боларлық шар­бақты Алматы заводында шөгеннен құйдырдым: 1955 жылдың жазында əке-шешемнің басына осы ескерт­кішті орнаттым да, “бұны енді сақ­тайтын ұл-қыздары сендерсіңдер” деп, шарбақ есігінің кілтін Докучаев совхозына туысқан халықтардан кел­ген жұмысшылардың қолына та­быс еттім”.

Об­лыс әкімі ауданда ат­қарып жатқан істермен танысып, бірқатар нысандарды аралады. Ең алдымен меймандарға аудан ор­тал­ығы­ның алаңы орталық таныстырылды. Ме­рейтойға орай алаң жөн­деліп, қайта жаңарған екен. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Рама­за­новтың сөзінше, жаңарту жұмыс­та­рына 150 млн. теңгеге жуық қара­жат жұмсалған. 

Аудандағы инфрақұрылым мә­се­лелері де біртіндеп шешіліп келе­ді. Биыл бірнеше ауыл мен Тимиря­зево елді мекенінің жолдарын жөн­деуге қомақты қаржы бөлінген.

– Тимирязево ауылындағы жол­дар­ды жөндеуге арналған жоба екі жылға шақталған. Биыл облыстық бюджеттен 391 млн. теңге бөлініп, Комсомол, Плетнев, Өтеубаев, Ша­талов, Шухов көшелерінде жөндеу жұмыстары тамамдалды. Жауапты жұмыс “Нұрлы Жол-7” серіктестігіне жүктелген, – дейді Тимирязев ауда­ны әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанов.

Мерейтойдан жергілікті кәсіп­керлер де шет қалмай орталық саябақ салуға өз үлестерін қосқан. Мамырда басталған құрылыс жұ­мыстары атаулы күнге орай аяқта­лып отыр. Саябаққа 40 шам орнатылған екен. Қазіргі уа­қытта осы маңда балалар ойын ала­ңының құрылысы жүріп жатыр.

Құрметті қонақтар Мәдениет үйінде орын тепкен тарихи-өлкетану мұра­жайына да барып, өткен күннен сыр шертетін жәдігерлермен танысты. Биыл аталған музейдің жабдық­талуына 8 млн. теңге жұмсалған. Онда аудан құрылғаннан бастап, ел басқарған еңбегімен көзге түскен жандар жайлы деректер, аудан­ның тарихи орындары жайлы мәлі­меттер жинақталған. Өзге нысандар сияқты биыл аудан орталығындағы стадион да жөндеу көріп, жаңа кейіпке еніпті.

1963 жылдан бері ауданның да­муына үлес қосып, еңбегімен үлгі болған азаматтарды тимирязевтық­тар ыстық ықыласпен еске алады. 60 жыл ішінде бұл жерден талай еңбек озаттары, Еңбек Ерлері, “Еңбек Қызыл Ту” орденінің иегерлері шық­ты. Мұндағы іске шебер жұртшылық талай жылдар облыс қамбасын ас­тыққа толтырып, елді азық-түлік өнімдерімен қамтып келеді. Аудан ашылған сәттен бастап осы істердің басында Жақсылық Ысқақов, Вла­димир Ганцев, Ахмағамбет Базаб­баев, Балташ Тұрсынбаев, Сағын­дық Ақжігітов сынды аға буын өкіл­дері жүрді. Салтанатты кеште олар­дың елге сіңірген еңбектері жайлы айтылып, біразына марапаттар та­бысталды. Мерейтоға орай облыс әкі­мінің Құрмет грамотасымен “Өмір” шаруа қожалығының басшы­сы Барадин Чочуев, “Жаңа-Есіл жол қашықтығы” бригадирі Дәнекер Зұл­қарнаев, “Есей Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механиза­торы Нұрлыбек Сұлтанов, “Москво­рецкое” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Жақ­сылық Сұлтанов марапатталды. Со­нымен қатар бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты мен “Ти­мирязев ауданына 60 жыл” мерей­тойлық медалі табысталды. Ал Құ­дайберген Қалиев, Төлеген Закарья­нов, Виктор Дрегер, Николай Габов, Қайырбек Хамзин, Сайран Байда­ли­наларға “Тимирязев ауданының құрметті азаматы” атағы берілді. Со­нымен қатар облыс әкімі аудан спортшыларына “Газель NEXT” мар­калы көліктің кілтін табыс етті.

Кейін мінберге “Ауыл шаруашылығы ардагерлері бірлестігінің” өкілі Михаил Троши­хин шығып, жиналғандарды құттық­тады.

– Ауданымыз ұзақ жылдар бойы астық өсіруден алдыңғы қатардан көрінді. Осы іске өз үлестарін қосқан Құдайберген Қалиев, Болат Сағын­дықов, Хамит Исаев, Сайлау Жолды­аяқовтарды атап өту керек. Мем­ле­кеттік қызметке бар ғұмырын арна­ған Жүсіп Баширов, Өмірбай Ома­ров, Екатерина Ерафеева бастаған ар­дагерлердің еңбегі ерен. Бүгін со­ның бәрін еске алып, адал еңбекке лайықты бағасын беретін, өткенді қорытындылап, болашаққа бағдар жасайтын күн, – деген ол “Ауыл ша­руашылығы ардагері” медалімен 3 ар­дагерді марапаттады.

Одан әрі салтанатты шара ау­дан өнерпаздары мен Ақан сері атындағы облыстық филармония әр­тістері әзірлеген конверттік бағдар­ламаға ұласты. Мерекелік шаралар легі түнге дейін жалғасып отшашу­мен аяқталды. Аудан тұрғындары үшін эстрада жұлдызы Нұрлан Аб­дулин, “Тропикано” тобы әсем ән шыр­қап,  отты шоу көрсетілді.

Стадион алаңында ұйымдастырылған спорттық ойындар да мерей­тойдың көркін кіргізді. Мұнда таң ат­қалы бері қазақша күрес, волейбол, футбол, гір көтеру, қой көтеру, жілік ұру, арқан тартудан сайыстар өтті. Бұл сайыстардың бәріне жалпы 150-дей спортшы қатысты. Олар­дың арасында тек аудан тұрғында­ры ғана емес, өзге елді мекендер мен облыстардан келгендер болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық сайыстардың жүлде қоры 1,5 млн. теңгеге жетіпті. Бұдан бөлек таң атқаннан орталық алаңда балаларға арналған ойын-сауық ша­ралары, сабаннан жасалған қол­өнер бұйымдарының көрмесі, ашық аспан астында музей ашқан Виктор Дрегердің кемесінің көрсетілімі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕРДЕ: мерекелік іс-шарадан көріністер.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp