Біздің өңірімізде тұрғындарды тарихи, құнды мұралармен таныстырып, өткен күндерді көңіл көкжиегіне қонақтататын мәдени орындар аз емес. Солардың бірі ретінде “Абылай хан резиденциясы” музей кешенін айтуға болады. Жуырда руханият ордасы өзінің 15 жылдығын атап өтті. Оның аясында қала тұрғындары мен алыс-жақын өңірлерден келген меймандарға “Ордасы ұлы Абылайдың” деген атаумен көрме ұсынылды.
Қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын Абылай ханның ғұмыры түрлі қиындықтар мен жұмбақтарға толы. XVIII ғасырдың 30-40-жылдары Қазақ мемлекеттілігінің жандануы Абылай ханның есімімен байланысты. Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы аса көрнекті қайраткерлердің бірі Абылай хан ақылды саясаткер, сауатты дипломат, дарынды қолбасшы болған. Оның негізгі міндеті Қазақ хандығын сақтап қана қоймай, оны нығайту болды.
Абылай хан – 1771-1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Абылай онымен қоса Ұрыс хан, Барақ хан, Әз-Жәнібек хан сияқты билеушілердің тікелей ұрпағы. Абылай хан қазақ тарихындағы бірегей тұлға Кенесары ханның атасы. Абылай ханның шын есімі – Әбілмансұр. Ол – Көркем Уәли сұлтанның ұлы, Барақ ханның 9-шы ұрпағы. Көрмеге келушілер осы және өзге де ақпараттарға қанықты.
Сөрелердегі жәдігерлер өмірі ат үстінде өткен тұлға ғұмыр кешкен заманнан сыр шертеді. Мұнда жерлестеріміз бен қала қонақтары үш жүздің басын қосқан Абылай ханның және Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан, ел билеген өзге де қайраткерлердің өмірі туралы тұщымды ақпараттар ала алды.
– Қазақ хандығының негізін Жошының ұрпақтары Керей мен Жәнібек қаласа, ел тізгінін Қасым, Хақназар, Есім хандар ұстаған кезде хандық дамып, шекарасы айқындалды, заңдар жүйесі дамыды. Шыңғыс ханның 18-ұрпағы Абылай Қазақ хандығының соңғы билеушісі (ханы) болған. Өйткені, еліміздің одан кейінгі шежіресі Ресей империясының қол астында өрбіді, – деді музей маманы Гүлнар Жұмабекова.
Мәдениет ордасы қызметкерлеріне мұндай көрмелерге мектеп оқушылары мен студенттерді көптеп шақырып, олардың қазақ тарихын оқып білуге деген ынталарын ояту ұсынылды.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.