Бүгінде көп нәрсе өзгерді ғой, соның бірі – тарихқа көзқарас. Мәселен, кеңестік кезеңде Әбілқайыр хан “қазақтардың Ресейге өз еркімен қосылуына” зор еңбек сіңірген хан ретінде айтылатын. Ал Әбілқайыр хан мен патшалық Ресей арасындағы келісімге келер болсақ, қазақ ханы орысқа бодандыққа ант бермеген. Оның сөздерін Ресей патшасына жеткізгендер бұрмалап, “қол астыңа ал” дегендей мағынаға өзгерткен. Соның кесірінен кешегі күнге дейін Әбілқайыр қазақтың тәуелсіздігін орысқа сатқандай көрінетін. Бірақ қазір бәрі анықталды: ханның хатының түпнұсқасы табылды. Әбілқайыр хатын орысшаға аударғандардың бүлдіргендері тексеріліп, көрсетілді. Ал көркем әдебиетте бұл үрдіс Әбіш Кекілбайдың “Үркер” романынан басталғанды.
Шынтуайтына келгенде, Әбілқайыр – өмір бойы аттан түспеген қазақтың жауынгер ханы. Әлгі хатын жазғаннан кейін де Әбілқайыр ат белінен түспей, шекарадағы орыс-казактармен, қалмақтармен соғысып өткен. Абылайдың кезінде ол жасы келген адам болатын, дегенмен Абылайдың өзі оны өте құрметтеген.
Әрине еркіндігіміз қолға тигеніне 30 жылдан астам уақыт өтті, неге тарихымызды тез жазып бітіре салмаймыз деу артық болар. Қазақ ғалымдары да зерттеу жүргізіп жатыр. Қаншама ғасырлық тарихты аз ғана жылдың ішінде түгендеп, мәліметтерді саралап, зерттеп, жазып шығу оңай бола қоймас. Десек те, тарихшы ғалымдардың еңбектерінің арасында халықтың кәдесіне жарап жатқаны аз емес. Б.Кәрібаевтың “Қазақ хандығының құрылу тарихы”, Т.Омарбектің 30-жылдардағы аштық, М.Қойгелдінің Алаш зиялылары туралы зерттеулері халықтың қолына тиіп, кәдесіне жарап жатыр. Енді тарихшыларымыз Алтын Орда мемлекетінің тарихын зерттеуге бет бұрып жатқан көрінеді. Бұның бәрі дұрыс бағыт, игі қадам. Осыны жастар оқыса деймін.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы.