Петропавлда “Қызылжар – 2023” жартылай марафоны өтті. Спорттық шара Ата Заң күніне орайластырылып, оған 300-ден астам адам қатысуға ниет білдірді.
Пестрое көлі жағалауынан бастау алған жартылай марафонда салауатты өмір салтын ұстанғандар жас ерешеліктері бойынша 5, 10 және 21 шақырымдық қашықтықты бағындырды.
– Биыл мемлекеттік мереке қарсаңында жартылай марафон ұйымдастыруды жөн деп санадық. Ерлер өз араларында, қыздар өз араларында мықтыны анықтады. Жарыста жас санаттары бойынша жүлдегерлер белгілі болды. Шараға 15 пен 60-тан жоғары жастағылар белгіленген қашықтықтарды бағындыруға тырысты. Қуантарлығы, жыл сайын қатысушылардың қатары артып келеді, – дейді облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Сергей Мелехов.
Бұдан бөлек, биылғы жартылай марафонда скандинав жүрісі бойынша жарыс өтті. 5 шақырымдық қашықтыққа шыққандар арасында да жеңімпаздар анықталды. Бұл сында ерлер қатарында Степан Костылев алтын жүлдеге қол жеткізсе, Дмитрий Мец күміс медальға ие болды. Үздік үштікті Валентин Лямкин қорытындылады. Қыз-келіншектер арасында Любовь Шахян топ жарса, Антонина Шершнева екінші орынға табан тіреді. Евгения Холодных үшінші сатыға жайғасты.
Ал 21 шақырымдық жартылай марафонда ерлер арасынан жеңіс тұғырына Вадим Левченков көтерілсе, Азат Назыров екінші, Александр Беспалов үшінші орынды місе тұтты. Әйелдер арасында Диана Асауова алтын, Асым Назырова күміс және Екатерина Романова қола жүлдегер атанды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.