Облыстық полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысында полицейлер мен қоғам белсенділері жалпы білім беретін мекемелерге жақын жердегі жасанды кедергілерді орнату мәселелерін талқылады.
Департамент бастығы Айдын Қабдұлдинов атап өткендей, жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтау және профилактикалық әңгімелер жүргізу жеткіліксіз, барлық мүдделі тараптардың жұмысына кешенді көзқараспен қарау қажет.
Үстіміздегі жылдың жеті айында облыс жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 44 жол-көлік оқиғасы тіркелген, онда 3 бала қаза тауып, 48-і әртүрлі дәрежедегі жарақат алды. Петропавл қаласының аумағында 41 жалпы білім беретін және 35 мектепке дейінгі мекеме орналасқан. Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов атап өткендей, жуырда полиция қызметкерлері балалар мекемелеріне іргелес көшелерге тексеру жүргізген. Қазіргі уақытта Петропавл қаласында тек 19 учаскенің жасанды кедергілермен жабдықталғаны анықталды.
Серік Әлжанов кеңес мүшелеріне мониторинг нәтижелері туралы айтып берді. Әкімшілік полиция жыл басынан бері автожолдарды күтіп ұстауды мемлекеттік қадағалау шеңберінде 1456 тексеру жүргізген, оның барысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне теріс әсер ететін 3840 ақау анықталып, кемшіліктерді жою жөнінде 778 нұсқаулық берілген.
Кеңесте балаларды сабаққа әкелетін ата-аналардың көліктеріне арналған автотұрақтарды ұйымдастыруға назар аударылды, полицияның модульдік бекетін Қ.Байболов көшесінен “Береке” саябағына көшіру мүмкіндігін зерделеуді және интернет-алаяқтықтарды ашу мен алдын алу жөніндегі жұмысты жандандыру ұсынылды.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы.